Елден жырақта от пен оқтың ортасында жүрген қазақ жауынгерлерін қолдау мақсатында 1942 жылдың қараша айынан Калинин майданында «Алға жауға қарсы» газеті шыға бастады. 1946 жылдың соңына дейін жарық көрген үнпарақта Халық жазушысы Дихан Әбілев әскери тілші, кейін редакторы болып қызмет етті.
Бүгінде аталған майдан газетінің тігінділері Павлодардың Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде сақталып тұр. Газеттің сарғайған әр парағынан соғыс рухы, қазақ жауынгерлерінің қайтпас қайсар ерлігінің лебі еседі.
– Бұл газетті кезінде соғыс ардагері, ақын, жазушы Дихан Әбілев жинақтап, сақтаған. Қазіргі күні музейіміздегі құнды құжаттар қатарында тұр. Қаламгер Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда елмен бірге майданға аттанып, қолына қару алды. Ал 1942 жылы «Алға жауға қарсы» газеті ашылғанда тілші болып орналасады. Ол соғыстың қауырт оқиғаларын бейнелеп, майдандағы қаһарман қимылдар мен жауынгерлердің ерлік образын жасауда поэзия әлемінде зор қызмет атқарды. Жаудың қалың қолы қара бұлттай түнеріп, оқ қардай борап тұрған сәтте жанын шүберекке түйіп, қазақ жауынгерлерінің рухын көтеру үшін газет беттерінде халық әндері мен халық композиторларының әндерін, елден келген хаттарды, қазақ ақын-жауынгерлерінің жырларын жариялады. Өзінің шығармаларын да жиі беріп тұрған. Көлемді дүниесінің бірі – «Майданбек» поэмасы. Ондағы басты кейіпкер – жылқышы Майданбек, қарапайым жауынгердің тебіренісі арқылы сол тұстағы қазақ сарбаздарының жан дүниесін көрсетеді, – дейді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров.
Кейін осы поэмасы үшін ақынға жала жабылып, «неміс тыңшысы» деп айыпталады. 1943 жылы Мәлік Ғабдуллин үш мың жолдан тұратын әлгі поэманы бір түннің ішінде орыс тіліне аударып, онда ешқандай саяси қателік жоқ екенін дәлелдеп берген. Сөйтіп, қаламгердің өмірін сақтап қалады. Бұл поэма кейін кітапша болып жарық көрген.
Газет беттерін парақтап отырып, сол тұстағы тілшілердің қазақтың ерлік көрсеткен азаматтарын кеңінен насихаттауға ұмтылғанын байқауға болады. «Майданбек» поэмасынан өзге, Д.Әбілевтің «Бибінұр» поэмасы, әңгімелері жарық көрді. Қаламгерлер фельетон, очерк жанрларын да ұмыт қалдырмаған. Тылда еңбек етіп жатқан миллиондаған қазақ халқының майданға көмегі туралы да жиі жазылып тұрған.
Енді бір нөмірлерінде қазақтың белгілі хандары мен батырлары, атақты ақын-жыраулар туралы да материалдар берілген. Мысалы, Абылай хан мен оның жорықтары туралы Жайылхан Кенетаевтың көлемді материалын көзіміз шалды. Бұған қоса Абайдың жырлары да жарияланған.
Майдандық қазақ газетіндегі очерктерде Берлин үшін болған ұрыстар, Берлиннің алынуы, Германияның тізе бүгуі, Кеңес одағының жеңіске жету салтанаты туралы да кең көлемде қамтылған.
«Алға жауға қарсы» газетінің атауы 1944 жылы «Жауға қарсы аттан» болып өзгерген. Д.Әбілев 1943 жылдың соңына таман газеттің редакторы болып қызмет ете бастаған. Жалпы, басылым 1947 жылға дейін, яғни майдандағы кеңес әскері таратылғанша жарық көрген.
Павлодар облысы