Жұмыс күні таңғы алтыдан басталады. Жауапты мамандарға сенбегендігі емес, құрылыс нысандарын бірінен соң бірін аралап, жұмыстың барысын өз көзімен көрмейінше көңілі көншімейді. «Оу, мен жұмыс істемесем, қарыздарымды банкке кім қайтарады?» дейді. Осы айтқандағы жайдары жүзіне қарағанда қарызы бастан асатын адамның кейпі емес. «Қайдағы қарыз, сіз батпан байлыққа батып отырған бай адам емессіз бе?» деймін ғой сөзінің астарына түсіне алмай. Осы таңданысымды байқаған Низамхан Сулайманұлы: «Менің мойнымда он миллиард теңге несие бар. Жеті айда он мектептің құрылысын бітіру оңай дейсіз бе, қаражатыңыз болмаса қалай бітіресіз?» дейді. Бақсам, ол кісі бір нысанның құрылысы толық біткен сәтте банкке кепілге қойып, келесі нысанды бастау үшін несие алатын болып шықты. Қарызын дер кезінде қайтаратынын білетін банктегілер де екі сөзге келмей, сұрағанын беретін көрінеді. Есесіне халық игілігі үшін қажетті қаншама нысан бой көтерген. Оның ішінде қазақ тілінде тәлім-тәрбие мен білім беретін мекемелер қаншама? Жетіп-артылады. Өзі қазақшаға судай. Ағып тұр. Өзбекше қосып сөйлемейді. Таза қазақша.
«Мен жарық дүние есігін ашқан Сайрам аулының үш мың жылдық тарихы бар. Тарих демекші, сіз білесіз бе, Қожа Ахмет Ясауидің әке-шешесі біздің ауылда жерленген. Бұл елді мекенде өзбектер көп. Біз үшін Қазақстан – ортақ Отанымыз. Құшағы кең, жүрегі дарқан қазақ елінде тұрып жатқандықтан, қазақ тілін білу – міндет. Мен 1964 жылы №19 Пахтакор атындағы сегіз жылдық мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы Науаи атындағы №16 орта мектептің тоғызыншы сыныбына қабылдандым. Оны үздік бітіріп, 1967–1972 жылдар аралығында Самарқан қаласында сәулет-құрылыс институтында инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Мектепте қазақ тілін жақсы оқыдым. Институтта оқып жүргенде де қазақшаны ұмытқан жоқпын. Өйткені аралас-құралас жүрген достарым мен ауылдастарымның арасында қазақ жігіттері көп болды да, олармен ана тілінде сөйлесетінмін. Еңбек жолымды Шымкент қаласындағы №1 құрылыс-жөндеу учаскесінде бетоншы болып бастаған кезде де ұжымда қазақ жігіттері басым болды. Олармен қазақ тілінде емін-еркін, таза сөйлесуімнің арқасында болар, біте қайнасып, айнымас дос-жаранға айналдық. Тіпті бұл ұжым менің екінші үйіме айналды. Осында табан аудармастан отыз жылға жуық шебер, прораб, бас инженер болып еңбек еттім. Учаске құрылыс басқармасына айналып, ауқымы кеңейген тұста басшы болып жиырма жыл абыройлы еңбек еткенімді мақтанышпен айта аламын. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы» деген атағым бар. Зейнет демалысына 2010 жылы шықтым. Осы кезде балабақша мен мектеп салу туралы толыққанды ойлана бастадым. Зайыбым Арофатхан – 45 жыл мектепте шәкірт тәрбиелеген өнегелі ұстаз. Ол да «Тойхана, дүкен салғанша, білім ордаларын сал» деді. Содан бастап сала бастадым», дейді Низамхан мырза.
