Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясындағы тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ХVІ сессиясының шешімімен халық жиыны өткізіліп, сол жиында қоғамдық келісім кеңесі құрылған еді. Кеңестің құрамына 15 адам енгізілген болатын.
Қоғамдық келісім кеңесі әлеуметтік, еңбек дауларын шешуге, ұйымның ұжым ішінде жайлы жағдай орнату қызметін үйлестіруге, жұртшылықпен байланысты жан-жақты нығайтуға ықпал ету мақсатында құрылып, маңызы бар қоғамдық-саяси қозғалыстар, қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар, заңды тұлғалар бірлестіктері, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер мен ақсақалдар кеңестері, кәсіподақ, діни бірлестіктер өкілдерінің тұрақты түрде жұмыс істейтін форумы болып табылады. Жосалы ауылдық округінде осы кеңестің алғашқы жиыны өткізіліп, онда кеңестің төрағалығына мен сайландым. Жиында округтің 2015-2018 жылдарға арналған кешенді дамыту жоспары таныстырылды. Сондай-ақ, жиында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы құжаты, кеңес құрамы таныстырылып, 2014 жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды. Сондай-ақ, жиында округтің өзекті мәселелері талқыланып, электр бағандарын түзеу, газ тарту жұмыстары, Тамды ауызсу құдықтарын дәрілеу, қоғамдық монша салу, мал бақташыларды ұйымдастыру, ауылда электр жарығы болмаған кезде халыққа су мәселесін шешу үшін қосымша мотор алу, жылқы малын таңбалау туралы ұсыныстар енгізілді. Округте өткізілген жиында «Туған жерге тағзым» акциясын өткізуді ұйымдастыру туралы мәселе қаралып, онда округтегі айтулы тұлға болған Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай мектеп алдына бюст орнату, елімізден шыққан беделді азаматтардың, кәсіпкерлердің тізімі жасақталып, қаржылай көмек жасауға үндеу жарияланды. Жалпы, өткізілген отырыстарда ауылдың әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, қоғамдық-саяси дамуының мәселелері талқыланып, оларды шешу бойынша ұсыныстар айтылып, тәжірибелік ұсынымдар қабылданып келеді. Ал кеңестің басты мақсаты – әлеуметтік-экономикалық, құқықтық, қоғамдық-саяси, ұлтаралық, тәрбиелік, салт-дәстүрлік мәселелерді, олар бойынша қалыптасқан пікірлерді, көзқарастарды, ұстанымдарды мақұлдау, қоғамдық, ұлтаралық түсіністік пен бірлікті насихаттау. Округ тұрғындары Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдай отырып, бірлік, түсіністік тұрғысында жұмыла еңбек ете бермек. Асан ЖҮСІПОВ, Жосалы ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы. Батыс Қазақстан облысы.Мақсат айқын, бағыт түзу
Аса қадірлі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Сіз Қазақстан халқының маңдайындағы жарық жұлдызсыз. Күн нұры мен ай сәулесісіз. Сіз білімділігіңіз, ақылдылығыңыз, өз халқыңыз бен еліңізге деген адал махаббатыңыз, дана ішкі және сыртқы саясатыңыз арқасында Қазақстан халқын бақытқа бастап келесіз. Сіздің «Нұрлы Жол» жобаңыз Қазақстан халқының болашағы жарқын, келешегі кемел болатынына көзімізді анық жеткізеді және оған кәміл сенеміз. Сіз көп қырлы саясатыңыздың арқасында достық пен бірлік туын жоғары көтеріп, халқымызды бір жұдырықтай жұмылдырып, еңбек етуге үйреттіңіз. Сіздің 