Медицина • 15 Мамыр, 2024

Ашықтық жемқорлыққа жол бермейді

165 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Парақорлыққа қатысты елімізде заң қатаңдатылды. Осы орайда бүкіл халыққа қызмет көрсету мекемелері сыбайлас жемқорлықпен күреске жұмылған. Себебі Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі бастамасы жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудан келіп туындайды. Бұл ретте Шымкенттің медицина саласында парақорлықты түбірімен жою бағытында тындырымды істер атқарылып жатыр деу­ге толық негіз бар.

Ашықтық жемқорлыққа жол бермейді

Бұған Шымкент қалалық ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков бастаған бір топ бас дәрігердің орталық коммуникациялар қыз­ме­ті алаңында берген баспасөз мәслихаты барысында анық көз жеткіздік. Брифингте шаһардың бас дәрігері мен аурухана, емхана басшылары тарапынан медицина саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу жолындағы шаралар туралы мәлімдемелер жасалды. Перзентхана, онкологиялық, кар­диологиялық, психикалық ден­саулық орталықтарының бас дәрі­гер­лері де баспасөз мәс­лихатына қатысты.

Жиында бірінші болып сөз алған Н.Асылбеков емделушілер мен қызмет­кер­лерден сыбайлас жемқорлық әрекетіне орай шағымдар түсіп тұратынын жасырмады. Бірақ көп жағдайда мұндай деректер расталмай шы­ғады. Осы тұста қаланың бас дәрігері денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрестегі негізгі құрал­дар­дың бірі ашықтық екенін алға тартты. Соның ішінде қаржы­лан­дыру көзінде де ашық портал арқылы жұмыс істеледі. Сондай-ақ науқастар жиі келетін емдеу орталықтарында 2 мыңнан аса бейнекамералар орнатылған.

«Кадр мәселесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа апаратын жолдарды жою мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, қазір адамдарды медицина мекемесіне жұмысқа қабылдау жариялы түрде іске асырылады. Шынайылық, мөл­дір­лік – сыбайлас жемқорлық әрекеттерін, соған итермелейтін жағдаяттарды жою үшін қажетті шара. Сондықтан қала халқының денсаулығына жауапты сала басшылығы 2022 жылдың 8 қыркүйегінде шаһардың цифр­ландыру басқармасымен бір­лесіп «i-shymkent.kz» порталы арқылы НR-үдеріс жүргізу жүйесін іске қосты. Бұған қоса бүгінгі таңда қаладағы медицина ұйымдары арасында ден­сау­лық сақтау саласындағы жем­қор­лық әрекеттерін болдырмау үшін 11 жоба іске асып жатыр, оның ішінде жаңа бастама саналатын қанатқақты 5 жобаны ерекше атап өтуге болады. Сондай-ақ мегаполистің емдеу мекемелерінде комплаенс офицерлері тұрақты жұ­мыс­тарын жүргізіп отыр. Олар­ың жалпы саны – 28», деді Н.Асылбеков.

Бұдан кейін баяндама жасаған №1 қалалық клиникалық ауру­хана­сының бас дәрігері Қайрат Калибеков аталған меди­ци­на­лық мекеме тәулік бойы жұмыс істеп, науқастарға қа­жетті медициналық көмек көр­сету үшін үздіксіз ем-шарасын жүргізетінін атап өтті. Сыбайлас жем­қор­лықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету. Осы мақсатқа орай аурухана аума­ғында 13 бейнекамера орна­тылған. Сол арқылы емдеу меке­месіндегі барлық қимыл-қозғалыс бақылауға алынып, заң бұзушылықтың жолын кесуге жақсы көмек беріп отыр. Сондай-ақ бүкіл бөлімше, зал, галерея мен адам көп жиналатын орындарға жедел мониторинг жүргізетін 75 бейнекамера қойылған. Ендігі жерде аурахана ISO 37001:2016 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл менеджменті жүйесі, талаптар және қолдану жөніндегі нұсқаулық» атты халықаралық стандарты бойынша сертификат­таудан өтпек. Мекеме басшы­сының айтуынша, бұл алдағы уақытта жүзеге асатын басты жос­пардың бірі болып тұр.

