Қоғам • 22 Мамыр, 2024

Ізгілік марафоны

79 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресми дерек бойынша, елімізде аутизм диагнозымен тіркелген баланың саны – 16 700. Оның 3 479-ы – елорда тұрғыны. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде өмірге келетін әрбір 54-баланың аутистикалық спектрінде кінәрат бар.

Ізгілік марафоны

Астанада аутизм сырқатына шалдық­қан балаларды қолдау мақсатында жал­пы­халықтық жүгіру марафоны өтті. 2 мың­нан аса адам қатысқан «Run for autism» қайы­рымдылық жүгіру марафоны биыл екінші мәрте ұйымдастырылды. Қатысушылардың жарнасынан жиналған 13 млн теңге қаражат аутизм, менталдық бұзылыстары бар балалар үшін балабақшаларда иклюзия­лық кабинеттерді ашып, жабдықтауға жұмсалады. Игілікті іс-шараны «Болашақ» корпоративтік қоры мен Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырып, серіктестердің қолдауымен өткізді.

Қайырымдылық бағыттағы жүгіру мара­фонының мақсаты – аутизм туралы жұрт­шылықты тереңдей құлағдар ету, сырқат­қа шалдыққан балалардың өмір сүру сапасын жақсарту, олардың әлеуметтік қамтылуын қамтамасыз етіп, өз мүмкіндігі бойынша қабілеттерін жүзеге асыруға жағдай туғызу.

Аутизм кеселі ерте көрі­ніс береді және жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік-эко­номикалық жағдайына байланысты болмайды. Бұл әсі­ре қайталанушы мінез-құлық­тан және күнде­лікті қарым-қа­тынаста­ғы қиындықтардың әсе­рінен байқалады. Өкініштісі, мұның бәрі мұндай балаларды қоғам өмірінен тыс қалдырады. Бірақ мінез-құлықты сауатты түзету арқылы, мейірімділік­ке бө­лей отырып, аутизммен ауыра­тындарды қоғам өміріне белсенді тартуға болады.

2015 жылдан бері «Болашақ» қоры Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда 57 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 800-ден аса бала мектепке баруға мүмкіндік алды.

Астана қаласындағы Триат­лон сая­бағын­дағы жүгіру марафоны 1 000 м, 2 500 м, 5 000 м және 10 000 метр қашықта өт­ті. Қатысу жарнасы 5 990-8 990 тең­ге ара­лы­ғындағы қайырымды­лық додасына Астана, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Орал, Өс­кемен, Қызылорда, Көкше­тау, Екі­бастұз, Степногор, Тал­дықорған, Ша­хтинск, Ақтөбе, Семей, Арқалық, Атырау, Қос­та­най қалаларынан барлығы 2 330 адам қатысты.

Іс-шараны қолдаған Пар­ламент Сена­тының төрағасы Мәулен Әшімбаев ерекше балаларға қоғамда тең мүмкіндік жасауға баса мән берілетінін айтты.

– «Run for autism» – жай спорттық дода ғана емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдауға және ауылдар мен қалаларда инклюзивті орта қалыптастыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгін біз осы жарыс арқылы еліміздегі әр балаға ерекше қажеттілігіне қарамастан білім алып, дамуы үшін тең мүмкіндік беру жолында тағы бір маңызды қадам жасап отырмыз. Баршаңыз­ды осындай игі бастаманы қол­дауға, әр баланың өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жа­салған инклюзивті қоғам қа­лып­тастыруға үлес қосуға үндеймін, – деді М.Әшімбаев.

Жарысқа кәсіби спортшылардан бөлек бочча бойынша пара-спортшылар, ымдау тілі спортшылары, әуесқойлар, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар, ерекше қажеттіліктері бар 120-дан аса бала, ата-аналар қатысты. Онлайн жүгіріс­ке Алматы, Ақтау, Екібастұз, Орал, Қарағанды, Петропавл және Қосшы қалаларынан тапсырыс берген 24 адам да қолдау көрсетті.

Мәреге жеткен барлық қа­тысушы естелік медальдарға ие болды, ал әр қашықтық бо­йын­ша жеңімпаздар дипломдар мен медальдармен марапатталды. Әрбір жүгі­рушіге шоппер, футболка, жүгіріске арналған және лотереялық ұтыс ойыны үшін нөмір таратылды.

Іс-шара аясында аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизмі бар, пси­хикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, даун синдромына шалдыққан 5-14 жас аралығындағы 100-ден аса бала қатысты. Іс-шара аясында балаларға медаль және іс-шараның демеуші серіктестері ұсынған арнайы сыйлық тарту етілді.