1997 жылы бірінші және одан кейінгі халыққа жолдаған Жолдауларыңыз бірлігіміз бен ынтымағымызды бекемдей түсіп келеді. Сіз бір сөзіңізде: «Мақсат айқын болмай, бағыт түзу болмайды», деп айтқан болатынсыз. «Нұрлы Жол» жобаңыз Сіздің келешек айқын және дұрыс екенін кезекті мәрте айғақтап беріп отыр. Бұл бағытыңыз біздің «Мәңгілік еліміздің» дүниежүзінің дамыған отыз елінің қатарына тез арада жетуіне жол ашады. Бүгін Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір іспетті. Береке басы бірлікте, бірлігі бар халықтың байрағы биік болады деп Сіз айтқандай, біздің бірлігіміз, құдай қаласа, ешқашан ыдырамайды. Байрағымызды ұрпағымыз үшін ылғи биікте көре берейік. Сіз ұлағатты сөздеріңіздің бірінде бір адам отымен мың адам жылынады дегенсіз. Қазақстандағы бүгінгі ұлтаралық татулық пен дінаралық түсіністік Сіздің сөзіңіздің дұрыстығын айғақтап беріп отыр. Сіздің «Жол картасы» жобаңыздың арқасында мен туып-өскен Панфилов ауданындағы Пенжім ауылының қасында ғасырлар бойы қозғалмай үйіліп құм астында жатқан далаға екі-үш жыл ішінде көркем және әсем Нұркент ауылы мен Алтынкөл теміржол бекеті салынып, қаншама адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жастар үй алып, баспаналы болды. Халыққа әлеуметтік жағдай толық жасалған. Бұл аудан халқына өте құнды береке әкелді. Ауданымыздағы бұл жаңалық Сіздің халықты жылытып жүрген отыңыздың бір жалыны. Бұл жалын Қазақстан аумағындағы қаншама жерде жанғанын біз білеміз. Мен – табан аудармай отыз жыл білім саласында жұмыс істеген зейнеткермін. Сіздің тапсырмаңызға сай балабақшалар, жаңа мектеп салынып, ескі мектепті жөндеу үшін бөлінген мол қаржы мені қуанышқа бөледі. Бұл – біздің балаларымыз, немере, шөберелеріміздің жарқын болашағына жол ашатын қадам. Ал өзім 78 жаста болсам да бақыт берсе, кәріліктен берсін дегендей, әдемі қартаюға Сіз арқылы жеткеніме ризашылығымды білдіремін. Сізге бүкіл Қазақстан аналары және аудан халқының атынан алғысымды айтамын. Алда келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаймын. Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін. «Нұр Отан» шынайы шаттығым, Кіршіксіз таза пәк күнім. Еңсесін елдің көтерген Беделің биік нақ бүгін, – деп жергілікті ақынымыз жырлағандай, өзіңіз бастаған «Нұр Отан» партиясының беделі әркез биіктей берсін! Маймунам ИМЯРОВА, зейнеткер, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері». Алматы облысы, Панфилов ауданы.Қазақ десе, көз алдыма Абай атам келеді
Осылай толғанған жас ұстаз ұлы ақынның өлеңдері мен әндерінен әркез зор рухани шабыт алатынын жасырмайды
Қазақ тілінде тамылжыта ән салатын орыс қызы барын, оның ғажайып дауысының ұнайтыны соншалық, той-жиындарға арнайы шақыртып алынатынын, ал қайсыбіреулердің оның әнін тыңдау үшін ғана баратынын еститінбіз. Бірде әнші қызды іздеп барғанымызда, мамандығы бойынша мектепке қызмет ауыстырғанын білдік. Телефон арқылы хабарласып, кездесуге келгенімізде өзін Валентина Слесаревамын деп таныстырған мінезі ашық, жайдары қыз бізді ежелгі танысындай құшақ жая қарсы алды. Биыл М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін музыка мамандығы бойынша бітіріп шыққанын, қазір