Сонымен скринингтік зерттеулерден қалай өтуге болатыны жөнінде МСҚ Алматы филиалының мамандары түсініктеме берді. Медициналық сақтандыру қорының мәлімдемесіне сүйенсек, биыл 228 мыңға жуық алматылық тұрғын онкологиялық тексерулерден өтуге тиіс.
Скрининг арқылы қандай дертті анықтауға болады?
Денсаулықты бұлай тексерумен жатыр мойны обырын – 30-70 жас аралығындағы әйелдерден, сүт безі обырын – 40-70 жас аралығындағы әйелдерден және колоректалды обырды 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдерден ерте анықтауға болады.
Скринингтен өту жиілігі қандай?
Скринингтік зерттеулердің кей түрі бес жыл сайын, кейбірі екі немесе төрт жыл сайын жасалады. Мысалы, сүт безі ісігі мен тоқішек обырына екі жылда бір рет, ал жатыр мойны обырына төрт жылда бір рет тексерілу қажет.
Скринингтік бағдарламаға қандай қызметтер кіреді?
Әйелдер жатыр мойны обырына тіркелген емхана арқылы тексеріледі. Акушер-гинеколог, онколог пен маммолог сынды мамандар кеңесіне жүгініп, УДЗ, маммография сынды тексерулерден өте алады. Сонымен қатар сүт безі обырының алдын алу үшін видеокольпоскопия немесе кольпоскопия, ПАП-тест, пункциялық биопсия мен гистологиялық зерттеулерге тапсыруға болады.
Колоректалды обырдың алдын алуға арналған тексерулерден ерлер де, әйелдер де өтуге тиіс. Профилактикалық іс-шаралар барысында олар хирург, онколог, гастроэнтеролог пен проктолог мамандардан кеңес алады. Сондай-ақ үлкен дәреттегі жасырын қанды тексеру мақсатында шұғыл әдіспен гемокульт-тест тапсырады. Жалпы видеоколоноскопия, эндоскопиялық биопсия және гистологиялық тексерулерден өтуге болады. Профилактикалық тексерулер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.
Скрининг өткеннен кейін не істейміз?
Скринингтік зерттеуден өткен пациенттерге денсаулығынан кінәрат табылған, қатерлі ісіктерге күдік анықталған жағдайда салалық мамандарға жолдама беріледі, қажет болғанда ем тағайындалады.
АЛМАТЫ