– «Run for autism» – аутизм бойынша зерттеулерді қолдау үшін қаражат жи­науға арналған халықаралық бастама. Олар әртүрлі форматтарда өткізіледі: марафон, жар­тылай марафон, триатлон, жүгіріс және т.б. Бүгінде Нью-Йорк, Лондон, Берлин, Чикаго, Питсбург сынды әлемнің ең ірі қалаларында ұйымдастырылады. Біз­дің қор бұл халықаралық тәжірибені алғаш рет елімізде іске асырды. Өткен жылы біз алғашқы «Run for autism» жүгі­рі­сін өткіздік. Жиналған қаражатқа елорда­ның балабақшаларында үш инклюзияны қолдау кабинетін жабдықтадық. Бір каби­нетті жабдықтауға шамамен 2 млн теңге жұмсалады. Бұл сомаға ерекше бала­лардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауға арналған жиһаз, оргтехника және көмекші оқыту мате­риалдары сатып алынады. Бұл жолы да жиналған қаражатты біз балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуға жұмсаймыз. Өйткені инклюзияны ерте жастан бастаған жөн. Бұл жағдайда менталдық бұзылыстары бар баланың болашақта сәтті оқуға және әлеу­меттенуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары бо­лады. Осындай ауқымды іс-шараға қол­дау көрсеткен демеушілеріміз бен серіктес­терімізге алғысымыз шексіз. Жыл сайын жа­рысқа қатысушылардың саны артып келеді. Демек, біздің қайырымдылық іс-шарамыз да кеңінен насихатталып, қоғамның орасан қолдауына ие болып келеді. Мақсатымыз – мүмкіндігінше көп адамның аутизм туралы тереңдей түсінуіне атсалысып, инклюзия мәселесі оңынан шешілуіне септігімізді тигізу, – деді «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төр­айымы Динара Гаплан.

Жүгіру сайысына 50-ден аса компания мен ұйымның қызметкерлері, оның ішінде инклюзивті білім беру са­ласындағы қызметкерлер қатысты. Сол қатарда АВА-терапевт Алмас Ақан даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Тамшылар» Бала­ларды дамыту орталығындағы әріптестерін бастап келгенін жеткізді.

– Бұл қайырымдылық марафонына алғаш қатысып отырмын. Мен үшін осы дода­ға қатысу – аутизмге адамдардың наза­рын аудартудың, сырқат қиындықтармен күнделікті бетпе-бет келген жандарға қолдау көрсетудің, AСБ бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарта алатын білімнің таралуына көмектесу деп білемін. Біз дамуында ерек­шеліктері бар балаларға жағымсыз мінез-құлықпен күресуге, басқалармен қарым-қатынас орнатуға күш саламыз. Нәтижелі, дә­лел­денген әдістерді қолданамыз және бала­лар күнделікті тапсырмаларды сапалы орын­дауы үшін отбасымен және басқа ма­ман­дармен бірлесе жұмыс істейміз, – деді А.Ақан.

Қайырымдылық марафо­ны­на қариялар да қатысты. Солар­дың бірі Астана тұрғыны Аман­гелді Дошановтың жасы – 81-де. Марафонның ең қарт қатысушысы 10 шақырым қа­шықтыққа жүгірді.

– Бүгін мен өзімді, өз күшім­ді сынап көр­гім келді. Біз бәріміз қай жаста бол­сақ та дұ­рыс әрі толық өмір сүруіміз үшін ден­саулығымыздың қаді­рін біліп, шы­нығуға міндетті­міз. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өзін сергек сезініп жаттығулар жасап, спорттан шет қалмайды. Өзге­ге тамсана да бермеу керек, өз елімізде де спортты серік етіп келе жатқан қарттар бар, – деді А.Дошанов.

Марафонның жеңімпазда­ры мен жүл­­дегерлеріне демеуші­лер тарапынан ұсы­нылған ба­ғалы сыйлықтар берілді. «Run for autism» қайырымдылық іс-шарасы был­тыр тұңғыш ұйым­дастырылғанда еліміз­дің 7 қа­ла­сынан 1 100-ден аса адам, оның ішінде даму ерекшелікте­рі бар 96 бала қатысқан еді. Қа­йырымдылық іс-шарасына қатысушылардан жиналған 7 млн теңгеге «Болашақ» қоры Астана қаласындағы №54, №60, №66 балабақшаларынан үш инклюзияны қолдау кабинетін ашып, жаб­дықтады. Бүгінде аутистикалық спектрі әлсіз 18 бала осы кабинеттерде білім алады.