Білім • 03 Мамыр, 2024

Махамбет ауданында 6 мыңнан астам оқушы сабақты қашықтан оқып жүр

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысының Махамбет ауданында 6 мыңнан астам оқушы сабақты онлайн оқуға жіберілді, деп жазады Egemen.kz.

Махамбет ауданында 6 мыңнан астам оқушы сабақты қашықтан оқып жүр

Фото: aikyn.kz

Махамбет ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, мұнда 9 округтегі 21 елді мекенде 30 940 адам тұрады. Жайық өзеніне жақын орналасқан 17 ауылдың маңында 105 шақырым бөгет салынған.

«Қазір 15 мектепте дәріс алатын 6 288 оқушы сабақты онлайн оқып жүр. Ауданда 22 эвакуациялық пункт ашылып, су басу қаупі төнсе, тұрғындарды қабылдауға дайын тұр. Қауіпсіз аймаққа 5 400 төрт түлік шығарылды», деп хабарлады аудан әкімдігі.

Аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуына қарағанда, Жайық өзенінің жағалауында кезекшілер үшін 40 бекет ашылған. Су айдынына жақын маңдағы ауылдарда жағалауды бекіту жұмысы жалғасып жатыр. Оған әскери бөлімдердің 651 сарбазы, Төтенше жағдайлар министрлігіне қарайтын құрылымдардан 200 қызметкер, 320 ерікті мен 108 техника тартылған.

«Жайық өзеніне келіп жатқан су алдын ала тазартылып, дайындалған каналдарға ағып жатыр. Бөгеттер, сай, жыралар ашылды. Әзірге өзендегі су деңгейі қауіпті шегіне жете қойған жоқ. Бірақ алдағы күндері мол су келуі мүмкін», дейді Қайрат Нұрлыбаев.