Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Осы жылы жаркенттіктер 44429,5 га жерге әртүрлі дақыл мен көкөніс өсірмек. Оның ішінде егін шаруашылығында жетекші дақыл жүгерінің көлемі 23 799 гектарды қамтымақ. Бұдан басқа мың га арпа-бидай, 920 га картоп, 595 га көкөніс, 7 га бақша, 18,6 мың га көпжылдық шөп, 14 га күнбағыс пен майбұршақ өсірілмек. Көктемгі егіске 424 тонна жүгері, 24 тонна арпа, 75 тонна бидай тұқымы дайындалған. Жүгерішілер биыл жердегі ылғалдың молдығын пайдаланып, сәуір айының алғашқы аптасынан бастап жер жыртып, тұқым себуді бастады. Оған дейін топырақ жылуын талғамайтын жаздық бидай, көп және біржылдық шөп, картоп, майлы дақылдар егу қолға алынып, жоспарланған іс тиянақты атқарылды.
Аудандағы егін егілетін суармалы жердің бәрі табиғи құнарынан айырылған. Сондықтан тәжірибелі егіншілер тыңайтқыштарды молынан пайдалануға үміт артады. Ал мемлекеттен жүгері өсіруге жеңілдікпен бөлінетін минералды тыңайтқыш сатып алу жоспары 13 906 тонна болса, бүгінге дейін нақты сатып алынғаны 5 500 тоннаға жетті. Ақтау қаласындағы «ҚазАзот» кәсіпорны мен Тараз қаласындағы «Қазфосфат» зауытынан тыңайтқыш алуға келісімшарт жасалған. Бүгінде Алтынкөл стансасына 15 вагон тыңайтқыш жеткізіліп, қожалықтарға таратылды. Алдағы уақытта да апта сайын Ақтаудан 2 вагон тыңайтқыш жеткізіледі.
Бұл биыл өсірілетін жүгері алқабын құнарландыруға мүмкіндік барын айғақтамақ. Жүгерішілерге 2 есе артық минералды тыңайтқыш қажет. Бұл орайдағы тапшылық тауқыметін егіншілер «құрыққа сырық жалғап», мал қораларынан шыққан көңді алқаптарына шашып, амалдап жүр. Биыл аудан бойынша жалпы егістіктерге 30 мың тоннадан аса органикалық тыңайтқыш сіңірілді. Сәуір айының соңғы күндеріне дейін аудан бойынша жалпы 21 535 тонна органикалық тыңайтқыш егістік алқаптарына тасылыпты. Бұл іс Үлкенағаш, Пенжім ауылдық округтерінде нәтижелі жүргізіліп жатыр.
Суару мәселесінде жаңа техникаға иек артқан абзал. Осы ретте аудан бойынша 2 128 га-ға тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілі қолданылады. Оның ішінде «Жаркент-фрукт» ЖШС 1 050 гектар жеміс бағын, «Көктал-Агро» ЖШС 303 гектар егістік алқабын тамшылатып, 300 га көпжылдық шөбі мен жүгерісін жаңбырлатып суаруды бастағалы 4 жыл болды.
Ал былтырдан бастап Қоңырөлең ауылдық округінің диқандары 72 га көпжылдық шөпті жаңбырлатып суаруды қолға алды. «ОТ Агрохолдинг» ЖШС 250 гектар, «Нұрқайрат» ЖШҚ 40 гектар алқабына жаңбырлатып суару әдісін пайдаланып жатыр. Бұдан басқа «Айгерім», «Айсұлтан», «Илманов. Қ» қожалықтары да жаңа технологияны қолдана бастады. Бұл егін суаратын суды үнемдеуге айтарлықтай көмегін тигізеді.
