Аймақтар • 11 Мамыр, 2024

Жетісуда суқоймасы салынады

117 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл жетісулықтар қарғын судың азабын тартпағанымен, алдағы қыс-көктемнің қылығын болжау мүмкін емес. Сондықтан сала мамандары алдын алу шараларын ертерек бастағанды жөн көріп отыр. Мәселен, 2030 жылға дейін Жетісуда 7 суқоймасы, 1 бөгет салу жоспарланған. Соның бірі – Алакөл ауданына қарасты Ырғайты ауылдық округіндегі Жаманты өзенінен суқоймасын салу қарастырылып отыр.

Жетісуда суқоймасы салынады

Суретті түсірген – Руслан Кадыров

Халықтың үрейі әлі басылған жоқ. Бұған дейін алакөлдік ағайын топан судан қауіп сейіл­мегенін айтып, суқоймаларын салуды ұсынған еді. Енді, міне, ауыл тұр­ғындарының үміті ақталатын болды. Келесі жылдан бастап құрылысы қолға алынатын суқоймасы көктұмалықтардың басын ауыртқан мәселені түбегейлі шешеді. Өткен аптада суқоймасын салуға қатысты жұмыстарды тексеруге келгендер Жаманты өзенінің бойын аралап, зерттеу жұмысын жүргізіп қайтты.

«Жоспарға сай суқоймасы салынатын жерді нақтылап жатырмыз. Жалпы, суқоймасын 10 млн текше метр су жинала­тындай етіп салу жоспарланып отыр. Сонда ғана осы өңірдегі суға қатысты мәселелер толы­ғымен ше­шімін табады. Жоспарға сай биыл тех­никалық негіздемесін жасап, жобалық-сметалық құжаттамасын да­йындап, келесі жылы суқоймасын салу жұ­­­мысына кірісеміз», дейді об­лыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасы бас­­­­шы­с­ының орынбасары Бахтияр Шам­пиков.

Осы тұста тарихқа көз жүгіртейікші, Алакөл ауданында сонау өткен ғасыр­дың 20-жылдары Есіркеп тоғаны, Ақтоған, Қаратоған деп аталатын каналдар қазылып, өңір халқының егін шаруашылығымен айналысуына ықпал етті. Кейін 1975 жылы Тентек өзенінен бөгет салынып, бұрынғы каналдар ірі суару жүйесіне айналды. Өткен жылдан бері Тентек бөгетін қайта жаңғырту жұмысы қолға алынып, суармалы алқаптың көлемі ұлғая түсті.

«Қазір ауданда 30 мың гектардан аса суармалы жер бар. Оны Тентек бөгетінің оң және сол жағалауы арқылы қамтамасыз етіп келеміз. Бұл өңір тұрғындарының қант қызылшасымен айналысуына да мүмкіндік тудырды. Алайда Тентектің суы жетпейтін жерлерде жазды күнгі егін суару кезінде су тапшылығы орын алады. Әсіресе бұл жағдай Ырғайты ауыл­дық округіне қарасты Ақши мен Көк­­тұма елді мекендерінде анық бай­қа­лады. Егер Жаманты өзенінен суқой­масы салынатын болса, аталған ауыл­дардағы суармалы жер көлемі тағы да 5 мың гектарға ұлғаяды. Бұл өңір экономикасын өркендетіп, тұрғын­дардың адал еңбегімен нәпақа табуына мүм­кіндік береді», дейді Алакөл аудан­дық ауыл шаруашылығы және жер қа­тынастары бөлімінің басшысы Манат­бек Рысбеков.

Ақши мен Көктұма аумағынан то­ған қазып, су шығарып, тау етегіндегі сары жазыққа жайқалтып егін өсіріп, игі­лігін көру – бұрыннан бар тәжірибе. Ке­зіндегілер тауды бөктерлей тоған қазып, Жаманты өзенінен су шығарған екен. Оны жұрт бүгінге дейін «Сарықамыстың тоғаны» деп атайды. Кейін су тасқыны салдарынан жер көшкіні орын алып, тоғаннан су жүрмейтін болыпты. Содан бастап осы өңірдің тұрғындары су тапшылығын сезе бастаған. Кейінгі жылдары өзен суының азаюы су тап­шылығын тіпті көбейтіп жіберген.

