Үкімет • 03 Мамыр, 2024

Цифрлық әлеует – зияткерлік жолы

43 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Цифрлық әлеует – зияткерлік жолы

Транзиттік мүмкіндігіміз артады

Отырыс барысында Қызыл­орда облысынан сайланған Сенат депутаты Наурызбай Байқа­дамов ант берді. Сондай-ақ ол Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды. Айта кетейік, Наурызбай Бай­қадамов бұған дейін Мемлекет бас­шы­сының Жарлығымен Қазақ­стан Республикасының Ден­сау­лық сақтау министрі болып та­ғайын­далған Ақмарал Әз­назарова­ның орнына сайланды.

Бұған қоса, өтінішіне байланыс­ты сенатор Амангелді Нұғманов Ха­лық­аралық қатынастар, қорға­ныс және қауіпсіздік тұрақты ко­ми­тетінің мүшесі болып сайланды.

Отырыста депутаттар екі заңды қарап, мақұлдады. Оның біріншісі – «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификация­лау туралы» заң болса, екіншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвес­тициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.

Бірінші заң бойынша хаттама Қытай Халық Республикасына мұнай тасымалдау мәселесі бо­йынша екі ел арасында жасалған келісім нормаларын өзектендіруге арналған. Нақты айтқанда, тасымалданатын мұнайдың көлемі және транзиттің тарифтері мен мерзімдері қайта қаралды. Енгі­зілген өзгерістер елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Ал екінші заң операторлардың байланыс инфрақұрылымына, оның ішінде әкімшілік ғимарат­тарға, талшықты-оптикалық бай­ланыс желілерін және ұялы байланыс құралдарын орналастыруға арналған өндірістік нысандарға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, желі­лер мен коммуникациялық нысан­дарды салу үшін қоғамдық сервитуттар белгіленеді. Мұндай қадам магистралдар бойындағы байланыс қызметтерін сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді және байланыс операторларына инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға, сондай-ақ оларды саланы дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.

 

Цифрлық қызметтер қолжетімді болуға тиіс

Несиелік бюро арқылы банктік несие немесе микронесие алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу немесе жою мүмкіндігі – заңда қарастырылған тағы бір маңызды өзгеріс екенін атап өткен жөн.

«Ақпараттық технология за­манында сапалы цифрлық қыз­меттер барлық азаматқа бірдей қолжетімді болуға тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Осыған байланысты Парламент депутаттары бүгін қаралған ауқымды түзетулер топтамасын әзірледі. Бұл заң байланыс нарығын, сондай-ақ цифрландыруды дамыту және ақпараттандыру саласына инвестиция тарту мәселелерін қамтиды. Бірқатар түзету ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану аясын кеңейтуге арналған. Сонымен қатар алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғыз­бауға бағытталған нақты шара­лар қарастырылды. Жалпы, мақұл­данған заң сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерін ұсынуға және Қазақстанның цифрлық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Тасқыннан қорғану тетіктері

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Андрей Лукин әкімдіктер тарапынан өңірлерді су тасқынынан, жаңбырдан және еріген қар суынан инженерлік қорғау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтты. Осы­ған орай сенатор алдағы уақыт­та мұндай төтенше жағдайлардың ал­дын алып, уақтылы еңсеруге сеп­­ті­гін тигізетін шараларды атап өтті.

«Су тасуына негізгі факторлар да ықпал етті. Оған қардың уақ­тылы шығарылмауы, айналма арналар мен бөгеттердің жеткілікті салынбауы, гидротехникалық құры­лыстар жағдайының әлсіздігі, олардың гидрология мен судан қорғауды есептемей салынуы, су өткізу құрылыстарының тазаланбауы, жаңбыр кәрізі мен арық желісінің болмауы және т.б. жатады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүргізу, дағдарыс жағдайларын басқару сияқты қызметтің негізгі бағыттары бойынша төтенше жағдай қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалану қажет болып отыр», деді депутат.

А.Лукин Үкіметке Төтенше жағ­­дайлар министрлігінің байла­ныс жүйесін дамыту мен жұмыс іс­теудің бірыңғай техникалық сая­сатының негізгі бағыттарын әзір­­­леуді ұсынды. Сенатор сон­дай-ақ қазіргі заманғы ақпарат­тық ин­фра­құрылымды қалыптас­тыру­дың маңызын және соның негізін­де тө­тенше жағдай туындағ­ан кезде ал­­­дын алу, болжау, күш­тер мен құ­­рал­­дарды басқару жөнін­дегі жұ­­мыс­­­тарды жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі уақытта Төтенше жағ­дайлар министрлігіндегі ақпа­раттық инфрақұрылымның жай-күйі өзекті мәселелерді шешу жөнінде түбегейлі шара­лар қабылдауды талап етеді. Бірін­шіден, бұл министрлік қыз­метінде прогрессивті және қажет­ті технологияның болмауы. Екін­шіден, байланыс құралдары, өтініштерді тіркеу құралдары, сондай-ақ күштер мен құралдарды басқару саласында бірыңғай саясаттың болмауы. Осыған байланысты мәселелерді шешу үшін байланыс жүйелерін, ақпараттық жүйелерді бірыңғайлау, сондай-ақ қаржыландыруды талап ететін біркелкі ақпараттық платформаны енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», деді сенатор.

