Алматыда өткен Орталық Азияның 13 сауда форумына қатысқан спикерлер бұл мәселелердің бәрін елдер арасындағы тығыз ынтымақтастық арқылы ғана шешуге болатынына назар аударды. Әлемнің күрделі геосаяси ауысулар алдында тұрғаны да форум спикерлерінің назарынан тыс қалмады.
«Біз он жылдан астам уақыт бұрын сауда ынтымақтастығын арттыру тұрақты, гүлденген және өзара байланысты Орталық Азияны құра алады деген сеніммен дүниеге келген осы форумды қолдайтынымызды мақтан тұтамыз», деді USAID әкімшілігінің аға орынбасары Зейнах Салахи.
Форум өткізіле бастаған ондаған жылдан бері оған Орталық және Оңтүстік Азияның, Еуропа мен АҚШ-тың 25 елінен 10 мыңнан астам мемлекеттік және коммерциялық құрылым өкілдері қатысып, нәтижесінде, 32 миллион доллардан асатын келісімшарт жасалған. Кейінгі 20 жылда өңірдің жиынтық ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) нақты мәнде жылына орта есеппен 6,2 пайызға өсіп, 347 миллиард долларға жетті. 2000 жылдан бері сыртқы сауда айналымы жеті есе өсті. 2022 жылы Орталық Азия елдерінің импорты мен экспортының жиынтық көлемі шамамен 190 миллиард долларды құраған.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, Орталық Азия елдерімен сауда көлемін екі есеге арттыру жоспарланып отыр. Оның сөзінше, өткен жылы Қазақстанның Орталық Азия елдерімен сауда көлемі 7,7 миллиард долларға жеткен.
«Орталық Азия елдері теңізге шыға алмайтындықтан, аймақішілік сауда үлкен рөл атқарады. Сауда – кез келген елдің экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Мұнда қатысушылар қағазсыз сауданы, жұмсақ және дәстүрлі инфрақұрылымды, электронды коммерцияны талқылайды, сонымен қатар елдер бойынша белгілі бір тақырыптық сессиялар бар. Елдер арасындағы экономикалық байланыстар қарқынды дамып келе жатыр және ол инфрақұрылымға тәуелді. Халықаралық ұйымдармен, соның ішінде USAID-пен бірлесіп саланы сараптау жұмысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, тиісті жол картасы қабылданды. Сонымен қатар біз Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында өзімізді тәртіпке келтіреміз және жақын арада қайта қарау болады, онда біз өзімізге алған міндеттемелерді тексереміз. Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының да маңызы ерекше. Ол еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия елдерінің Еуропаға шығатын қақпасы. Себебі орта дәлізге (TMTM) жататын Баку – Тбилиси – Карс (БТК) теміржолында жүк тасымалы 2024 жылдың 20 мамырында қайта басталады. Жаңартылғаннан кейін теміржолдың өткізу қабілеті жылына 1-1,5 миллион тоннадан 5-6 миллион тоннаға дейін артады», деді Қайрат Төребаев.
Форум барысында негізгі назар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды және транзит-көліктік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге аударылды. Цифрландырудың логистикалық саланы дамытудың негізгі драйвері екені жалпыға бірдей мойындалса да жүктерді тасымалдау үдерісінде реттелмеген қалтарыстардың көп екені айтылды. Пікірталас алаңдарында қандай идеялар естілсе де, ең алдымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саяси ерік-жігері қажет екені де сөз болды.
Көлік министрлігі Көлік саясаты басқармасының басшысы Әсемгүл Рахметованың айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы 13 көлік дәлізі өтеді. Биыл төрт ірі жобаны аяқтау жоспарланып отыр екен. Олар – Орталық-Оңтүстік, Талдықорған-Өскемен, Ақтөбе-Қандыағаш және Атыраудан республика шекарасына дейінгі аралық: Маңғыстау облысымен ең қысқа байланысты қамтамасыз ету және арақашықтықты қысқарту үшін ұзындығы 515 шақырым болатын Бейнеу – Шалқар тасжолының құрылысы.
2024 жылдың наурыз айында Қытайдың Сиань қаласынан Баку порты арқылы Әзербайжанның Апшеронына небәрі 11 күнде жеткен контейнерлік пойыз іске қосылды. Жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдау үдерісі тек ұлттық заңнамамен ғана емес, сондай-ақ тиісті халықаралық конвенция және нормалармен де жоғары деңгейде реттеледі. Олардың әрқайсысы қағаз жүзінде қандай да бір құжатты талап етеді. Қазір Орталық Азия елдерінің де, жаһандық ауқымның да міндеті осы құжаттардың барынша көп бөлігін цифрлық шешімдерге көшіру екенін сарапшылар да жиі айтады.
АЛМАТЫ