Қазір тек өзеннен кеңес кезінде са­лынған канал арқылы келетін су 4 мың гектарға жуық егісті суаруға ғана жетеді. Есесіне, канал суын егіске бұрса, ауыл тұрғындары ауласындағы азын-аулақ көк­өнісін суара алмай қиналады. Суды ауыл­ға бұрса, егіс алқабына су жетпейді. Сондықтан жергілікті жұрт Жаманты өзенінен суқоймасын салу мәселесін біраз жылдан бері жиі көтеріп келеді.

«Жаманты бұрын өткел бермейтін ағысы қатты, суы мол, үлкен өзен болатын. Бала кезімізде Жаманты өзені тасығанда әрі-бері өтудің өзі қиындық тудыратын. Қазір өзеннің арыны қайтты, суы азайды. Соның салдары­нан жаз айларындағы егін суару науқаны басталғанда су тап­шылығы білінеді. Жаманты өзенінен суқоймасы салынады деген хабарды ес­тігелі ауыл тұрғындарының қуанышы есе­­лене түсті. Осы жоба тезірек жүзеге асса, өңір тұрғындарына үлкен көмегі тиер еді», дейді Көктұма ауылының ақ­сақалы Жарылқасын Қалдыбаев.

Әрине, суқоймасы су үнемдеу жағ­да­йын жақсартып, жұрттың суға деген қажет­ті­лігін шешкенімен, оның қауіп­сіз­дігіне де ай­рықша назар аударылуға тиіс. Себебі кейбір орын алған жағдайлар соның ма­ңыз­дылығын қайта-қайта еске түсіреді.

«Жетісу облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының ұсынысымен Жаманты өзенінен суқоймасын салудың тех­никалық негіздемесін жасауға Өске­меннен келіп отырмыз. Біздің мекеменің бұл саладағы тәжірибесі мол. Осыған дейін Алматы об­лысының Жамбыл ауданы, Жетісу облысының Сарқан ауда­нындағы суқой­ма­ларын, бөгеттерді қайта жаңғыртуға қа­тысты техникалық негіздемесін жасадық. Оның нәтижесін жұрт көріп отыр», дейді «Тау сәулет» ЖШС жо­балау бөлімінің басшысы Сан­сызбай Мұңғылбаев.

Оның айтуынша, Жаманты өзенінен суқоймасын салу өте қолайлы. Егер тех­никалық негіздемесі дұрыс әрі жүйелі жа­салса, бұл жерден 10 млн текше метр­ден аса су жинайтын суқоймасын салуға бо­­­­ла­­ды. Бұл дегеніңіз – 10 мың гектарға жу­­ық егіс ал­қабын суаруға жетеді деген сөз.

Су шаруашылығына жауапты маман­дардың айтуынша, облыста сумен қам­тамасыз ететін 15 нысан болса, оның екеуі – суқоймасы. Жаманты өзенінен салынатын суқоймасы бұл санды көбейте түседі. Сондай-ақ суқоймасымен бірге екі канал салынып, оның бірі егіс алқабына, енді бірі Көктұма аулына су жеткізеді.

Демек біздің болжамымызша, суқой­масының салынуы егіске қажетті су тап­шылығын шешуден бөлек, жаңа жұ­мыс орындарының ашылуына, қосал­қы шаруашылықтарды өркендетуге де мол мүмкіндік береді. Әсіресе Ақши мен Көк­тұма ауылы тұрғындарының ауласына түрлі көкөніс егіп, жазғы шомылу мау­­сымында Алакөлге келген туристерді экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Жетісу облысы