Президент • 16 Мамыр, 2024

Мемлекет басшысы Малайзия Премьер-министрімен кездесті

174 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ақорда» резиденциясында Премьер-министр Ануар Ибрагим бастаған Малайзия Үкіметінің делегациясын салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысы шағын форматтағы кездесу барысында Малайзияны Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі ретінде атады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Малайзия Премьер-министрімен кездесті

Фото: Ақорда

Ақорда

«Қазақстан мен Малайзияны ұзақ жылғы достық пен өзара ынтымақтастық арқауы байланыстырады. Бізде бұл бағытта жақсы дәстүр қалыптасқан. Сондықтан Сіздің сапарыңыз екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз көптеген маңызды салаларда өзара ықпалдастығымыз бен ынтымақтастығымызды одан әрі нығайту үшін қосымша күш жұмсауға дайынбыз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, дипломатиялық қатынастар орнаған отыз жыл ішінде екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасты. Қазіргі геосаяси және экономикалық ахуалға байланысты мемлекеттердің қарым-қатынасын одан әрі нығайтудың маңызы арта түсті.

Өз кезегінде Ануар Ибрагим құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, бұл сапарға зор мән беріп отырғанын атап өтті. Астанаға өзімен бірге үлкен құрамда келген Малайзия делегациясы соның айқын дәлелі болады.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ануар Ибрагим саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты кеңейту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Бұдан кейін келіссөздер кеңейтілген құрамда жалғасты.

Ақорда