шәкірттерге сабақ беретінін бірден ақтарып салды. «Жақсыда жаттық жоқ» деген. Кітапханада сұхбатымызды одан әрі жалғастырып, тереңірек танысуға мүмкіндік алдым. – Туған жерім – Аққайың ауданындағы Ленин ауылы, – деп сабақтады сөзін ол. – Осындағы орыс мектебінде оқып жүргенде, қазақ тілін таза меңгердім. Кейін тілді де, ойды да ұштайтын түрлі байқауларға қатыса бастадым. Имандай шыным, Абай оқулары ерекше әсер етті. Ұлы шайырдың өлеңдерін тұпнұсқадан оқу арқылы өзгеше бір әлемді, қазақ халқын басқа қырынан танығандай күй кештім. Сөз бен ой әуезділігі жанымды тербеп, әлдилегендей болды. Осылайша мектеп бағдарламасымен ғана шектеліп қалмай, көркем әдебиеттерге деген құмарлығым, құштарлығым оянды. Қазақ десе, Абай атамыздың алдымен көз алдыма елестейтіні де сондықтан. Қазақ тілінде ән айтуды «Көзімнің қарасынан» бастағаным бекер емес шығар, бабамыз аян берген болар деп кейде ойлаймын. Бүгінде репертуарымда жүзге тарта қазақ әндері бар. Валентина университетте оқып жүргенде төрт жыл бойы қаланың беткеұстар мейрамханаларында қазақ әндерін әуелете шырқап, тойлардың көркіне айналыпты. Грантпен оқыған, шәкіртақысын үзбей алып тұрған студенттің бұл әуестігі тек ақшаға қызыққандықтан емес, рухани жүрек қалауынан туса керек. Жоғары оқу орнын үздік бітіріп шыққан оның музыка пәнінің мұғалімі мамандығына қоса, фортепьяно мен гитарада тәп-тәуір ойнайтын өнері де бар. Сол сияқты, вокалдық және дирижерлік мамандықтарға машықтанып, теориялық ән сабағын да жүргізе алады. Бірақ кәсіпқой әнші болуды мақсат тұтқан емес. Қазір қаладағы №4 орта мектепте 1-6-сыныптарға музыка пәнінен сабақ береді. Шағын орталықта музыкалық үйірмеге жетекшілік жасайды. Ол «Сегіз аяқ» пен «Айттым сәлем, қаламқасты» тамылжыта орындағанда алдына түсетін әнші жоқ па деп қаласың. Кең тынысты жоғары сопрано дауысымен «Көзімнің қарасының» бірер шумағын төгілткенде жан тебіреніп, сенбеске лаж қалмады. Оның «Нұрлан мен Мұрат» тобымен өнер көрсету сәті де түсіпті. Сахна төрінде «Саржайлау», «Отырардағы той», «Қоштасқым келмейді» әндерін шырқап, атақты дуэттің өзін таңғалдырыпты. Жергілікті «Шертер» қазақ ансамблімен бірлесіп концерт берген кездерін жылылықпен еске алады. Сол жолы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін үйреніп алыпты. – Неге екенін білмеймін, маған қазақ әндері қатты ұнайды. Сірә, ол Абайдың өлеңдері мен әндеріне деген зор сүйіспеншіліктен оянған болар. Және де менің сопрано дауысыма қатты үйлеседі. Жерлесіміз Сәбит Мұқановтың сөзіне жазылған «Қазақ вальсін» орындағанда да жаным таңғы шықтай тазарып шыға келетіндей көрінеді. «Біржан-Сара» операсынан Сараның ариясын сүйіп орындаймын. Ал жастардың тойында көбінесе қазақтың эстрадалық әндерін орындап жүрмін. Алдағы мақсатым – шәкірттерімнің бойына қазақ әндерінің нәрін сіңіру, – дейді ағынан жарылған кейіпкеріміз. Оның әнге деген әуестігі әкесі Сергей Алексеевичтен жұқса керек. Ауылдың қарапайым еңбеккері жас кезінде шаруашылықта құрылған эстрадалық ұжымға мүше болып, жетпісінші жылдары «Той жыры» әнін айтқаны қызының есінде қалыпты. Валентинаның ұстаздық аяқ алысы да қуантады. Мектеп жанындағы шағын орталықтағы төрт топтың балаларына Мемлекеттік гимнді үйретіпті. «Алтын күз» әнімен мектеп сахнасына шығарыпты. Мұғалімдер мерекесінде оқушылары «Мектебім» әнін орындап, үлкен сыйлық жасапты. Абай әндерімен қанаттанған ару қазақ әндерін жас өрендерге үйретуді осылайша сәтті жалғастырып келеді. Тоқтар НҰРАХМЕТҰЛЫ, журналист. Солтүстік Қазақстан облысы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.Пәтер алған күні Елбасына хат жазамын
