Транзиттік мүмкіндігіміз артады
Отырыс барысында Қызылорда облысынан сайланған Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов ант берді. Сондай-ақ ол Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды. Айта кетейік, Наурызбай Байқадамов бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған Ақмарал Әзназарованың орнына сайланды.
Бұған қоса, өтінішіне байланысты сенатор Амангелді Нұғманов Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің мүшесі болып сайланды.
Отырыста депутаттар екі заңды қарап, мақұлдады. Оның біріншісі – «2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Қытай Халық Республикасына ресейлік мұнайды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң болса, екіншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң.
Бірінші заң бойынша хаттама Қытай Халық Республикасына мұнай тасымалдау мәселесі бойынша екі ел арасында жасалған келісім нормаларын өзектендіруге арналған. Нақты айтқанда, тасымалданатын мұнайдың көлемі және транзиттің тарифтері мен мерзімдері қайта қаралды. Енгізілген өзгерістер елдің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Ал екінші заң операторлардың байланыс инфрақұрылымына, оның ішінде әкімшілік ғимараттарға, талшықты-оптикалық байланыс желілерін және ұялы байланыс құралдарын орналастыруға арналған өндірістік нысандарға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, желілер мен коммуникациялық нысандарды салу үшін қоғамдық сервитуттар белгіленеді. Мұндай қадам магистралдар бойындағы байланыс қызметтерін сапалы көрсетуді қамтамасыз етеді және байланыс операторларына инфрақұрылымдық шығындарды азайтуға, сондай-ақ оларды саланы дамытуға қайта инвестициялауға мүмкіндік береді.
Цифрлық қызметтер қолжетімді болуға тиіс
Несиелік бюро арқылы банктік несие немесе микронесие алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу немесе жою мүмкіндігі – заңда қарастырылған тағы бір маңызды өзгеріс екенін атап өткен жөн.
«Ақпараттық технология заманында сапалы цифрлық қызметтер барлық азаматқа бірдей қолжетімді болуға тиіс. Мемлекет басшысы бұл мәселеге үнемі баса мән беріп келеді. Осыған байланысты Парламент депутаттары бүгін қаралған ауқымды түзетулер топтамасын әзірледі. Бұл заң байланыс нарығын, сондай-ақ цифрландыруды дамыту және ақпараттандыру саласына инвестиция тарту мәселелерін қамтиды. Бірқатар түзету ғарыштық мониторинг деректерін пайдалану аясын кеңейтуге арналған. Сонымен қатар алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағытталған нақты шаралар қарастырылды. Жалпы, мақұлданған заң сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерін ұсынуға және Қазақстанның цифрлық әлеуетін дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Тасқыннан қорғану тетіктері
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Андрей Лукин әкімдіктер тарапынан өңірлерді су тасқынынан, жаңбырдан және еріген қар суынан инженерлік қорғау шаралары тиісті деңгейде жүргізілмегенін айтты. Осыған орай сенатор алдағы уақытта мұндай төтенше жағдайлардың алдын алып, уақтылы еңсеруге септігін тигізетін шараларды атап өтті.
«Су тасуына негізгі факторлар да ықпал етті. Оған қардың уақтылы шығарылмауы, айналма арналар мен бөгеттердің жеткілікті салынбауы, гидротехникалық құрылыстар жағдайының әлсіздігі, олардың гидрология мен судан қорғауды есептемей салынуы, су өткізу құрылыстарының тазаланбауы, жаңбыр кәрізі мен арық желісінің болмауы және т.б. жатады. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, өрт және өнеркәсіп қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтық қорғаныс шараларын ұйымдастыру мен жүргізу, дағдарыс жағдайларын басқару сияқты қызметтің негізгі бағыттары бойынша төтенше жағдай қызметінде ақпараттық-коммуникациялық технологияны тиімді пайдалану қажет болып отыр», деді депутат.
А.Лукин Үкіметке Төтенше жағдайлар министрлігінің байланыс жүйесін дамыту мен жұмыс істеудің бірыңғай техникалық саясатының негізгі бағыттарын әзірлеуді ұсынды. Сенатор сондай-ақ қазіргі заманғы ақпараттық инфрақұрылымды қалыптастырудың маңызын және соның негізінде төтенше жағдай туындаған кезде алдын алу, болжау, күштер мен құралдарды басқару жөніндегі жұмыстарды жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігіндегі ақпараттық инфрақұрылымның жай-күйі өзекті мәселелерді шешу жөнінде түбегейлі шаралар қабылдауды талап етеді. Біріншіден, бұл министрлік қызметінде прогрессивті және қажетті технологияның болмауы. Екіншіден, байланыс құралдары, өтініштерді тіркеу құралдары, сондай-ақ күштер мен құралдарды басқару саласында бірыңғай саясаттың болмауы. Осыған байланысты мәселелерді шешу үшін байланыс жүйелерін, ақпараттық жүйелерді бірыңғайлау, сондай-ақ қаржыландыруды талап ететін біркелкі ақпараттық платформаны енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады», деді сенатор.
