Таным • 16 Мамыр, 2024

Таныс та бейтаныс...

139 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өнердің өлшемі – талант. Екібастан. Дегенмен кейде көркем туындының сәтті шығуына таланттың тағдыры да әсер етіп жатады. Жалпы, өнердегі мұндай оқиғалар туралы мың сан мысал келтіруге болады. Мәселен, кез келген атақты суретшінің есімі оның шығармашылығымен ғана байланысты сияқты.

Таныс та бейтаныс...

Ақиқатында, ол картиналардың қатпарында автордың қилы тағдыры мен күйі, жан тебіренісі мен тол­қынысы жатыр. Иә, әр көркем туын­ды­ның астарында өз тарихы, өз әуені, өз сезімі, өз мұңы бар. Бәлки, Чак Паланиктің «Өнер тек мұңнан туады» дегені де рас шығар.

Бүгінде орыстың ғажайып порт­ре­тисі Иван Крамскойдың шы­ғар­­­машылығын өнерсүйер жұрт бір сәт ұмытуға айналғандай көрі­неді. Еске салсақ, аңыз-тұлға­ның қылқаламы, тек өз заманының бет-бейнесін бедерледі. Өз қоғамы­ның кейіпкерлерін салды. Өз уақытын жырлады. Суретші шығар­ма­шы­лы­ғындағы сол заман­ның әйдік адам­дарының әрқайсысы көзге оттай басылады. Тіпті өзі «Бейтаныс ару» деп атаған әйгілі картинасы да айтарлықтай таныс.

Иә, аталған туынды Крамской шығармашылығында ғана емес, барша әлемде ең көп таралған кар­тина. Өнер әлемінің сыры мен жұмбағы, сан қатпарлы құпияға толы құштарлығы көрген көзді баурап, өз тылсымының тереңіне ала кеткен картина атауы да көпшілікке бірден әсер етті.

Алайда «Бейтаныс арудың» атағы Айға жеткенімен, сол бейтаныс күйінде қалғаны да қызық. Оның кім екендігі туралы түрлі болжам, түрлі аңыз айтылады.

Соның бірінде картинада дво­рян­ға тұрмысқа шыққан Матрена Саввишна есімді қарапайым шар­­уа қызы бейнеленген деседі. Крамской онымен алғаш рет Петер­бор қала­сында жолығып, сұлу­лығына тәнті болады. Сол шабытпен қылқаламын қолға алған. Ал енді бір аңызға сүйенсек, туынды салынардан бірнеше жыл бұрын орыс әдебиетінің жақұты «Анна Каренина» романы жарық көрген еді. Басты кейіпкердің бейнесіне еліткен шебер атақты картинасын роман ықпалымен жазды деп те айтады. Кейбіреулер суретте Достоевскийдің «Идиот» шығармасындағы Настасья Филипповна бейнеленген дейді. Бәрі де мүмкін.

Десек те Крамской заманының сыншылары картинада жиынтық образ салынғанына сенімді. Олар сол кезде «қымбат камелия» деген атаумен белгілі, яғни бай кавелердің шотына өмір сүретін «үлкен қаланың тумасын» көретінін жазған.

Кезекті болжам бойынша сурет­ші портретті өз қызы Софья Крамс­кая­дан сызған екен. Мұндай пікірге себеп – суреттегі ару сурет­ші қызына арнаған картиналарына қатты ұқсас. Мысалы, «Мысық ұстаған қыз» картинасымен салыстыруға тұрарлық.

Тіпті картина туралы роман­ти­ка­лық болжамдар да айты­лыпты. Бұл пікір Игорь Оболенскийдің «Сұлулық тағдыры. Грузин әйелдер өмірі» атты кітабында жазылған. Оның ойынша, белгісіз ару – І Александр таңдаулысы Варвара Туркес­танишвили. Таңдау­лы­сы ұр­па­ғын жалғар мұрагер та­уып бере алмағандықтан, уақыт өте им­пе­ратордың сезімі суып кетеді. Сүйіктісінен көңілі қалған ару өз-өзіне қол жұмсайды. Осылайша, хас сұлудың қилы тағдыры қылқалам ше­бе­рін шабыттандырған деседі.

Иә, әлемге әйгілі атанған картина хақында сөз де, аңыз да, әфсана да көп. Тылсым туындының мұндай пікір-таласқа, құпияға толы болуы заңды да шығар.