Тәрбие • 16 Мамыр, 2024

Баланы спортқа қанша жастан баулу керек?

155 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бауыр етіңнің буыны бекіп, бұғанасы қатайған шағынан спортпен шынық­тырудың шарапатын алдымен сол баланың өзі көреді. Дені сау ұлтты мемлекеттің тірегіне айналдыру – өз ырқымыздағы шаруа. Баланы спорт­қа неше жасынан теліген жөн дегенге көпшілік тереңдеп бойлай бермейді. Оларға ұл-қызын осы бір «сиқырға» қы­зықтыра алғанының өзі орасан олжа саналады.

Баланы спортқа қанша жастан баулу керек?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, былтыр 4-17 жас аралығындағы 250 мыңнан аса бала мен жасөспірім 7 мыңнан аса спорт үйірмесіне тегін қатысқан. Оған жергілікті бюджет есебінен 43,2 млрд теңге бөлініпті. Мемлекеттік спорттық тапсырысты жалғастыру үшін жергілікті атқарушы органдар биылға 37,8 млрд теңге қолдау көрсетіп, 240 мыңнан аса баланы қамтуды көздеп отыр. Мемлекеттік қолдаудан сырт әр ата-ана баласының икеміне қарай спортпен шұғылдануына септігін тигі­зіп келеді. Балаға телефонды құшақтап жүргеннен гөрі спорттық үйірмеде шүмектеп тер төккені әлдеқайда пайдалы. Жеткіншектің фи­зиологиялық дамуы, күш-қайратының то­лы­суына қарай спорт түрлеріне телудің маңызы зор.

Балалар психологі Айғаным Қуатқызы баланы спортқа үйретуде аса абай болу қажеттігін ескертеді. Әсіресе, жекпе-жек спорт түрлеріне жататын бокс, ММА, муайтай, кикбоксинг сынды спортқа холерик типтегі баланы ерте жастан беруге болмайды екен.

«Холерик типтегі, яғни мінез-құлқында тумысынан қызбалық, тез ашуға бой алдырғыш, тыз етпе баланы жекпе-жек спорт түріне жастайынан баулыған дұрыс емес. Өйткені мұндай балада басқаға аяушылық таныту, мейірімді болу сезімі төмен болады. Қос қар­сылас бірін-бірі аяусыз сабайтын спорт баланың бойындағы мінезін одан әрі қатай­тып жіберуі бек мүмкін. Сол себепті әр ата-ана баласын спортпен шынықтырмас бұрын оның тұлғалық даму ерекшелігіне, мінез-құлқына, физикалық әлеуетіне, бітім-болмысына баса мән бергені абзал. Күрес, басқа да шығыс жекпе-жек спортына баланы 10 жастан асқанда қатыстыру керек. Себебі баланың маңдайалды ми бөлігі алты жастан бастап дамиды. Мидың бұл бөлігі адамның өзін-өзі бақылап, мінезін тежей алуына, қандай шаруа бастаса да нәтижеге жетуіне әсер етеді. Тек спорт қана емес, жеткіншектердің ғаламтордағы түрлі контенттерден көретін, ойнайтын ойындардың да басым көпшілігі қатыгездікке үндейді. Атыс-шабыс, әлсізге тізе батыру деген мағына үстейтін ойындармен алданады. Кей ата-ана өзінің тұйық, жасқаншақ баласының жасық мінезін спорт шыңдайды деп үйірмеге береді. Мұнда да жауапкершілік маңызды. Ол баласының қандай спортқа икемді екенін, дене әлеуетіне, тұлғалық ерекшелігіне, мінезіне қарай саралап қатыстыруға тиіс. Баланың қабілетін анықтайтын түрлі тест сынағы бар, балалар психологінің кеңесін алған да артық етпейді. Маман ретінде ата-аналарға айтарым, балаңыз басынан ауыр соққы алғанын қаламайсыз ба, онда ММА, кикбоксинг, муайтай сынды жекпе-жек спортына тым ерте бермеңіз. Күрес түрлеріне, өзге де спортқа бау­лығаныңыз дұрыс», дейді Айғаным Қуатқызы.

Бокспен 12 жасынан шұғылданып, 18 жасында ересектер құрамасына қабылданып, Атланта (1996) және Сидней (2000) Олимпия ойын­дарында күміс жүлде олжалаған, қазақ боксшылары арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанған Болат Жұмаділов те баланы ауыр жарақат алатын спорт түріне ерте жастан бермеген жөн дейді.

«Мен де бокспен кәсіби шұғылданғанға дейін жүзу, гимнастика, күрес түрін үйрендім. Баланы ауыр спорт түріне тым ерте қосуға әсте болмайды, ата-аналар осыны ескеруге тиіс», дейді даңқты спортшы.

Расында, бокспен шұғылданамын деген жасөспірімге 15-16 жас та кеш емес. Мысал­ды алыстан іздемей-ақ аса ауыр салмақта әлем чемпионатының һәм жазғы Олимпия ойында­рының күміс медалін иеленген Мұхтархан Ділдә­бековті атасақ, жеткілікті. Көкпардан боксқа бағытын бұрғанда құрыш білек спортшының жасы 16-дан асып кеткен еді.

Қазақ күресінен шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкер, ұлттық дәрежедегі төреші Жангелді Хамитов баланы күреске баулуда тым асығыстық танытуға болмайтынын ескертеді.

