Қап тауы баурайынан жазылған хаттан екі халық арасында үзбей жалғасып келе жатқан достықтың жаңа қырын танығандай болдым, дейді еңбек ардагері Мағзұм ИСАҒҰЛОВ ақсақал.
– Жуырда 83-ке толдым. Аз ғұмыр емес. Шау тартқаныма қарамастан, әлі тыңмын, ширақпын. Хал-қадерімше жастарға білгенімді, көрген-түйгенімді үйретіп, бойларына жақсы тәлім-тәрбие сіңіруден жалыққан емеспін. Өмірдің талай аумалы-төкпелі кезеңін бастан өткерсек те, осы күнге жетіп, жаңа заманның қызығын көріп отырғаныма мың шүкіршілік деймін. Елбасымыздың біз сияқты аға ұрпақ өкілдеріне деген жан-жақты қамқорлығының арқасында әдемі қарттықтың баз күндерін, уайым-қайғысыз ғұмыр, рахат тірлік кешуіміз – басқалар үшін тәлімді сабақ, үйренер тәжірибе дер едім.
Жастайымнан ауылдағы қариялардың ғибратты сөздерін көкейге түйіп, құйма құлақ болып өскендіктен бе, Абай мен Шәкәрімнің, Ілияс Жансүгіровтің өлеңдері мен поэмаларын жаттап өсіп, кәусар бұлақтан таза су ішкендей өзгеше күйге түстім. Кейін Пушкиннің жырларын да басыма жастанып оқыдым. Әлі күнге дейін қазақ басылымдары десе құлағым түрік, жарияланған жақсы дүниелерді ойыма тоқып, бойыма сіңіргенше асықпын.
Елбасымыздың Жолдауын маңызы зор тарихи құжат ретінде қабылдап, ішім жылып, жүрегім ерекше тебіреніске түскенін қалай ғана жасырайын! Биыл барша қазақстандықтарды қаншама мерейлі тойлар күтіп тұр десеңші! Солардың бірі, бірегейі десе де жарасады, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін лайықты атап өту қазірдің өзінде басталып кетті. Оған Нұрсұлтан Әбішұлының Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жалпыұлттық қолдау шарасы жөніндегі бастамасы жол салып берді. Ерлікке тағзым үлгісі Қызылжар өңірінде де айрықша леп, өзіндік реңк алды.
Өміріміздегі басты мейрам мен үшін айрықша оқиға, ұмытылмас күн саналады. Фашистік Германия Кеңестер Одағына тұтқиылдан басып кіргенде, Исағұловтар отбасынан үш азамат қолына қару алып, ортақ отанды жаудан қорғауға аттанған. Әкем Кәкімжан әскер қатарына алынғанда, бұғанасы қата қоймаған 9 жастағы бала едім. Елмен бірге әкемді қанды қырғынға шығарып салғанда анамнан 2 жаста жетім қалғаным есіме түсіп, егіліп жылағаным әлі күнгідей көз алдымда.
Алғашқы хатында Сталинград қаласы түбінде соғысқа кіргенін жазыпты. Іле-шала інісі Рақымжанды жылап-сықтап шығарып салдық. Ленинград майданында жүргенін өлеңмен жіберіпті. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген. Қос боздақ батыстан аман-есен оралса, соңдарынан ерген жалғыз бауыры Мәлгаждар Брест қамалы түбінде ерлікпен қаза тапты. Ол 1940 жылы азаматтық борышын өтеуге кетіп, содан оралмады. Жеңістің 60 жылдығы құрметіне арнап шығарылған естеліктер кітабында жанқиярлық ерлігі біршама баяндалған. 2009 жылы туған жерінен бір уыс топырақ ала барып, зиратына тәу еттім.
Президентіміздің онсыз да санаулы қалған кешегі жауынгерлерді, бүгінгі соғыс ардагерлерін жаңа жыл мерекесімен құттықтап, арнайы хат жолдауы, сый-сияпат жасауы ерліктің ешқашан өшпейтінін, керісінше, таудың алыстаған сайын биіктей беретіні сияқты бейбітшіліктің, тыныштықтың, ауызбірліктің қадір-қасиетін терең ұға түсетін боламыз.
Қаһармандыққа бас июдің, бауырмалдық-ағайындықтың ғажап үлгі-өнегесін тылдағылар да паш ете білгенін бала болсам да жақсы білемін. Біз ол кездері Приишим ауданына қарасты Мереке ауылында тұратынбыз. Ұмытпасам, 1944 жылдың қақаған қысы болу керек, үлкендер шиеттей бала-шағасы бар 12 чешен-ингуш отбасын Мамлют теміржол стансасынан тосып алып, үш жертөлеге орналастырды. Азық-түліктің жетімсіздігіне қарамастан, бәрін теңдей бөлісіп, қабақ шытқан бірде-бір ағайын болған жоқ.
Фатима, Багга, Ләйла есімді өзім құралыптас балалармен лезде танысып, бұрыннан білетіндей қоян-қолтық араласып кеттік. Бастауыш сыныпты бірге оқып, олар қазақ тілін еркін меңгеріп алды. Мен кейін Петропавлда жеделдетілген бухгалтерлік курсқа оқуға түсіп, Аюп деген ингуш азаматтың үйінде тұрдым. Әйелі Бәтима мені ерекше жақсы көріп, баласындай мәпеледі. «Жақсыда жаттық жоқ» деген рас-ау. Өгей шешемнің ағасы бұлармен көрші тұрды. Әйелі Галина орыс болса да, мұсылмандық ғұрыптарды қатты ұстанатын. Намаз оқитын.
Мен әлі күнге дейін облыстағы чешен-ингуш этносы өкілдерімен тығыз қарым-қатынас жасап тұрамын. Қолдан келген көмегімді аяған емеспін. Көршім Гарун Ганиев екеуміз бірге туған бауырдай қатты сыйластық.
Былтыр жазда әрі ойланып, бері ойланып, Чешенстан президенті Рамзан Қадыровқа хат жазуға бел байладым. Ойларымды ақ қағаз бетіне түсіріп, қазақ халқының достығының белгісіндей бір ескерткіш тұрғызсаңыздар деген игі тілекпен аяқтадым. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, уақыттың қалай өткенін де аңдамай қалыппын. Бірде хатыма Қап тауынан жауап келіп тұр.
Онда: «Құрметті Мағзұм Кәкімжанұлы! Чешенстан президенті Рамзан Қадыровқа жолдаған хатыңызды алып, үлкен ілтипатпен оқыдық. Ыстық лебізіңіз үшін республика басшысының шынайы алғысын жеткіземіз. Қазақ бауырларымыздың қиын-қыстау жылдардағы жақсылығын, меймандостығын ешқашан ұмытпаймыз. Бүгінде Чешенстан да Қазақстан секілді күн санап қуаттанып, қарышты дамып келеді. Грозныйдың қақ ортасында алыстан көз тартатын тамаша нысандардың бірін Қазақстан біздің республикамызға ерекше сый ретінде тартқан. Оны ел халқы «Назарбаев үйі» деп атайды. Екі халық арасындағы достықтың алтын көпірі іспеттес бұл тарту баға жетпес ескерткішіміз ретінде ұлықталады», деп жазыпты Мәдениет министрі Б.Даев. Одан әрі әлемдегі өркениетті мемлекеттер көшіне қосылған Қазақстанға, оның басшысы Н.Назарбаевтың саясатына жоғары баға беріліпті.
Хатқа жауап қайыруды қазақ халқына көрсетілген үлкен құрмет деген ой түйдім.
Жазып алған
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
ПЕТРОПАВЛ.