Қоғам • 04 Мамыр, 2024

«Springer» басылымының конференциясы

235 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педа­гогикалық университетінде «AICTC-2024» аясында Ақпа­раттық коммуникациялық технологиялар және компьютерлер саласындағы жетістіктерге арналған 5-халықаралық конференция өтті. «Springer» халықаралық ғылыми басылымының зерттеулеріне арналған бұл жиынға әлемнің әр қиырынан 300-ден аса еңбек жинақталып, іріктелген 80 зерттеу нәтижесі қатысушылар талқысына ұсынылды.

«Springer» басылымының конференциясы

Конференцияға дүние жүзін­дегі жоғары оқу орындарының зерттеушілері мен «Springer» халықаралық ғылыми басылым­дар ұйымының жауапты ға­лым­дары қатысты. Олар «Мектеп­тегі әлеуметтік педагогтің рө­лі», «Кә­сіпкерлікті дамыту үшін пәнара­лық байланыс құру мақ­са­тындағы білім беру техноло­гия­ларының синергиясы» тақырыптары арқылы физикалық мүмкіндігі шектеулі жандар өмірін жаңа технология жетістіктері арқылы жеңілдету, сондай-ақ білім беру саласында ақпаратты технологияны қолдану туралы тұжырымдарын жасады.

Жиынды университет бас­қарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сү­гір­баева мен «Springer»-дің Лондондағы жауапты редакторы Анинда Боуз құттықтау сөзбен ашты. Назар­баев университетінің профессоры  Прашант Джамуал, Чехияның Білім және әлеуметтік ғылымдар институты өкілі Томас Чек, «GR Scholastic» ұйымының және Үн­дістанның Сауда-өнеркә­сіптік білім палатасының дирек­торы, профессор Амит Джоши «Мектеп­тегі әлеуметтік педагогтің рөлі», «Кәсіпкерлікті дамыту үшін пән­ара­лық байланыс құру мақ­­са­тын­­дағы білім беру тех­но­ло­гия­ла­ры­ның синергиясы» та­қырып­тарында баяндама оқыды.

«Университетімізде AICTC-2024 конференциясы бастал­ды. Жаңа технологиядағы жетіс­тіктер мен зерт­теулерді саралайтын бұл жиын Қазақстанда алғаш рет және Өзбекәлі Жәні­бе­ков атын­дағы ОҚПУ-да өтіп жат­­қанын айта кету керек. Бұған дейінгі кон­ференциялар Брита­нияда, Мысырда, Малайзияда, Ду­бай­да ұйымдастырылған. Кон­­фе­рен­­цияға әлемде өзекті қол­дан­­­ба­лы зерттеулерімен ойып орын алған ЖОО-дан, сондай-ақ ғылымда артық таныстыруды қажет етпейтін «Springer» ха­лық­­аралық ғылыми басылымдар ұйы­мының жауапты ғалымдары қатысып отыр. Жаңа технология жетістіктері мен зерттеулері әлемде тек адамзат құндылығына, ортақ игіліктерге қызмет ете бер­сін» деді Г.Сүгірбаева.

Алқалы жиында білім мен ғы­лымға құштар жастар ізденуші білім беруде жаңа технологияны қолданудың өзекті мәселелері мен соңғы жаңалықтарына қанықты. Іріктелген мақалалар Қазақстан, Жапония, Қытай, Мысыр, Малай­зия, Косово, Бразилия, Синга­пур, Чехия, Эфиопия, Бри­та­ния, Ирак, Индонезия, Бангла­деш, Поль­ша, Үндістан, Гана, АҚШ-тан ке­ліп түскенін ескерсек, бұл кон­ференция түрлі геогра­фиялық ай­мақтардың тәжірибесі мен зерт­теулерін бір арнаға тоғыс­тырды.

Бұдан кейін шетелдік қонақ­тарға арнайы кәдесыйлар табыс­талып, университеттің «Дом­быра» үйірмесіне қатысушы өнер­паздар күйі орындалды. Ал түске қарай қатысушылар секциялық мәжілісте Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғылыми жұмыс­тар және инновациялар жөніндегі прорек­торы Ержан Керімбековтің мо­дераторлығымен өткен секция­лық мәжілісте ғылыми зерттеу­лерді талқылады.

«Халықаралық конференциядан көп нәрсе үйреніп жатырмыз. Жалпы, Үндістан – ІТ технологиясы бойынша алдыңғы орында тұрған мемлекеттердің бірі. Мәселен, Google компаниясының бас директоры – үнді азаматы. Бүгінгі таңда біздің ел халық­аралық келісімдер негізін­де ІТ технологиясын дамытуға қарышты қадам жасап жатыр. Осы конференция аясында екі елдің ғылыми әріптестігі бойынша келісімдер жасалды. Соған сәйкес арнайы бағдарлама шеңберінде Шымкенттің студенттері докторантура мен бакалавриат деңгейінде Үндістанның беделді оқу орындарында оқу-практика­лық тағылым­дамадан өтетін болды. Өз кезегінде Үндістанның да студенттері біз тұр­ған университетте екі жыл оқуын жал­ғастыра алады. Бір білетінім, Қазақ­станның білімді жастары сандық технологияны меңгеру жағынан әлемде кез келген елдің өкілдерімен бәсекелесуге қабілеті жетеді. Оны мен халықаралық байқауларда байқап жүрмін. Қазақ­стан маған өте қатты ұнады. Әсіресе, жастары өте білімді екен. Мұның алдында саяхат турымен келгенде жергілікті адамдар қол бұлғап «Сіз Үндістаннансыз ба?» деп жылы жымиятын. Бұл қазақ халқының ақкөңіл, меймандос жандар екенін бірден аңғартады. ІТ саласы бойынша әлемнің танымал ғалымдарының басын қос­қан мұндай жиын тәжірибе алмасуда өте маңызды. Өйткені Үндіс­танның өзі ІТ мамандарын осын­дай халықаралық тәжірибе алма­су арқылы даярлайды», деді ха­­лық­аралық Симбиозис уни­вер­­ситетінің ғалымы доктор К.Котеча.

Ауқымды жиын ғалымдардың зерттеу тақырыбын бөлісуіне өзара жақын әріптес­тік байланыс орнатуына жол ашты. Секция­лық мәжілісте ең үздік мақа­лаға сертификат табысталды. Халық­аралық конференция екі күн бойы жалғасты.