Су тасқыны • 21 Мамыр, 2024

Тасқын сабағы

240 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылғы алапат су тасқыны елді біраз әбігерге салды. Ендігі міндет – алдағы уақытта осындай төтенше жағдайды болдырмау үшін су тасқынының алдын алуда орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан жол берілген елеулі кемшіліктерді талдап-талқылап, тағылым алу.

Тасқын сабағы

Фото: gov.kz

Тек Тө­тенше жағдайлар ми­­нистр­лігінің ше­неу­ніктері «Биылғы су тасқыны – 80 жылда бір-ақ рет қайталанған құбылыс. Енді көп уақыт мұндай төтенше жағдай болмайды», деп арқаны кеңге салып, жайбасарлық пен жайбарақаттық танытпаса, құба-құп. Өйткені апат айтып келмейді. Мәселен, 2010 жылғы наурыз айында Алматы облысының Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасындағы бөгет бұзылып, топан су Қызылағаш ауылындағы 450 үйді қиратып, 45 адамды мерт қылғаны жадымызда. Осы қасіретті оқиғаға байланыс­ты Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланған еді. Адамдардың қаза табуына әкеліп соққан төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, кінәлі лауазым иелері сот арқылы жазаға тартылған. Кейін Қызылағаш ауылының алдында су тасқыны құрбандарына арналған ескертіш монумент орнатылған. Алайда өкінішке қарай, Қызылағаш оқиғасынан ТЖМ мен жергілікті атқарушы орган­дар сабақ алды деу қиын. Биыл­ғы алапат су тасқыны соны айғақтап берді.

Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 25 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Апаттарға қарсы күрестің тиімді жүйесін құруды көздейтін күрделі шаруа шешімін табуы керек. Сондықтан табиғат апаттарымен күресетін пәрменді шаралар қабылдау үшін мемлекет пен ғылымның ықпалдастығын іс жүзінде қайтадан түзу қажет. Менің тапсырмаммен Тараздағы Қазақ гидромелиорация-құрылыс инс­титуты қайта құрылады. Сондай-ақ Алматыдағы Сейсмология институтының әлеуеті күшейеді. Климат өзгерістерін зерттеп, тежеуге айрықша назар аударылады. Су шаруашылығы саласын басқару жүйесі, оның ішінде «ҚазСуШар», «Нұра топтық су құбыры» сияқты компаниялар да түгел қайта құ­ры­лады. Елдегі бөгеттер мен бөгендердің барлығы дерлік өткен ғасырдың 50-70 жылдары салынған. Заман талабына сай су қоймалары тапшы болғандықтан, биылғы тасқынның зардабы тіпті ауыр болды. Сондықтан Қазақстанның 11 аймағында жаңадан 20 бөген салынады, тағы 15-іне күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда 134 елді мекенді су басу қатері едәуір азаяды. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына тасқынның алдын алу және оның салдарын азайту шаралары қосылады. Бұл шаралар халықаралық тәжірибені ескере отырып әзірленеді. Төтенше жағдайлар министрлігінің техни­ка­лық базасын жаңартамыз. Оның арнайы техникасының, тік­ұшақ­та­ры мен ұшақтарының санын көбейтеміз. Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Бұл қызмет жерасты су ресурстарын барлау және қорғау жұмысымен айналысады», деді.

Мемлекет басшысының Үкі­мет­ке бер­ген осы тапсырмалары ойдағыдай іске асырылса, елі­міз­де су тасқыны, жер сілкінісі сияқты табиғи апаттардың ал­дын алуға қажетті мүмкіндік туары анық. Бұл ретте ендігі ең маңызды мәселе – орындаушылық тәртіпті күшейту, орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдар бас­шы­ларының жауапкершілігін арттыру. Мәселен, Сенат депутаты Серік Шайдаров жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында «Министрліктердің жұмысында жүйелілік пен сабақтастық жоқ. Он жыл бұрын министрліктер мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, еріген қар суын жинау, су қоймаларын салу, гидротехникалық ғимараттарды қайта құру және жөндеу, өзен арналарын тазарту бойынша үлкен жоспарлар жасады. Алайда сол жоспарлардың көпшілігі қағаз жүзінде қалды», деді.

Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы мәселе бойынша Бас прокурорға депутаттық сауал жол­­дады.

«Елімізде кейінгі отыз жылда болған ірі су тасқындарына назар аударсақ, олар 1993, 1994, 2008, 2010, 2011, 2012, 2014, 2017 және 2018 жылдарға келген екен. Сарапшылардың есептеуінше, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 315,2 млн доллардан асады. Ал биылғы шығын бұлардың бәрінен асып түсіп, антирекорд болғалы тұр. Алайда осы кезге дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылмапты. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген – Үкімет емес, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады. Қылмыстық кодекстің 3-бабында аса ірі залал және ауыр зардап деген ұғымдар бар. Биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұрынды, ең қиыны – адамдарымыздан айырылып қалдық. Осыған байланысты Президент сізге нақты тапсырма берді. Сондықтан мен бір топ депутат арнайы барып, қалыптасқан жағдайды зерттеген екі өңір – Батыс Қазақстан облысының және Атырау облысының Құлсары қаласының мысалында тексеруді Бас прокуратура деңгейінде, кешенді түрде ұйымдастыру қажет деп есептеймін», деді А.Құспан.

«Бұқаралық ақпарат құрал­да­рына, жоғары жаққа жалған ақпар беретін­дер­ге қатаң жаза белгіленуі шарт. Бұл – қиын шаруа емес. «Сөз бен істің арасында саңылау қалмаса екен» деген халықтың тілегі бар. Қазіргі заманда әр деңгейде шұғыл шешім қабылдап, жауапкершілікті мойынға алатын тұлғалар қажет. Тиісті лауазымға тағайындау кезінде талап етілетін өлшемдердің бірі нақ осы қасиет болғаны жөн», деп жазды мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай әлеуметтік желідегі па­рақ­шасында.

Тағы бір ойланарлық жайт – мәжі­лісмен Мақсат Толықбай ризашы­лық­пен атап өткен Атырау облысындағы Миялы ауылы сияқты тұрғындары сын сағатта жұ­ды­рық­тай жұмылып, апатқа қарсы тұра білген ауызбірлігі мықты елді мекендерді өзгелерге үлгі-өнеге ету шараларын қарастыру. Бәлкім, аудандық немесе облыстық мәслихаттар олар үшін «Ұйымшыл ауыл» құрметті атағын тағайындап, оның куәлігін салтанатты жағдайда тапсырған жөн шығар.