Инвестиция • 04 Мамыр, 2024

Өндіріске қолайлы өңір

92 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет басшысының отандық өндірісті қолдау тапсырмасы аясында Шымкентке вице-премьер Серік Жұманғарин іссапармен барды. Сапар барысында жұмыс істеп жатқан ірі өндіріс ошақтарын аралап, агроөнеркәсіп кешендерінің жұмысымен танысып, құрылыс нысандарының басында болды.

Өндіріске қолайлы өңір

Алғашқы ат басын бұр­ған ны­сан Шым­кент сауда-логисти­калық ор­талығы. Бұл жердегі 5 гектар аумақта «НМИ-Юг» ЖШС-ның көпсалалы қойма кеше­ні салынып жатыр. Аталған жоба­ның құны – 10,2 млрд теңгені құ­рай­­ды. Құрылыстың бірінші кезеңін биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда бірінші кезең­нің құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тары бітуге таяу. Қойма үй-жайларының жалпы ауданы – 22 мың шаршы метр. Серіктестік құрылтайшысы Айжан Наим­бекова салынып жатқан нысан климаттық бақылаудың икем­ді жүйе­сі, тоңазытқыш камера­лары­ның температурасын -18-ден + 4 градусқа дейін реттеу мүм­кіндігі бар А + санатындағы қойма болатынын айтады. Және заманауи қой­мада тауарлардың кең ассор­ти­­­ментін сақтауға мүмкіндік туады.

Вице-премьер іссапар аясында «Alsera kz» ЖШС-ның жылыжай кешені жобасымен танысты. 650 млн долларға баға­ланған инвестициялық жобаны «Бозарық» индустриялық айма­ғында жүзеге асырушы «Alarko Holding» шетелдік түрік компаниясы. Инвестор жаңа технология­ларды қолдана отырып, 500 гектар алаңда бірнеше кезең аралығында жылыжай құры­лысын жүргізеді. Заманауи жы­лыжай кешенінде қияр, қыза­нақ, бақша дақылдары мен басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері өсіріледі. Келешекте бұл нысан Шымкенттегі жабық кешенде көкөніс өндіретін ең үлкен жылыжай атанбақ, сондай-ақ осы жо­­ба­ның аясында екі мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.

Үкімет басшысының орын­ба­сарына қала әкімі Ғабит Сыз­дықбеков сауда-логисти­калық орталығында іске асырылатын басқа да жобалар туралы баяндады. Өз кезегінде С.Жұманғарин аталған жобалардың келешегі мен перспективаларын жоға­ры бағалап, мемлекет тарапынан бар­лық қажетті қолдаулар көрсе­тілетінін мәлімдеді. Вице-премьердің айтуынша агро­өнәркәсіптік кешендер бойынша мемлекет ұстанған саясат – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін 70% жеткізу болса, сауда-логистикалық орта­лығындағы жаңа жобалар сол нә­ти­жеге жетуге мүмкіндік береді.

«AZALA Textile» ЖШС Қазақстандағы дайын тоқыма өнімдерін өңдеп шығаратын, жабық циклді жалғыз ірі тоқы­ма фабрикасы саналады. Осы орайда вице-премьер аталған кәсіпорын жұмысымен жақы­ны­рақ танысты. Бүгінгі таңда фаб­­­рикада 475 адам жұмыс істей­­ді. Бірегей тоқыма комбинаты иі­­­рілген жіптен әртүрлі дайын то­қыма бұйымдарын шыға­ра­­­ды. Кәсіпорынның жыл­дық қуат­­тылығы 6 800 тоннадан ас­там иірілген жіп пен 14 млн сызықтық метрлі ауыр маталар өндіруге қауқарлы. Тоқыма фаб­ри­касының өнімдері негізінен экспортқа бағытталған. Яғни «AZALA Textile» өндірген тауа­ры­ның шамамен 70% таяу шет ел­дерге, Литва, Герма­ния, Ита­лия, Польша, Бельгия, Дания, Латвия мен Түркияға жөнелтеді. Өндірістік цехтарды аралап, зауыт басшылығымен емен-жар­қын әңгімелескен Үкі­мет бас­шысы­ның орынбасары іссапа­рының қорытындысында отан­дық тоқыма өндірушісінің өніміне мемлекеттік сатып алуды ұлғайту мүмкіндігі үкімет­тік дең­гейде пысықталатынын жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