Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Ал кеше «Қазақстан халқына» қоры, «Қазақмыс» корпорациясы және Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тағы 100 үй тұрғызу жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжат Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған типтік жоба бойынша Петропавл қаласының «Солнечный-2» шағын ауданында тағы 100 тұрғын үйді салуды қамтыған. Осы үйлер құрылысының шығынын «Қазақмыс» корпорациясы көтеріп, 100 үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін мердігерлерге төлеуге «Қазақстан халқына» қорына қайырымдылық көмек ретінде 2,4 млрд теңге аударатын болып келісілді.
Су тасқынынан зардап шеккен отбасыларын тез арада баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен үш жақты құжатта тараптардың міндеттері мен функциялары айқындалған. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның тұрақты даму жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов бұл шығындар компанияның бизнес пен мемлекеттің әріптестігін іске асырудың нақты рәмізіне айналатынын атап өтті. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев барлық жұмыстың ашықтығы, сонымен қатар құрылыс сапасының жоғары болуы қоғамдық бақылаудың қатысуымен ғана іске асырылатынын ескертті. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов зардап шеккендерге қолдау көрсеткені үшін әріптестеріне алғысын білдіріп, апаттың салдарын сәтті еңсеру үшін елдің барлық күш-жігерін бір арнаға топтастыра білген Үкіметке де ризашылығын айтты.
Жергілікті атқарушы органдар тапсырыс беруші ретінде зардап шеккендердің шығынын бағалауға, жаңа құрылыстардың сметалық есептерін дайындауға, жер телімдерін бөлуге, жобалық-сметалық құжаттаманы келісуге, тәуелсіз сараптамалық (бағалаушы) компаниялар мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, мердігерлерді таңдап, бар ақпаратты және қажетті құжаттарды мезгілімен ұсынып отыр. Жаңа баспана алатындарға өздерінің шаруасын дамытуға несие алу мүмкіндігі де жеңілдетілген.
Сонымен, «Солнечный-2» шағын ауданында бұрынғы 100 үйге қоса «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен салынатын баспаналар қосылып, 200 үйді тұрғызатын қаражаттың мәселесі шешілді. Алғашқы 100 үйдің құрылысы мердігерлер маусым айында аяқталатынын айтты. «Қазақстан халқына» қорының төрағасы салынып жатқан үйлерге барып, құрылыс барысымен танысты.
«Мына жоба өте жақсы, сапалы әрі кең екені көрініп тұр. Әрбір үйдің көлемі 80 шаршы метрден екен. Іргетасы мықты, астынан жел сауламас үшін топырақ үйіліп, нығыздалған. Төбесі төрт қатар материалдармен жабылған. Үйге ауызсу тартылған, шайынды сулар қалалық кәрізге қосылады екен. Меніңше, мұндай үйлерге тұрғындар риза болуға тиісті», деді Б.Жәмішев.
Осы «Солнечный-2» шағын ауданында бекітілген үш жоба бойынша барлығы 500 үй салынбақ. Бұл мақсатта құрылыс жерлері бөлінген. Қалған 300 үйдің мәселесімен жуырда облыс әкімі Ғ.Нұрмұхамбетов Астанадағы ірі панельді баспананы салуға маманданған «Үй құрылысы комбинаты GLB» зауытының басшылығымен кездесті. Олардың көмегімен «Kaspi» АҚ қаражатына «Солнечный-2» шағын ауданында тағы да 300 тұрғын үй салынады. Сөйтіп, 500 үйдің құрылысы биылғы жаз бойы жүріп, күзде үйлерді жөндеуге жарамсыз болғандар арасынан зардап шеккен тұрғындардың осынша отбасы жаңа қоныс тойын жасамақ.
Айта кететін жайт, облыс орталығының тұрғындары сорғы стансасын тасқын бұзып, істен шығарғаннан бері үйге келетін суды қаланың түбіндегі көлден тартылған құбырдан алып отырған. Көлдің суы тазаланып берілгенімен ағын судай емес дәмсіз болғандықтан халық ауызсуды дүкендерден сатып алып, ішіп отырған. Жуырда сорғы стансасы жөнделіп, ауызсу Есілден алынатынын «Қызылжар су» компаниясы жариялап, халықты қуантып тастады.
Алайда бәрі де майдан қыл суырғандай жымдасып жатқан жоқ. Судың астында қалған кейбір жақсы үйлердің шығынын бағалаушылар «байдың асын байғұс қызғанады» дегендей арзан бағалап, олардың көрсеткен сомасы үйді қалпына келтіруге жетпейтін болған соң наразылық білдірушілер де шығып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы