Айбын • 03 Мамыр, 2024

Ерлік сағаты

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аты аңызға айналған партизан, атақты барлаушы, соғыс ардагері, Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтің туғанына 106 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебі кітапханасында 4-оқу ротасы 4-взвод ұландарының қатысуымен «Аңыз адам Қасым Қайсенов» атты танымдық сағат өтті. Іс-шараның мақсаты – ұландарға батырдың өшпес ерлігін үлгі етіп, Отан қорғауда ержүрек, батыл, адал болуға тәрбиелеу.

Ерлік сағаты

Батыр 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауда­нын­да туған. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірген. Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде оқиды. Сол жылы Украина жерінде партизан жасағын құру үшін жау тылына аттанады. Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші жасағын басқарады. Одан кейін 1944 жылдың аяғына дейін Молдавия, Украина, Чехословакия, Румыния жеріндегі партизан қозғалыстарына қатысады. Жау тылында жүздеген жорықты басынан өткереді. Батыр Киев және Полтава облыстарындағы партизандар қозғалысын алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. «Отан» орденімен, ІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденімен, І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, көптеген медальмен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қ.Қайсенов соғыстан соң қаруын қаламға айырбастап, жауынгерлік, ерлік жорығын көркем сөзбен кестеледі, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалады, 30-ға жуық кітаптың авторы. А.Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды.

1995 жылғы 9 мамырда Президент Жарлығымен Қасым Қайсеновке елі­міз­­дегі ең жоғары награда – Халық қаһар­ма­ны атағы берілді.

Кеш барысында Қасым Қайсеновке арналған слайдтар, кітап көрмесі, фото­көр­мелер ұйымдастырылып, «Қасым» атты көркем фильмнен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ 4-рота ұландары батырға ар­нал­ған өлең-шумақтарын оқып, кештің көр­кін қыздырып, әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.

Батырлық пен ұлттық намыстың үлгісі іспеттес Қасым Қайсеновтің ерлігі және қаламгерлігі ешқашан ұмытылмайды.

«Бүгінгі күн – ең жарық күн, алып күн,

Күллі әлемге ерлігіңді таныттың,

Қасым батыр – Батырлардың батыры,

Қаһарманы халықтың!» – деп ақын жырлағандай, Қасым Қайсеновтің ерлігі мен шығармашылығы ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, мәңгі жасай береді.

 

Айкен ОСПАНҚҰЛОВА,

республикалық «Жас ұлан» мектебінің қызметкері

 

ШЫМКЕНТ