Ал №1 қалалық емханасының бас дәрігері Махамбет Бейсеуовтің мәлімдеуінше, Шымкентте осы күнде 13 мемлекеттік емхана халыққа сапалы медициналық көмек көрсетеді. Емханадағы бар қызмет алдымен тіркеу орнынан басталады. Осыған байланысты туындаған кез келген сұраққа то­лық жауапты науқас сол тіркеу орнындағы мамандардан ала алады. Сонымен қатар қосымша инфо­­бокстар тиісті ақпарат беруге әзір. Келушердің өз-өзіне қызмет көрсететін арнайы бұрышы да ұйымдастырылған. Аталған ем­­ха­наның бірінші қабатында нау­қастарға қолдау шараларын ұсы­натын қызмет, фронт-офис бар, комплаенс-офицер туын­даған мәселелерді шешуге да­­йын. Мәселен, ол емханаға тіркелу, қажетті медициналық қызмет түрлерін алу, жұмысқа байланысты тіркеу учаскесін ауыстыру, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу секілді сан алуан мәселелер болуы мүмкін.

Өз кезегінде қалалық клини­ка­­­­лық балалар аурухана­сының бас дәрігері Динара Жұмаділова да емдеу мекемесінде сыбайлас жем­­қорлықтың алдын алу бойынша атқа­­рылып жатқан жұмыстар мен тиісті тәжірибесі жөнінде баян­дап берді.

«Қоғамның ең басты құн­дылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азамат­тар­дың ден­саулығын сақтау. Соның ішінде балалар денсаулығын жасқарту ең алдымен сапалы медициналық көмекке келіп тіреледі Ал сыбайлас жемқорлық жайлаған жерде сапалы медицина жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Сондықтан мегаполистің жалпы денсаулық сақтау жүйесімен бірге балалар ауруханасының да басты стратегиялық даму үдерісі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты түбімен жоюға келіп саяды. Осы бағытта кейінгі жылдары емдеу мекемесінде көптеген игі бастама, тың әдіс-тәсілдер енгізіліп келеді. Мәселен, 2021 жылдан бас­тап штаттық кестеге сай офицер-комплаенс қызметі қарастырылып, сол бо­йын­ша бүгінгі таңда жауапты маман бекітілген», деді Д.Жұмаділова.

Сондай-ақ бас дәрігердің ай­туынша, мегаполистің Асар шағын ауданында орналасқан балалар ауруханасында сыбай­лас жемқорлықты болдырмау, көрсетілетін медициналық қызмет­тің сапасын бақылауға алу әрі балалар қауіпсіздігін қам­та­­­­­масыз ету мақсатында ауру­ха­наның бірінші ғимара­тында 200 бейнекамера орнатылды. Оның 30-ы сыртта болса, 170 камера ғимараттың іш жағын бақылайды. Өз кезегінде аурухананың екінші корпусында 138 бейнекамера жұмыс іс­тейді. Бұған қоса аталған емдеу ұйымының басшысы мамандарды жұмысқа алуда үміткерлерге теңдей мүмкіндіктер берілетінін атап өтті. Соның негізінде ашық әңгімелесу жүргізіліп, оның қоры­тындысына сәйкес комиссия жұ­мыс­қа қабылдау туралы шешім қа­былдайды.

Жалпы, ашық әдіспен жұ­мысқа тұру мамандар арасында әділ бәсекелестікті күшейтсе, ол өз кезегінде медициналық қызмет сапасының жақсаруына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Ал жемқорлық болған жерде адалдық та, сапа да құритыны рас. Сондықтан мега­полистің медицина саласына жа­уапты мамандар қоғам дертін жеңіп шығуға өздерін мүдделі санайды.

 

ШЫМКЕНТ