Көрме • 21 Мамыр, 2024

Көшпелілер тарихын толғаған жапон қолтаңбасы

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем бойынша аталып өтетін Халықаралық музейлер күні аясын­да музей кеңістігіндегі мәдени мұраны насихаттау және кең аудитория қалыптастыруды мұрат тұтатын Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі дәстүрлі мереке ажарын жапон өнерімен айшықтады. Музей қызметкерлері өнер сүйер қауымның назарына «Жапон өнері. XVII-XXI ғасырлар» атты көрме мен осы аттас каталогтің тұсаукесер рәсімін ұсынды.

Көшпелілер тарихын толғаған жапон қолтаңбасы

«Қазақстанның жетекші өнер музейінің қорынан жапон өне­рі­нің каталогін басып шығару екі ел арасындағы халықаралық мәдени іс-қимылды нығайту мен жандандыруға септігін тигізеді деген үміттенеміз», – деді музей директоры Гүлайым Жұмабекова.

Жапон өнерін қамтыған жи­нақ­қа 250 шығарма топтастырылды. Туындылардың көпшілігі музей қорына Мемлекеттік Шығыс өнері музейінен, Қазақстан Мем­ле­кеттік орталық музейінен, Целиноград облыстық тарихи-өлкетану музейінен, тағы басқа өнер ошақтарынан 1936 жылдан бастап тапсырыла бастаған. Музейдің ғылыми қызметкерлері жапон тақырыбындағы туындыларды зерттей келе, «Жапон өнері. XVII-XXI ғасырлар» атты жаңа каталогті әзірлеуге жұмылып, 150 жылдық тарихы бар, кеңсе және кәсіби цифр­ландыру саласындағы әлемдік көшбасшы Konica Minolta Kazakhstan компаниясының қолдауымен жарыққа шығарып отыр. «Алғаш көпшілік назарына музей қорынан ұсынылып отырған жапон сәндік қолданбалы өнері, мүсін және графика топтамасы өнертанушылар, музей қызметкерлері, мамандар мен өнерді бағалайтын барша оқырмандарға шабыт беріп, тың идеялардың бастамашысы бола отырып, Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлес болатынына шын жүректен сенеміз», – деді Орталық Азиядағы Konica Minolta Kazakhstan өкілдігінің басшысы Павел Шалагинов.

Сондай-ақ кәсіби мереке күнгі ауқымды іс-шара әй­гілі жапон суретшісі Каору Моридің туындыларына ар­налған «Қалыңдықтың хикая­сы» тақырыбындағы манга көрмесімен сабақтасты. Көр­ме экспозициясы Орталық Азия­ның ерекше мәдениеті мен өмір салтын көрсететін әсерлі оқиғалар мен қызықты кейіпкерлерді сипаттайды. Манга – жапон өнерін дәріптеу мақсатындағы XIX ғасырдың ортасында бастау алған ерекше бағыт. XIX ғасырдағы Орталық Азияның мәдениеті мен дәстүрін, отбасылық қарым-қатынасын және бай мұрасын Каору Мори керемет манга өнері арқылы таныстырады. XIX ғасырдағы көшпелілер тарихымен танысуға шақырған автордың бұл тарапта айтары аз емес. Каору Мори Орта Азияның өмірін, пейзаждары мен сәулетін, осы жерлерді мекендеген көшпелі рулар мен қала тұрғындарының өмірін асқан шеберлікпен тартымды бейнелейді. Көрменің жетекшісі Азат Дидардың айтуын­ша, «Қалыңдықтың хикаясы» серия­сы 2008 жылдан бастап Aokishi (Kadokawa) манга журналында жариялана бастаған. Бүгінде 14 томы жарық көрді, бірнеше тілге аударылып, әлемге кеңінен танылды. Серия көптеген отандық және халықаралық мара­пат­тар­ға қол жеткізді, соның ішінде 2014 жылы Manga Awards сый­лығының бас жүлдесін ие­лен­ді. 2022 жылы Жапония мен Орталық Азияның бес елі ара­­сындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орна­ғанына 30 жыл толуына арналған мерейтойлық жоба аясында «Қалыңдықтың хикаясы» Кио­тодағы Халықаралық манга му­зейін­де көрмеге қойылды. 

«Қалыңдықтың хикаясы» манга көрмесі «Кадокава» корпо­ра­циясының және Қазақ­стан Республикасындағы Жапон ел­шілі­гінің қолдауымен ұйым­дас­тырылды. Мерекелік іс-шара серіктесі «Ичикава» Жапон орта­лы­ғы және Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың Шығыс тілдері кафедрасының ұйытқы болуымен оригами, каллиграфия, жапон тілін үйрену, жіптен шар жасайтын темари өнері бойынша шеберлік сабақтары тегін өткізілді.

 

АЛМАТЫ