Геологиялық барлауға қосымша қаржы керек
Сенатор Шәкәрім Бұқтұғұтов геологиялық барлау саласын толықтай өзгерту үшін саланы қаржыландыруды арттыру қажет деп есептейді. Ол ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру саласындағы міндеттемелер аясында бөлінген қаражаттың 50 пайызын жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау ісіне пайдалануды ұсынды.
Депутаттың айтуынша, инвесторлар еліміздің жер қойнауын зерттеуде шешуші рөл атқарады, бірақ инвестициялық тәуекелге байланысты олардың ынта-ықыласы алысқа ұзамайды. 2003-2023 жылдар аралығында елімізде геологиялық барлауға 640 млн доллар бюджет қаржысы бөлінген, бұл басқа елдерге қарағанда едәуір аз. Ағымдағы ресурс базасының сарқылуы да саланы тежейтін фактордың бірі. Геологиялық барлау жұмысының көлемі аз болған жағдайда алынатын қор орнының толмауы, оның көлемінің азаюы және сапасының нашарлау үрдістері анықталып отыр.
Сенатор сонымен қатар қазіргі уақытта республикалық геологиялық қорларда 4,5 миллионнан астам геологиялық есептер сақталатынын атап өтті. Алайда жер қойнауын пайдаланушылар деректерге қол жеткізудің қиындығына байланысты қажетті ақпаратты алуға 3 айға дейін уақыт жұмсайды. Ал minerals.gov.kz бірыңғай платформасы қажетті талапқа сәйкес келмейді және нақтылауды қажет етеді. Демек геологиялық ақпарат бар, бірақ оны пайдалану мүмкін емес. Сонымен қатар геологтер, инженерлер және т.б. білікті кадрлардың тапшылығы да байқалады.
«Экономиканы дамыту негізінің бірі ретінде геологиялық саланы нақты трансформациялау жөнінде шаралар қабылдау қажет. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде бұл мәселені қарастыру аса маңызды. Ресурстық базаны дамыту аясында металдардың неғұрлым сұранысқа ие санаттары бойынша басымдық беру қажет. Кері байланысты ескере отырып, жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында жинақталған тарихи геологиялық ақпаратты цифрландыруды аяқтау, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бөлетін қаржысының 50% пайдалану мәселесін қарау керек», деді Ш.Бұқтұғұтов.
Су тапшылығы артып келеді
Жанболат Жөргенбаев Бартоғай суқоймасының, Үлкен Алматы, Күрті, Қорам және Киікпай су арналарының әбден тозығы жеткеніне назар аударды. Сондай-ақ сенатор су ресурстарын басқару саласындағы, оның ішінде жаңа Су кодексі аясындағы мәселелерді шешуге арналған бірқатар шараны ұсынды.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміз тиімсіз басқару мен ескірген инфрақұрылымның салдарынан су ресурстары саласында елеулі қауіп-қатерге тап болып отыр. Бұл еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізеді. Ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және коммуналдық шаруашылықта едәуір шығындарға байланысты 2030 жылға қарай су тапшылығы жылына 23,2 текше шақырымнан асады деп болжанып отыр.
«21 министрліктің 11-і су ресурстарын басқару саласында тікелей өкілеттіктерге ие. Аталған 11 министрліктің қазіргі жағдайы мен құзыреттіліктерінің бөлшектенуі су ресурстарын басқару саласындағы саясаттың жетілмегенін, бірыңғай тәсілдердің жоқтығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар су ресурстары көрсеткіштерінің сәйкессіздігі мен бірыңғай деректер базасының жоқтығы да бөлек қарастырылуға тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сәйкес, елде 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру үшін кешенді жоспар әзірленген. Жоспар бойынша 57 жаңа суқоймасы, 133 гидротехникалық құрылыс, 7 мың шақырымнан астам ирригациялық жүйелер және 1200 шақырым топтық су құбырын қайта жаңарту, сондай-ақ 3600-ден астам ұңғымаларды бұрғылау көзделіп отыр», деді Ж.Жөргенбаев.
Сенатор 1982-1985 жылдары пайдалануға берілгенін Бартоғай суқоймасы, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы арнасы, Күрті, Қорам және Киікпай арналары 60 пайызға тозғанын атап өтті. Суды басқарудың кіріктірілген үлгісіне көшу уақыт пен ресурстарды қажет етеді, бірақ су шаруашылығының тиімділігін едәуір арттыра алады.
Депутат осыған байланысты жаңа Су кодексін әзірлеу аясында бірқатар мемлекеттік органның су ресурстарын пайдалану және қорғау саласындағы құзыретін қайта қарауды, су тұтынуға кешенді бағалау жүргізуді және су ресурстарын басқару стратегиясын әзірлеуді ұсынды. Су құбыры жүйелерінде есептегіштер орната отырып, су шаруашылығын басқару және маусымаралық ағынды бөлуді бақылауға жергілікті қауымдастықтарды тарту және су ресурстарын басқаруды қолдау үшін деректерді жинау мен талдаудың сенімді инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салу керек.