Алматы • 16 Мамыр, 2024

Мағынасыз маңдайшалар

131 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Талай рет мәселе ретінде көтеріліп, кейде көпшіліктің наразылығын туғызып жататынына қарамастан, қаламызда бірізділігі жоқ, мағынасыз маңдайшалар, ұлттық ұстаныммен үйлеспейтін жарнамалар, орашолақ атаулар табылып қалады. Оған діттеген мақсатын орындай алмайтын, өтіп бара жатқан жанды ойланта алмайтын, қазына қаражатын тиімсіз шашатын әлсіз әлеуметтік билбордтарды да қосуға болады. Бұл қоғамдық сұрақ адами жауапкершілік пен мемлекеттік тіл мәселесіне барып тіреледі.

Мағынасыз маңдайшалар

Дегенмен қазір Алматының дизайн-кодын қалыптастыру ісі шындап қолға алына бастағаны қуантады. Өйткені қала кәсіпкерлері стандартқа сай келмейтін жарнаманы алып тас­тау туралы ортақ мәмілеге келіп, маңдайшалар мен сыртқы жарнаманы қаланың жаңа дизайн-кодына сәйкес келтіру жұмыстарын атқарып жатыр. Оған қоса, Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметкерлері аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жергілікті коммерциялық нысандардың меншік иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр.

«Алмалы ауданының сауда үй­лерінің біріндегі кәсіп­кер­лерімен кездестік, оларға бұрын заңсыз жарнамаларды алып тастау туралы нұсқау берілген болатын. Кейбірі мұны өздері атқарды, ал енді біріне жаңа нормаларды қосымша түсіндіруге тура келді. Жалпы, бизнес өкілдеріне 900-ге жуық хабарлама бердік, яғни бүкіл қаланың сыртқы келбетін жақсарту жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырамыз», дейді басқарма басшысы Нұрлан Боранбаев.

Осы арада, тақырыпқа орайлас, 2023 жылы желтоқсанда қалалық мәслихат бекіткен Алматының жаңа дизайн-коды әртүрлі ақпаратты жазу мен толтыруға қатысты қатаң талаптар қойғанын еске сала кету керек. Бұл – маңдайшалар, жар­на­малық құрылымдар және кез келген басқа сыртқы ақпарат, сондай-ақ ғимараттардың бірінші және екінші қабаттарындағы тұрғын үйге жатпайтын кеңістіктердің түстері мен әрлеу материалдары. Қысқасы, осы элементтердің барлығы қасбеттің сәу­летімен үйлесіп, ғимарат архитек­ту­расының тұтастығын бұзбауы керек.

Айтқандай, сәуір айының басында «Алматы бас жоспары» ҒЗИ бизнес-қоғамдастықтың өкілдерімен бірге қаланың дизайн-коды аясында брендбуктарды әзірлеу тәсілдеріне ұсыныстар жинау жөнінде жобалық семинар өткізгенін айта кеткен жөн. Кездесу барысында Алматы қала­сының дизайн-коды жобасының бас сәулетшісі Тахмина Сафоева: «Ғимараттардың бірінші және екінші қабаттарындағы тұрғын үй емес үй-жайлардың маңдайшалары мен кез келген басқа сыртқы ақпарат, түс пен әрлеу материалдары қасбеттердің сәулеттік стиліне сәйкес келуге және ғимараттың сәулетін қабылдаудың тұтастығын бұзбауға тиіс. Жалпы, жергілікті жердің сәулеттік ансамблін ұстану қажет», деген еді.

Жиында кәсіпкерлерге қандай орын­дарда маңдайшаларды ор­налас­тыруға жол берілмейтіні анық айтыл­ды. Яғни тұрғын үйге жатпайтын нысандардағы шатыр мен қасбеттік қондырғыларды қоспағанда, үй-жайға кіреберіс шегінен асуға, электрондық табло (шатыр және қасбет қондырғыларын қоспағанда), не жүгіртпе жолдарды пай­далануға, балкондардың қоршауы мен плиталарында, лоджия мен эркерлерде, сәулет элементтері мен ғимараттың кел­бетін жабуға, терезе жақтаулары және витриналарда, ойықтың 30%-дан астам бөлігін жабуға болмайтыны, қасбеттің бүйір шегінен тыс және қасбет жазықтығынан шықпау керектігі, тұрғын үйлердің кіреберістері шегінде, ғимаратты бойлай тік бағытта, кіреберістер саны бойынша бір бірліктен артық маңдайша мен жарнама орнатуға рұқсат берілмейтіні ескертілді.

Бүгінде Алматы еліміздің мәдени ошағы ғана емес, ірі сауда орталығына айналғандықтан, қызмет көрсету саласы да жақсы дамып жатқан қала деуге толық негіз бар. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, тек 2023 жылы Алматыда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпорындардың саны 315,2 мың­нан­ ас­қан. Олар­­­­дың көп­ші­лігі сауда, та­мақтану және қыз­мет көр­сету саласында жұмыс істеп, қарқынды дамып келеді. Бұл әрбір екінші компанияның өз бренді мен маңдайшасы бар деген сөз.

Сәуірдегі басқосуда кәсіпкерлер брендбуктарға «Маңдайша» және «Кіреберіс» бағыты бойынша өз ұсыныстарын білдірген болатын. «Asia beauty» сұлулық салондары желісінің иесі Әсия Әбитаева сыртқы жарнаманы безендіруде бірыңғай стиль қалыптастыру үшін түстердің бірыңғай гаммасын жасау, әріптерді стандарттау каталогін құруды ұсын­ды. Ал «Космокомес» ЖШС иесі Юрий Бабич: «Абаттандырудың барлық элементіне «айдентика» мен ұлттық сим­во­ли­­­­­­­каны ен­гізуді ұсы­­­на­мыз. Бұл ұлт­тық мақ­­­­таныш се­зі­мін ту­ды­­­­­рады, Ота­­ны­­­мызға деген сүйіс­­пен­шілікті ны­ғай­­та­ды», деген ұсы­ныс тастады.

Жиында сөз алған туризм сала­сы­­ның өкіл­дері сырт­қы жарнама мен маң­дай­ша форматы қала кел­беті мен турист тарту мәселесінде де өзекті екен­дігін алға тартты. «Evis travel» ком­паниясының басшысы Светлана Миниханова маңызды мемлекеттік ны­сандарды тақырыптық тұрғыда безен­діруді ұсынды.

Алматы кәсіпкерлері ша­һар­дың дизайн-коды аясында брендбуктар жасауға мүдделі екен­діктерін білдіріп отыр, өйткені әрбір бизнес-нысан үшін маңдайша – танылудың, клиент тартудың, табысты болудың маңызды бір бөлшегі.

 

АЛМАТЫ