Руханият • 17 Мамыр, 2024

Колумбтың көз жасы

161 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде қиялдап кетемін. Әгәрәки, әйгілі Христофор Колумб әлдебір құдіреттің күшімен қайта тіріліп келсе, баяғыда «байқамай» ашып қойған Америкасының айбыны асқақтаған алып құрлыққа айналғанын көріп, аң-таң болары анық. Бірақ бұл мұхиттың арғы жағындағы жаңа жердің өзінің емес, бағы жанған басқа біреудің есімімен аталатынын естігенде еріксіз көз жасын көл қылып, еңкіл де еңкіл жылар еді. Еңбегі еш кетсе, еңіремей қайтсін есіл ер?

Колумбтың көз жасы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Тасқа басылған тарихта осы тақылеттес қате­лік­тер­дің талайы кеткен. Бірі түзетілсе, бірі түзетілген жоқ. Орны толмас олқылықтардың үлкені – тұңғыштардың тиісті тұғы­рына қонбауы. Мадақтауға ла­йық марғасқалардың сый-құр­мет­тен тыс қалуы да – өзек өртер өкініш.

Осыған байланысты әлемнің әр қиырынан мысал іздемей-ақ өзіміздің қазақтарға қатысты бірер дерек келтіре кетсек, біраз жайдың беті ашылатын сияқты. Ал айтайық онда ойдағы опыныс­тарымызды.

Бізге мектепте Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» қазақ­тың тұңғыш романы ретінде оқытты. Сөйтсек, осы жанрда одан бұрынырақ жарық көр­ген Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалы» бар екен. Алаш арыстары ақталғанда бір-ақ білдік емес пе?

Қазақ даласында алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин екеніне ешқашан күмәнданған емеспіз. Алайда Жасқұстағы Жәңгір хан мектебінің қоңы­ра­уы одан әлдеқайда ертерек соғылыпты. Оны айтасыз, бала оқы­туды бастаған кезінде Ыбырай Ордадағы осынау білім ұясы­ның жұмысын бақылайтын инспекторлық қызметке тағайын­дала жаздаған көрінеді.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесіндей Рейхстаг қабыр­ға­сына жеңіс жалауын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа тиесілі марапаты тимеді. Орыс Егоров пен грузин Кантария алдын орап, адымын аштырмады.

Атыраудың ақиығы Боран Нысанбаев болса, жау дзотын кеудесімен жабудың рәмізі саналатын Александр Матросовтан екі апта бұрын ерлік жасап, немістердің алынбас қамалынан оқ жаудырған атыс қаруының үнін өшірген гранатасымен бірге жарылды.

Ал сайыпқыран сарбаз Сабалақ Оразалинов омырауын оққа тосып, артындағы әскерлеріміздің атойлап шабуылға шығуына мүмкіндік тудырған. Ең ғажабы, ержүрек жауынгер денесінің парша-паршасы шығып, ауыр жаралан­ғанына қарамастан, Құдай сақтап тірі қалды! Аман-есен елге оралып, бейбіт күннің берекелі тірлігін кешті. Алматының «Динамосында» ойнап, одақтық ірі жарыс­тарда алтын, күмістен алқа таққан атақты ватерполшы Асқар Оразалинов – осы кісінің ұлы.

Қан майданда қаһармандықтың үздік үлгісін көрсеткен капитан Гастелло да – кешегі кеңестік кезеңде аты аңызға айналған батырлардың бірі. Алайда әуе шайқасында отқа оранған ұшағын төмендегі фашистер техникасы топтасқан тұсқа «топ» еткізген ол емес, екінші бір эскадрилья командирі Маслов болып шыққанда, шындық шіркіннің шыңырау түбінде жатпайтынын түсіндік. Аталған экипаж мүшелерінің бірі жерлесіміз Бақтыораз Бейсекбаев екенін білгенде әділеттіліктің салтанат құрғанына қуандық.

Беріге дейін қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов екенін білмей келдік. 1972 жылы Мюн­хен­дегі Жазғы Олимпия ойындарында КСРО құрамасы сапында жасындай жарқылдаған саңлақ бас­кетболшы – Хрущев Қазақстаннан бөліп, Өзбекстанға қосып жіберген Бостандық ауданында туып-өскен өзіміздің қанда­сы­мыз-тұғын.

Тайға таңба басқандай талассыз мәселе төңірегінде пікірталас ұйымдастырып, Алаштың ақтаңгер азаматтары Әлжан мен Жақсылықты экранда беттестіріп «қайсыңыз біріншісіз?» дегенге дейін барған телевидениедегі әріптестеріміздің ток-шоуы онша орынды көрінген жоқ. Мәскеуде басылатын «Физкультура и спорт» журналының 1972 жылғы соңғы санында олимпиадада олжа салған кеңес спортшыларының қатарында қазақ хал­қы­ның да өкілі бары жазылған. Ал ол Олимпиадаға Әлжаннан басқа қазақ баласы бармағаны белгілі.

Қарағанды топырағында кіндік қаны тамып, кейін ата-анасымен Беларусьқа қоныс аударған, сол мем­ле­кеттің мерейін өсіріп, 2018 жылы Қысқы Олимпиадада биатлоннан эстафеталық сында өзге командаластарымен бірге жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Динара Әлімбекова да жатжұрттық «жаман» қызымыз екенін көп ескере бермейтініміз өкінішті-ақ. Ол – қара көзді аруларымыз арасынан осындай жоғары атаққа бірінші болып қол жеткізген спортшы.

Бейнелеу өнеріндегі небір биік шыңдарды бағындырған Орал Таңсықбаев кәсіби сурет­ші дипломын бірінші болып алған қылқалам шеберіміз десек, бәзбіреулер базына білдіруі мүмкін. «Әбілхан Қастеев ше?» дегендей... Ақиқатын анықтағыңыз келсе, кезінде үзеңгі қағыстырып қатар жүрген қос құрдастың өмірбаянына көз жүгіртіп көріңіз.

Қазақстанда халықаралық беделді байқауларда топ жарған талантты скрипкашылар қарасы қа­лың. Неге? Себебі скрипка – біздің жаны­мызға жақын аспап. Оның арғы атасы – қобыз. Алайда ондай ойды музы­ка­ның бірде-бір оқулығынан кездестірмейсіз. 

Жалпы, құжат қаттауға құнт­­сыздау халықпыз ғой. Көп нәрсені көпіртіп ауыз­ша айтамыз. Оған ойдан қосылған аңыз-ертегі секілді артық-ауыс әңгімелер қосылып кететіні белгілі. Жазулы тұрса, жаңылыспас едік. Бір жерге түртіп қоймасақ, Меккеден қазақ тілінде тұңғыш телерепортаж жүргізген журналист Сауытбек Абдрахманов екенін де ұмытып кетуіміз ғажап емес.

Бұл тізімді соза беруге болар еді. Бізге әлі беймәлім мәлі­мет­тер қаншама? Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні: әлемдегі әйдік оқиғалар, дара тұлғаларға бай­ланысты деректер мен дәйек­тер бұрмаланбай тарихта дәл таңбаланып, әлеуметтен әділ бағасын алуға тиіс.

...Көпе-көрінеу мойындалмаған  колумб­тардың көз жасына қала көрмейік.