 

Геологиялық барлауға қосымша қаржы керек

Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов геологиялық барлау саласын толықтай өзгерту үшін саланы қаржыландыруды арттыру қажет деп есептейді. Ол ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржылан­дыру саласындағы міндеттемелер аясында бөлінген қаражаттың 50 пайызын жер қойнауын пайда­ланушылардың геологиялық барлау ісіне пайдалануды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, инвес­торлар еліміздің жер қойнауын зерттеуде шешуші рөл атқарады, бірақ инвестициялық тәуекелге бай­ланысты олардың ынта-ықы­ласы алысқа ұзамайды. 2003-2023 жыл­дар аралығында елімізде геоло­гиялық барлауға 640 млн доллар бюджет қаржысы бөлінген, бұл басқа елдерге қарағанда едәуір аз. Ағымдағы ре­сурс базасының сарқы­луы да са­ланы тежейтін фактордың бірі. Гео­логиялық барлау жұмысының көле­мі аз болған жағдайда алынатын қор орнының толмауы, оның көлемінің азаюы және сапасының нашарлау үрдістері анықталып отыр.

Сенатор сонымен қатар қазір­гі уақытта республикалық геоло­гия­лық қорларда 4,5 миллионнан астам геологиялық есептер сақта­латынын атап өтті. Алайда жер қойнауын пайдаланушылар деректерге қол жеткізудің қиын­дығына байланысты қажетті ақпа­ратты алуға 3 айға дейін уа­қыт жұмсайды. Ал minerals.gov.kz бірыңғай платформасы қажетт­і талапқа сәйкес келмейді және нақ­тылауды қажет етеді. Демек гео­логиялық ақпарат бар, бірақ оны пайдалану мүмкін емес. Сонымен қатар геологтер, инженерлер және т.б. білікті кадрлардың тап­шылығы да байқалады.

«Экономиканы дамыту негізі­нің бірі ретінде геологиялық саланы нақты трансформациялау жөнін­де шаралар қабылдау қажет. 2025-2027 жылдарға арналған рес­пуб­ликалық бюджетті қалыптас­тыру кезінде бұл мәселені қарас­тыру аса маңызды. Ресурстық базаны дамыту аясында металдардың неғұрлым сұранысқа ие санаттары бойынша басымдық беру қажет. Кері байланысты ескере оты­рып, жер қойнауын пайдалану­шылар­дың бірыңғай платформасында жинақталған тарихи геология­лық ақпаратты цифрландыруды аяқтау, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конс­трук­торлық жұмыстарды қар­жы­лан­дыруға бөлетін қаржысы­ның 50% пайдалану мәселе­сін қарау керек», деді Ш.Бұқтұғұтов.

 

Су тапшылығы артып келеді

Жанболат Жөргенбаев Барто­ғай су­қоймасының, Үлкен Алматы, Күр­ті, Қорам және Киікпай су арна­­ларының әбден тозығы жет­ке­ніне назар аударды. Сондай-ақ сена­тор су ресурстарын басқару сала­сын­дағы, оның ішінде жаңа Су кодексі аясындағы мәселелерді ше­шу­ге арналған бірқатар шараны ұсынды.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміз тиімсіз басқару мен ескірген инфрақұрылымның сал­дарынан су ресурстары сала­сын­да елеулі қауіп-қатер­ге тап болып отыр. Бұл еліміздің эконо­микалық және әлеуметтік дамуы­на кері әсерін тигізеді. Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіп­те және коммуналдық шаруашы­лық­та едәуір шығындарға байланысты 2030 жылға қарай су тапшылығы жылына 23,2 текше шақырымнан асады деп болжанып отыр.

«21 министрліктің 11-і су ресурстарын басқару саласында тікелей өкілеттіктерге ие. Аталған 11 министрліктің қазіргі жағдайы мен құзыреттіліктерінің бөлшектенуі су ресурстарын басқару саласындағы саясаттың жетіл­мегенін, бірыңғай тәсілдер­дің жоқтығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар су ресурстары көрсеткіштерінің сәйкессіздігі мен бірыңғай деректер базасының жоқтығы да бөлек қарастырылуға тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сәйкес, елде 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру үшін кешенді жоспар әзірленген. Жоспар бо­йынша 57 жаңа суқоймасы, 133 гидротехникалық құрылыс, 7 мың шақырымнан астам ирригациялық жүйелер және 1200 шақырым топтық су құбырын қайта жаңар­ту, сондай-ақ 3600-ден астам ұңғы­маларды бұрғылау көзделіп отыр», деді Ж.Жөргенбаев.

Сенатор 1982-1985 жылдары пайдалануға берілгенін Бартоғай суқоймасы, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасы, Күрті, Қорам және Киікпай арналары 60 пайызға тозғанын атап өтті. Суды басқарудың кіріктірілген үлгісіне көшу уақыт пен ресурс­тарды қажет етеді, бірақ су шаруашылығының тиімділігін едәуір арттыра алады.

Депутат осыған байланысты жаңа Су кодексін әзірлеу аясында бірқатар мемлекеттік органның су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы құзыретін қайта қарауды, су тұтынуға кешен­ді бағалау жүргізуді және су ресурс­тарын басқару стратегиясын әзірл­еуді ұсынды. Су құбыры жүйе­лерінде есептегіштер орната отырып, су шаруашылығын басқару және маусымаралық ағын­ды бөлуді бақылауға жергі­лікті қауымдастықтарды тарту және су ресурстарын басқаруды қолдау үшін деректерді жинау мен тал­даудың сенімді инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салу керек.