Бұл елімізде «Балапан» бағдарламасы қолға алынған уақыт. Осы кезде Низамхан Сулайманұлы ерекше құлшыныс танытып, 2010–2018 жылдар аралығында Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында «Жамалай ана», «Жан-Балажан», «Гүл-Астана», «Нәзира ана», «Сулайман ата», «Арофат», «Жаннатай ана», Сайрам ауданының Қарабұлақ аулында «Жас ұлан» сияқты барлығы 8 балабақша салған. Мектепке дейінгі осы білім мекемелерінде бүгінде бес мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Низамхан Сулайманұлы 2018 жылдан бастап барлығы 14 заманауи мектеп салып, халықтың алғысына бөленді. Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында 1000 орындық «Арофат», Шымкент қаласында 2500 орындық Абай Құнанбаев атындағы, Шымкент қаласында 1200 орындық «Низамхан» мектебі салынды. Сайрам ауданының Қарабұлақ аулында 2500 орындық «Сайрам» мектебі, Сайрам ауданының Манкент аулында 1200 орындық Әл-Фараби, Ә.Науаи, Ә.Молдағұлова, А.Ясауи, Ақсукент аулында 1200 орындық М.Әуезов пен Д.Қонаев атындағы мектептер, Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында 3500 орындық А.Байтұрсынұлы атындағы, 1200 орындық «Астана» және «Түркістан» мектептері, Шымкент қаласының «Нұрсәт» шағын ауданында 3500 орындық Д.Қонаев атындағы мектеп салынып, пайдалануға берілді. Қазір Шымкент қаласында тағы бір 3500 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл білім мекемелерінде барлығы 2000-нан астам мұғалім еңбек етіп, 18 мыңнан астам оқушы тәлім-тәрбие алады.
Мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде. Заманауи теледидар, компьютер, интерактивті тақта барлық білім мекемелерінде жеткілікті. Мұғалімдердің жұмыс және демалыс бөлмесі бар. Медициналық бөлме, психолог, логопед кабинеттері қарастырылған. Бассейн, спорт және мәжіліс залдары, шаштараз, кең де жайлы асханалар жұмыс істейді.
Мектептерде оқу қазақ, орыс, өзбек тілдерінде ақысыз жүргізіледі. Ағылшын тілі тереңдетіліп оқытылады. Ұзартылған күн топтары бар. Сонымен қатар тіл үйрену курстары, шахмат, дойбы, хореография, музыка және түрлі пән бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Үздік оқушыларға тоқсан сайын құрылтайшы есебінен шәкіртақы беріледі. Оқу жылының соңында оқу озаттарының ата-аналары мен білікті ұстаздарға Астана, Алматы, Түркістан, Ташкент, Самарқанд, Бұхара қалалары мен түрлі демалыс орталықтарына тегін жолдама берілетіні тағы бар.
Жалпы, «НС» корпорациясына қарасты мектептерде білім сапасына баса назар аударылады. Сондықтан оқушылардың нәтижесі өте жоғары. Корпорация мектептері республикадағы жеке оқу орындары арасында алдыңғы орында.
«Мен өмірде белгілі бір жетістікке жетсем, бұл – ата-анамның арқасы. Олар дұрыс жол көрсетіп, ақыл-кеңесін аяған жоқ. Балаларының бәрін кішкентай кезінен еңбекке баулыды. Адал еңбектің наны тәтті екенін ұғындыра білді. Асып-таспауға, барға қанағат етіп, жаны қиналған жандарға жылы жүзбен, мейірімді көзбен қарап, көмек қолын созуға тәрбиеледі. Ардақты Жамалай анам мейірімді, жүрегі кең, қанағатшыл, кішіпейіл жан еді. Ол Аллаға шүкіршілік етуден жалыққан жоқ. Арнайы білімі болмаса да, намаз оқығанда оған тең келер ешкім болмады. Дұғаны жүрекке жағымды дауыспен, ұйқасын келтіріп, шебер оқитын. Әкем Сулайман ұзақ жыл ұжымшарда астық бригадасын басқарды. Ол маусымдық жұмыстар қызған кезде түн ортасында үйге қайтатын. Біз ол кісімен сөйлесу былай тұрсын, ай бойы бет-жүзін де көрмейтін едік. Өйткені біз ұйқыдан тұрғанда әкемнің ала таңнан қайта жұмысқа кеткенін анамыздан еститінбіз. Жарының жайлы мінезі мен бізге деген шексіз махаббатына бөленген балаларына ол кісінің алаңдайтын да жөні жоқ еді-ау», дейді Низамхан Сулайманұлы.