«Біз күрес залының босағасынан аттаған әр баланы балуан деп қабылдаймыз. Олардың көзіндегі ұшқынды, күреске деген ерік-жігерін көре тұра ол баланы баули алмау – бапкердің әлсіздігі. Күрес кілеміне кез келген бала аттап баса бермейді, оған да жүректілік, мінез керек. Ең бірінші баланың физиологиялық да­муына, дене бітіміне, қажыр-қайратына қарап бағамдаймыз. Өйткені баланың тағдыры бізге жүктеледі, әлжуаз жеткіншекті бірден жат­тығуға қосып жіберуге әсте болмайды», дейді Ж.Хамитов.

Бапкер баланы жастайынан күрес үйір­мелеріне сүйрей берудің қажеті жоқ деп санайды. Оның айтуынша, ең әуелі гимнастикаға, бассейнге баулыған дұрыс. Өйткені дене бітімі жетіліп, қалыпты өсуіне осы спорт түрлерінің септігі мол. Күрес түрле­рімен 10-12 жастан кейін шұғылданса да кеш қалмайды. Қалада өскен балалардың физи­калық күш-қуаты әлдеқайда кем соғады, кейде тіпті жаттығуда алқынып шаршап қалады.

«Бізге кейбір ата-аналар баласын тым ерте әкеледі. Кейбір ата-ананы райынан қай­тарып, баласы 10 жастан асқанда күреске қосуға кеңес береміз. Бірақ өз дегенінен қайтпайтын жандар да бар. Сондай кезде жеткін­шектерінің тауын шағып, сағын сындырып алмайық деп қабылдаймыз. Алайда 10 жасқа толмаған, балуан болғысы келетін балаға бірден ауыр жаттығу жасатпаймыз. Біз ең алдымен чемпион шығаруды емес, елге пай­дасын тигізер салиқалы азамат тәрбиелеуді мұрат тұтамыз. Спортпен шұғылдана жүріп білімді те­реңдетуді де талап етеміз», дейді бапкер.

Нұрсұлтан Орынбасаров жекпе-жек спортына балаларды баулуды тым ерте бастау тиімсіз екенін ескертеді. «Сағадат батыр» спорт клубының негізін қалаушы бапкер джиу-джитсу спортына қызығушы балалардың қатары артып келе жатқанын айтады.

«Джиу-джитсу спорты келешекте жазғы Олимпия ойындарының бағдарламасына енуі мүмкін. Сондықтан да кейінгі жылдары даму үдерісі қарқын алып келеді. Клубымыздың мүшесі Жібек Құлымбетова джиу-джитсудан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанды. Жібекке еліктеген жасөспірімдердің де шоғыры қалың. Бұл спортқа баланы 10-12 жасынан бастап баулып үйреткен дұрыс», дейді Н.Орынбасаров.

Психолог мамандар бала мектеп жасына толғанға дейін шығармашылықты дамытып, түрлі аспаптарды меңгеруі оң жақ миының дамуына серпін беретінін алға тартады. Сондықтан да баланы шығармашылық үйірмеге беруге күш салған абзал дейді. Бірақ бірнеше үйірмеге қатар қосу да баланың физиологиялық дамуына тежеу екенін ескер­теді. 5-6 жастан асқанда гимнастика, жүзумен қатар футбол ойынына да үйрету артық етпейді. Мамандар ер баланы 9-10 жастан асқанда каратэ, күрес үйірмелеріне, қысқы спорт түрлеріне баулуға болады.

Тау шаңғы спортынан шәкірт тәрбиелейтін нұсқаушы-жаттықтырушы Айбол Жансеркеев баланың ықыласы ауса, аяғына шаңғыны үш жасынан-ақ байлауға болатынын айтады.

«Менің бұл пікіріммен көпшілік келіспеуі мүмкін. Бірақ қысқы спорттан Олимпиада медалін көсіп алып жүрген елдерде бала апыл-тапыл басқанда-ақ аяғына шаңғы іледі. 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпия ойындарында Норвегия спортшылары 16 алтын медаль иеленіп, әлемнің таңдайын қатырған жоқ па? Олимпиада чемпионы атанған Бирк Руд та, Тарьей Бе де көпшілік алдында «қадамымды қаз басқаннан-ақ табанымда шаңғы тұратын» дегенді қалжыңға сүйеп айтса да астарында шындық бар. Өйткені норвегтер балаларын шаңғыға екі жастан асқанда қатыстырады. Менің де ұлым үш жасынан шаңғы теуіп үйренді. Қазір бесте, өзі Шымбұлақта еркін шаңғы тебеді. Сондықтан қысқы спорт оның ішінде тау шаңғысына баланы 5-6 жастан бастап үйрету ерте саналмайды. Ал кәсіби шұғыл­данғысы келетін болса, жаттығуды күшейткені абзал», дейді ол.

Мынаны естен шығармаған жөн, норвегтер баласына шаңғыны екі жастан іледі екен деп елп ете түсуге де болмайды. Әр баланың икемі маңызды. Олар да мемлекеттік бағдарлама түзіп, ел ішінен шаңғыға икемді балаларды іріктеп алып қана жаттығуға қосады.

Мамандар спорттық акробатика, көркем гимнастика сынды иілгіштік икемді талап ететін салаға баланы 5-6 жасынан қосқанды абзал санайды, себебі 10 жастан асқанда иілу жаттығуларын меңгеру балаға қиынға соғатынын ескертеді. Әлеуметтік желідегі жалт етпе жарнамасына еріп кетпей, кез келген спорттық үйірменің, орталықтың жұмыс өрісіне мән берген дұрыс. Заңгерлер үйірме, орталықтардың спорттық сақтандыруы бар-жоғын сұрауды ескертеді. Өйткені жаттығуда немесе жарыс үстінде жарақат алса, өтемақы өндіруде сақтандыру болуы керек.