– дейді облыс орталығындағы №19 қазақ орта мектебінің 7-сынып оқушысы Нұржан Мүгілсім
«Егеменнің» облыс орталығындағы тілшілер қосынына адамдар арыз-шағымдарын алып келіп-кетіп жатады. Оларға қолдан келгенше көмектесуге асығамыз. Жанайқайларын газет бетіне жазып та жүрміз. Мына бір хатқа мән беріп қарар болсақ, ой саларлықтай екен. Рамазан мен Қауия үй кезегіне сонау 1992 жылдары тұрса керек. Сонау деп айтуға тура келеді, өйткені, соншама жылдар бойы пәтер аламыз деген үміттерін үзбей әлі күтіп жүр. Сол жылдары тұрғын үй кезектерінің құжаттары облыс орталығындағы Индустриялық ауданы тараған кезде жоғалып та кетіпті. Кейіннен Мүгілсімдер отбасы 2003 жылы тағы да әлеуметтік тұрғын үй кезегіне тұрған. Оның өзіне 11 жылдай уақыт өтіпті. Пәтерден пәтерге көшіп жүрсе де, Рамазан мен Қауия Меруерт, Қарлығаш атты екі қыз бен Бауыржан, Нариман, Нұржан деген үш ұлды тәрбиелеп өсірген. Қазір Меруерт тұрмыс құрыпты, 3 баласы бар, Қарлығаш та тұрмыста, 3 балалы, екеуі де мұғалім. Бір өкініштісі, Бауыржан ауырып мүгедек болып қалған соң, үйде оқиды. Нариман әскер қатарына барып келген. Арнайы орта білімді, облыс орталығындағы №1жылу электр стансасында жұмыс жасайтын әкесінің жолын қуып, газбен, электрмен дәнекерлеуші мамандығын алған. Сөйтіп, Рамазан мен Қауия немерелі де болды, ұлдары Нариман үйленіп, өмірге Ермахан атты ұл келеді. Ал енді біздің кейіпкеріміз Нұржанның жайына тоқталайық. Ол – Рамазанның үшінші ұлы. 2007 жылы Елбасы жұмыс сапарымен Павлодарға келгенде облыс орталығындағы №10 балабақшаға да соғады. Сол кезде Нұржан Мүгілсім Елбасына компьютер арқылы қазақы ұғымдар тізбесін жасап көрсетіп берген еді. – Кішкентай күнінде Елбасымен түскен суретке жиі қарай беретін.Үйге келген қонақтарға, достарына көрсетіп жататын. Әлі де үстелінің үстінде тұрады. Ғұмыр бойғы естелік қой, – дейді Рамазан бізбен әңгімесінде. Қазір сол кішкентай компьютерші бала Нұржан ержеткен. Облыс орталығындағы №19 мектептің 7-ші сыныбында оқып жүр. Елбасының ризалығын, батасын алған бала. Талапты. Зерек оқушы. Қазір осы Нұржан өсіп келе жатқан отбасы облыс орталығындағы пәтер кезегінде 71-ші болып тұр екен. Әне-міне деумен, күтумен, шенеуніктердің уәдесіне сенумен келеді. Ылғи кейін шегеріле берген ғой. – Әке-шешемнің талай жылдар бойы сарылып әзер жеткен 71-ші кезегін тағы да кейін шегеріп тастамаса екен, биыл пәтер алсақ, қуанышымды айтып Елбасына хат жазар едім, – дейді Нұржан. Олай болса, біздің де Елбасымен түскен суретке қарап жылылық, мейірімділік іздейтін Нұржанның, бесікте жатқан кішкентай Ермаханның қуанышына ортақтасқымыз келеді, енді, жергілікті әкімдіктер де назарға алып, ойланар деп күтейік. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». ПАВЛОДАР.