Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Баспасөз мәслихатында сөз алған Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Әбдірәсілов талапкерлердің көбі тестілеуді қазақ тілінде тапсыруды таңдағанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда 330 мыңға жуық өтініш қабылданды. Өткен жылмен салыстырғанда тестіленушілердің саны 19 мыңға артқан, бұған еліміздегі демографияның өсуі себеп. 2023 жылы 162 мың талапкер ҰБТ-ны 291 мың рет тапсырған еді. 6 облыста өтініштер қабылдау әлі де жалғасып жатқанын ескерсек, бұл сан әлі де өсуі әбден мүмкін.
«Талапкерлердің басым бөлігі, яғни 75%-ы емтиханды қазақ тілінде тапсыруды таңдаған. 25%-ға жуық тестіленуші орыс тілін, 221 адам ағылшын тілінде тапсыруды ұйғарды. Тестілеу форматы өзгеріссіз қалды: талапкерлер үш міндетті және екі таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бейінді пәндер бойынша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20, «Оқу сауаттылығынан» 10, «Математикалық сауаттылықтан» 10 және екі бейінді пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары ұпай – 140, бұл да өзгеріссіз қалды. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат (240 минут)», деді Б.Әбдірәсілов.
Ұлттық тестілеу орталығы басшысының баяндауынша, өткен жылдардағыдай, 2024 жылы ҰБТ-да ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады. Сонымен қатар көру қабілеті бұзылған балалардың ыңғайы үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар әзірленді. Қабылданған шаралар нәтижесінде тестілеуге қатысатын мүмкіндігі шектеулі балалар саны артып келеді. Егер 2021 жылы ҰБТ-ға 90 талапкер қатысса, 2022 және 2023 жылдары олардың саны 500 адамға жетті.
«Негізі, министрлік білімді талапкерлердің жоғары оқу орындарына қабылдануына мүдделі. Сондықтан ҰБТ өткізу барысында бізге академиялық адалдықты қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта 2022 жылы енгізілген «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты сақталады. Сондай-ақ өткен жылдан бастап тест нұсқалары таңбаланғанын атап өткен жөн. Яғни ҰБТ-ға қатысушылардың әрқайсысында жеке тест нұсқасы болады. Тыйым салған заттарды тестілеуге кіргізуге тырысқан, тестілеуде ереже бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады. Осы орайда Ұлттық тестілеу орталығы тест тапсырмаларының сапасына ерекше көңіл бөлетінін айтып өтейін. Мысалы, қаңтар ҰБТ-сында мазмұны бойынша қанағаттандырылған апелляциялық тапсырмалардың саны – 49 бірегей сұрақ, ал наурыз ҰБТ-сында 21 бірегей сұрақ болды. Әзірлеушілерді, тестілеу бойынша сарапшыларды, орталық мамандарын халықаралық тәжірибеге сәйкес тапсырмаларды тиімді әзірлеуге, сараптауға оқыту мақсатында министрлік Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасымен 350 адамды арнайы курстан өткізді», деді спикер Б.Әбдірәсілов.
Орталық басшысының айтуынша, Ұлттық тестілеу орталығының жұмысы тестілеуді сапалы, адал өткізуге ғана емес, сонымен қатар ҰБТ-ға дайындалуда талапкерлерді қолдауға бағытталған. Мысалы, орталық талапкерлерге тегін онлайн сабақтар, байқау сынақтарын, қажетті оқу материалдарын ұсынады. Оқу жылының басында орталық сайтында тест тапсырмалары құрастырылған оқулықтар тізімі мен тест жоспары; «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата тізімі; «Информатика» пәнінен терминдер тізімі; «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша әдеби шығармалар тізімі жарияланды.
«Қатысушылар тестілеу қорытындысымен келіспеген жағдайда бірден апелляцияға бере алады. Талапкерлер тест нәтижелеріне сұрақтардың мазмұны бойынша да, техникалық себептер бойынша да апелляцияға бере алады. Сұрақтардың мазмұны бойынша апелляция тестілеу аяқталғаннан кейінгі алғашқы 30 минутта беріледі, бұны дәлелді түсініктемемен негіздеу керек. Егер тестіленуші дұрыс жауапты табуға кедергі келтіретін тапсырма шарттарында фрагменттің (мәтін, схема, сызбалар, кестелер) жоқтығын анықтаса, техникалық себептер бойынша апелляцияға беруге құқылы. Апелляция бойынша өтініштерді Республикалық апелляциялық комиссия 30 жұмыс күні ішінде қарайды. Атап өтсек, биылдан бастап комиссия отырысы басталғанға дейін апелляцияны жеке кабинет арқылы қайтарып алуға болады», деді орталық басшысы Б.Әбдірәсілов.