Өңірдегі жүгері егістігі көлемін игеру толық техникаға тәуелді. Сондықтан жеке шаруа қожалықтары тапқан табысының басым бөлігін ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жұмсап жүр. Яғни жер өңдейтін «темір тұлпарлардың» паркі жыл өткен сайын жаңарып келеді. Биыл көктемгі егін егу науқанына ауданда жалпы 1 231 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы қатысады. Бұдан бөлек, алғашқы 3 айда шаруалар 80,9 млн теңгеге ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.
Техника дегеннен шығады, ақсулық шаруалар да аянып жатқан жоқ. «Ауыл аманаты» жобасының аясында Барлыбек Сырттанов аулының азаматтары «Бауыр» кооперативін құрған. Олар да мемлекет қолдауымен 27,6 млн теңге несиеге қол жеткізіп, ауыл шаруашылығына қажет техникалар алған.
Ақсу аудандық әкімдігінің мәліметінше, жергілікті шаруалар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мен ауыл халқының тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында қолға алынған жобаның игілігін көріп отыр. Былтыр екі шаруа қожалығы мен жеке кәсіпкерлігі бар үш азамат бірігіп «Бауыр» кооперативін құрған. Ауыл шаруашылығымен біраздан бері айналысып келе жатқандықтан, оларға кооператив жұмысын жүргізу қиындық тудырған жоқ. Бірігудің нәтижесінде кооперативтің ортақ меншігінде 100 га жер бар, соның 25-і суармалы жер. Техникалары да ортақ.
«Жеке-дара жұмыс істегеннен гөрі кооперативке бірігіп еңбектенудің ұтымды тұстары көп. Сондықтан ауылдастарымызбен ақылдасып, ұсақ шаруашылықтарымызды бірігіп топтастыруды жөн деп таптық. Бұл орайда «Ауыл аманаты» жобасының мүмкіндіктерін пайдаландық. Техникаларымыз тозып кеткендіктен, кооперативтерге берілетін жеңілдетілген несиеден 27 млн 600 мың теңге қаражат алып, жаңа трактор, тиегіш, соқа және қызылша сепкіш сатып алдық. Биыл 10 га қант қызылшасын, 10 га арпа, 5 га жоңышқа егеміз. Қазір қызылша ең тиімді дақыл болып отыр. Сондықтан алдағы жылдарда суармалы жердің көлемін ұлғайтып, қызылша алқабының ауқымын 50 га-ға жеткізсек деген жоспарымыз бар», дейді «Бауыр» кооперативінің басшысы Бауыржан Бақытжанұлы.
Айтуынша, болашақта кооперативке қызылша жинайтын комбайн сатып алу жоспарланып отыр. Қазір қолда бар техникаларын өздері қолданумен қатар аудандағы өзге де шаруа қожалықтарына жер жырту, шөп шабу сияқты жұмыстарға ақылы қызмет көрсетіп келеді. Бұл техникасы тапшы ұсақ шаруашылықтар үшін тиімді.
Әзірге егіс науқанына дайындық жұмысын үш азамат өздері атқарып келеді. Ал жазда, күзгі жиын-терін маусымында кооператив 10 шақты адамды, соның ішінде сушы, қызылшашы сияқты еңбек адамдарын жұмыспен қамтиды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының шарттары, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдау, әсіресе ұсақ шаруашылықтардың бірігіп кооператив құруының жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын халық арасында кеңінен түсіндіріп келеміз. Округімізде кооператив құру бастамасы жаман емес. Өзара бірігіп, іріленудің нәтижесінде күзгі өнімдерін мол жинап, еңбектің жемісін көргенде, өзгелер де кооперативтің тиімділігіне көз жеткізеді деп ойлаймын», дейді Б.Сырттанов ауылдық округінің әкімі Әділжан Сүлейменов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр облыста 13 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Олардың екеуіне жалпы сомасы 54,6 млн теңге несие берілген. Биыл әр ауданда бір кооперативтен, яғни облыс бойынша 8 кооператив құру жоспарланып отыр.
Жетісу облысы