Олар отбасында алты ұл, үш қыз. Жамалай ана өмірін балаларына арнады. Олардың арманы орындалғанын ойлады. Шүкіршілікпен өмір сүріп, дүниеге қызыққан жоқ. Шыдамдылық пен қанағаттың, отбасына деген шексіз махаббат пен сүйіспеншіліктің шынайы бейнесін көрсетіп, келіндеріне аяулы ене болды. Оларға білгенін үйретті. Үй шаруасындағы әйелдің тазалыққа мән беруі маңызды деп есептеп, ауланы күнде сыпырып-жинап, қонақты ашық жүзбен қарсы алуды талап етті. Жұбайы жұмыстан келгенде жақсы көңіл күймен қарсы алу керек дегенді еш ұмытқан емес.
«Шүкір, анамыз салынып жатқан балабақшалар мен мектептерді өз көзімен көрді. Біздің жетістіктерімізге куә болып, еңбегімізді бағалап, ақ батасын беріп, еңбегімізге риза болды. Бала үшін ата-анасының қошеметін естігеннен артық бақыт бар ма», дейді кәсіпкер.
Анасының ақ батасын алған Низамхан Сулайманов 2010 жылы Сайрамда ашылған тұңғыш балабақшаны аяулы анасының құрметіне «Жамалай ана» деп атады.
Әкесі Сулайман Юлдашев Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсетіп, жеңіспен елге оралған соң, адал еңбегімен құрметке бөленіп, үлгілі отбасының иесі ретінде елге танылған тұлға еді. Оның балалық шағы аштық пен қуғын-сүргін жылдарына тұспа-тұс келген. Зерек бала Сулайман жолы болып, жеті жасында мектепке барады. Ол кезде сауатты адам аз болғандықтан, ұжымшардағы есепшінің де жұмысын қоса атқаруына тура келген. Соғыс басталғанда он жетіге енді ғана толған бозбала Отан қорғауға аттанып, Мәскеу, Ленинград, Пушкино, Калининград, Рига, Кенигсберг үшін қан майданның бел ортасында болып, үш рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жауынгер Юлдашев Эстония, Латвия, Литва, Беларусь, басқа да республикаларды жаудан азат етуге қатысады. 1947 жылы туған аулына оралып, еңбек жолын қарапайым хатшыдан бастайды. Аудандық партия комитетінде қызмет етіп, одан кейін жеті жыл Сайрам ауылдық кеңесін басқарады.
«Сол жылдары ауылда жаңа оқу орындарының салынуы әкемнің есімімен тікелей байланысты. Алдымен мектеп-интернат ашылып, 1956 жылы Калинин мектебінің іргетасы қаланды. Ол уақытта мен баламын, еміс-еміс есімде бар, әкем Асар жолымен мектеп құрылысын бастайды. Осыған ауыл тұрғындарын тартуға барын салып кіріскен көрінеді. Соғыстан кейінгі қиын кезең, еркек кіндік ауылда аз болғанына қарамастан, адамдардың басын біріктіріп, жұмыла жұмыс істеудің өнегесін көрсетсе керек. Әкемнің бастамасымен ауылдағы аурухана кеңейтіліп, медициналық пункттер қатары беске дейін көбейіп, үйлерге радио нүктесі тартылып, көшелерге тас төселіп, орталықтағы мешіт қызметіне ресми рұқсат алынған екен. Әкемнің осындай қасиеттері маған жұғысты болғандай. Құрылысшы мамандығын таңдауымның да бір себебі осы. Мектептер мен балабақшалардың құрылысын бастауыма да осы жағдай түрткі болғаны айқын», дейді Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Шымкент қаласының, Сайрам ауданының құрметті азаматы Низамхан Сулайманов.
Закіржан МОМЫНЖАНОВ
Шымкент