Алматы • 14 Мамыр, 2024

Майдангерлерге арналған аллея

86 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жаңбырлы көктем күн сайын мыңдаған көшет отырғызылып жатқан Алматыны бұрынғыдан да көркейтіп, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқанына шын мәнінде серпін берді. Ал Жеңіс күні Алматыдағы Ә.Жангелдин атындағы гүлзарда Ардагерлер аллеясы ашылып, оған соғыс және еңбек ардагерлері ортақтасты.

Майдангерлерге арналған аллея

Жаңа аллеяда жүз шақ­ты көшет отырғызылды. Оң­түстік шаһарды жасыл желекке көмкеріп, жастарды елжандылыққа бастайтын ұлағатты іс-шара барысында Жетісу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тамара Шәкірова: «Кез келген мемлекеттің әл-ауқаты қарттар мен балаларға деген көзқарасымен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі іс-шара өте маңызды деп есептейміз. Алматыда 43 соғыс ардагері қалды, еңбек майданына қа­тысушылар да көп емес. Же­тісу ауданында тұра­тын бір ғана ардагер Илья Кудиннің бүгінгі мерекеге келгеніне  өте қуаныштымыз», деп атап өтті.

Жаңа аллеяның ашы­луына арнайы шақы­рыл­ған ауданның құрмет­ті зей­неткерлерінің ризашы­лығын Құлшара Сиенова жеткізді: «Мен Отанымызға қызмет еткендерге дән ризамын. Бүгінгі қоғамда олардың ер­лігі мен еңбегін құрметтеп, есте сақтағанын көру мен үшін мақтаныш. Бұл аллея әрбір адам аялдап, ойланып, ұмытылмас кезеңдер мен құндылықтарды еске алып, келешекке жеткізетін демалыс мекеніне айналатынына сенемін», деді.

Алматы қаласының әкі­мі Ерболат Досаев соғыс ардагерлерінің шаңы­рақ­та­рына барып, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт То­қаевтың құттықтауын тапсырды.

Алдымен қала әкімі 1925 жылы 99 жастағы Иван Бегуновтың үйіне барды. Украинаның Житомир қала­сында дүниеге келген Иван Матвеевич кейін Ақтөбе облысында кеңес әскері қата­рында қызмет атқарып, сол жерден майданға атта­нып, 228-гвардиялық ат­қыштар полкінің құра­мын­да Еуропаны азат етуге қатысқан.

«Иван Матвеевич, сізді көргеніме өте қуаныштымын. Келесі жылы 100 жылдық мерейтойыңызбен құттық­тай­мыз деп үміттенемін. Сізге бас иіп, тағзым етіп, Жеңіске қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтамыз. Өзіңіздей батырмен мақтанамыз», деді Е.Досаев.

Қала басшысы соғыс ар­да­гері Дарбала Жабатаеваға да ерекше ілтипат көрсетті. Қостанай облысының тумасы Дарбала Әміржанқызы қысқамерзімді курстан байланысшы мамандығын алған соң, 1943 жылы 18 жасында өз еркімен майданға аттанады. Бойжеткеннің алдында фашистердің саны мен орнын анықтап, ол деректерді жедел түрде рация арқылы штаб­қа хабарлау деген жауын­герлік міндеті тұрды. Қиян-кескі шайқастардың бірінде қазақ қызы жарақат алып, госпитальда емделіп шыққан соң, ІІ Беларусь май­да­нының 4-танкке қарсы артиллериялық бригадасына аттанған. Дарбала Әмір­жанқызы жауынгерлік жолын Германияда аяқтаған.

Мәртебелі орден-медальдармен марапатталған соғыс ардагері осыдан кейін де 30 жыл бойы жауапты қыз­мет­терді атқарған. Бүгінде Дарбала Әмір­жанқызы бес немере мен алты шөберенің сүйікті әжесі.

Алматы әкімінің ардагер­лердің отбасына барып, дидарласуы ағайын-туыстың ортасында есте қаларлықтай, ерекше ықыласпен өтті.

 

АЛМАТЫ