Спорт • 08 Мамыр, 2024

Түйе балуандар сайысы

123 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавлда «Қазақстан барысы» турниріне қатысатын жеңімпаз анықталды. Ол өткен сенбі күні А.Винокуров атындағы спорт сарайында қазақ күресінен «Қызылжар барысы-2024» атты облыстық турнирде белгілі болды.

Түйе балуандар сайысы

Өңіріміздің ең мықты балуаны атағын жеңіп алу және «Қазақстан барысы» республи­калық турнирінде Солтүстік Қазақстан облы­сының намысын қорғауға қатысу үшін 32 үздік спортшы сайысқа түсті. Кең сарайдың көрермендер орны да лықа толған. Жұрттың бәріне алыптардың айқасы қызық көрінеді.

Солтүстік Қазақстан облысы дене шы­нықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің өңірлік кезеңіне барлық аудан белсенді қатысып, өз балуандарын шығарған. Бұл жарыста салмағы 95 килодан жоғары түйе балуандар күресетіні белгілі. Алып тұлғалы жігіттер облыстың 13 ауданы мен Петропавл қаласынан іріктеліп келіпті. Көрермендерді риза қылып қазақ­ша іштен, сырттан шалып түсірудің әдістерін жетік меңгергендер шу дегеннен алға түсті.

Финалда Қызылжар ауданының жас балуаны Әділет Мырзаш пен Уәлиханов ауда­нының тумасы, турнирдің бірнеше дүр­кін жеңімпазы Алтынбек Аусағитов кездесті. Бұл жерде жастың күші мен тіс қаққан ба­луанның тәжірибесі сынға түскендей бол­ды. Қызылжар ауданының балуаны «Қызыл­­жар барысы» турниріне алғаш рет қатысы­п отыр. Оның жасы небәрі – 18-де ғана. Қара күші көп болғанымен әдіс-айласы жетіспей жатқаны көрініп тұр. Ал Уәлиханов ауданының өкілі бұл жарысқа бірнеше рет қатысқан, әрі тәжірибелі, әрі күрес әдістерін жетік меңгерген шебер. Көрер­меннің ішін тартқызып қызықтырған күресте озық тәжірибе озып, Алтынбек Аусағитов бұл жолы да жеңіске жетті. Енді ол республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Қызылжар өңірінің намысын қорғайтын болды.

Сөйтіп, бас бәйгеге тігілген 500 мың теңгені Алтынбек Аусағитов еншіледі. Ал жас балуан Әділет Мырзаш 300 мың теңгенің бәйгесін алса, қола жүлдегер Шал ақын ауданының балуаны Батырхан Қайырбекке 200 мың теңгенің сертификаты бұйырды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы