Кино • 22 Мамыр, 2024

«Соңғы үкім»: Қиян жолда мойымаған ғұмыр

129 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана ел астанасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлына арналған тағы бір көркем фильмнің алдын ала жабық көрсетілімі өтті. «Соңғы үкім». Атауы айтып тұрғандай, картинада көрнекті тұлғаның тағдырын шешкен соңғы үкіміне дейінгі барлық кезеңі суреттеледі. Бақ пен талас, қуаныш пен қайғы, өкініш пен үміт... Әрине, Ақаңның ерен еңбегі мен қилы өмір жолын бір фильмге сыйғызу мүмкін емес. Шығармашылық ұжым 126 минуттық туындыда дара тұлғаның тағдырына әсер еткен елеулі оқиғаларды көрсетуге тырысқан. Фильмнің жабық көрсетіліміне ­зиялы қауым қатысты.

«Соңғы үкім»: Қиян жолда мойымаған ғұмыр

Түсірілім жұмыстары 2021 жылы бас­талған кинотуынды ұлт ұс­тазының 150 жылдық мерейтойына арналған. Толық­метрлі тарихи драманы Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің тап­сы­рысымен, Ұлттық киноны қолдау мем­лекеттік орталығы­ның қолдауымен «Folklore media» студиясы түсірген. Про­дюсері мен сценарий авторы – Ғалым Доскен (сценарийді бірлесіп жазған – Тұрсынжан Шапай, Асқар Құмыран). Режиссерлері – Ерген Тоқмырзин мен Ерлан Нұрмұхамбетов, композиторы – Бейбіт Ақош.

Фильмді тамашалаған әр көрер­мен тұтас бір ұрпақтың сауатын ашып, елінің азаттығы үшін күрескен Ақаң­ның соқтықпалы ғұмырын, алты рет абақтыға қамалып, екі мәрте жер аударылып, екі рет өлім жазасына кесілуі­нің сырына үңіліп, жауап алары да сөзсіз. Ресей империясы мен Еуропаның айтулы университеттерін тәмамдаған бі­лім­­паз қазақ зиялыларының алғашқы тол­қыны ұстаз деп мойындаған баста­уыш сынып мұғалімінің өмір жолы туралы баяндалатын картина сол заманның шындығын да тамшылай көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тіл білімінің негізін салып, XX ғасырдың бас шеніндегі ірі түрколог ғалымдар оны қалай тең тұтқаны да суреттеледі. Сондай-ақ фильм өлім тәнін алса да, бірақ өзін ешқашан жоғалтпай, істеген барлық істері келер ұрпақтың игілігіне айналады деп сенген Ахметтің өмірінің соңғы сәттерінен сыр шертеді.

ва

Туындыда басты рөлдерді белгілі актер Азамат Сатыбалды мен Дарья Алек­сандрова сомдайды. Бұған қоса, фильмде Әлихан Бөкейхан, Міржа­қып Дулатұлы сынды нар тұлғалардың образын Еркебұлан Дайыров пен Айдар Наурызбаев ойнаған. Жалпы, актер­лік құрамның да ерекше талғам­мен жасақталғанын байқадық. Александр ­Баг­рянцев, Ерлан Кәрібаев, Максим Лу­кая­нов, Михаил Токарев, Дәурен Серға­зин, Алексей Фиалко, Назгүл Қарабали­на, Ғалымбек Оспанов, Алек­сандр Свин­цов, Нұралим Варисов, Иркә Абдулма­нова, Айболат Дастанұлы сынды басқа да ­талантты актерлерді көрдік.

Сондай-ақ жабық көрсетілім аясында Ақаңның әр кезеңдегі суреттері қойылған көрме ұйымдастырылды.

Кинотуындының продюсері әрі сценарий авторы Ғалым Доскен аталған картина тек қана Ахмет туралы емес екенін айтады.

«Яғни мұнда қазақтың ұлттық ин­тел­лигенциясының алғашқы легі, солар­дың арманы мен көксеген мұраты бе­рілсе, бір жағынан сұлулық, әдемілік су­реттеледі. Ахметтің қиын тағдыры ар­қылы сол қазақ интеллигенциясының сөйлеу мәдениетінен бастап, киім киісі, жүріс-тұрысына дейін ең әуелі өзіміз елестетіп, содан кейін сіздерге жеткізуге тырыстық», дейді кино продюсері.

Ал көркем фильмнің сценарийін жа­зуға он екі ай уақыт кеткен.

«Фильмді түсіруге екі жарым жылдай уақыт кетті. Өйткені пандемияның уақытында басталып кеткен болатын. Сол себепті оңайға түспеді. Алматы және Семей қаласында түсірілді. Бұл жерлерде ескі үйлер көп болды. Сонымен қатар Жетісу, далалық көріністердің көбісі Абай облысында түсірілді», деді Ғалым Доскен.

Сондай-ақ ол тарихи деректердің мұқият зерттеліп алынғанын атап өтті.

«Естеліктерінің өзінде қайшы тұстар кездеседі. Оның өзі қаншалықты рас екенін тексеріп алу керек. Сондықтан біз барынша сол кездегі жағдайға, сол кездегі шындыққа, сол кездегі саяси жағдайға осы фильм жауап бере ала ма, жоқ па дегенге басымдық бердік», дейді кино продюсері.

Иә, тарихи тұлғаларды бейнелеген фильмдердің артар ауыр жүгі де, сұра­лар талабы да осы – тарихи шын­дық пен көркем шындықтың, деректер мен дәйек­тердің орынды әрі нақты қолданылуы.

Фильмді тамашалаған «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының директоры Болат Мүрсәлім туындыда тарихи де­ректер­дің бұрмаланған жері жоқ еке­нін атап өтті.

«Тарихи драма Ахмет пен Бад­риса­фаның теперішті-талайлы тағдырын суреттейтін қақтығысты дүниеден гөрі екі мұңлықтың үнсіз ұғысқан көңіл пер­нелерін нәзік басқан полотноға көбі­рек ұқсайды. Реалистік кино тіліне бір­ді-екілі жерде символизм, аллегория элементтері жымын білдірмей сіңіп кеткен. Өзімізге жақын Алаш тақыры­бы болған соң, іштей бейсаналы түрде «қате» де іздеп отырдық, фильмде бір­де-бір маңызды фактінің мифке айнал­ған, басқаша трактовка жасалған жері жоқ. Фильмнің музыкасы ұлттың рухани көсемінің әлеміне сағынышты саз­бен бойлап, жаңаша интерпретация бере түседі», деді ол.

Кино да идеологияның маңызды бір бөлшегі іспеттес. Қоғамды тәрбиелеу, ұлттық сананы ояту, рухани деңгейді көтеру жолында көгілдір экранда көр­сетілетін туындылардың рөлі күшті. Осы орайда «Ұлттық киноны қолдау орталығы» АҚ басқарма төрағасы Құр­ман­бек Жұмағали да аталған тарихи ­дра­маға қатысты өз ойымен бөлісті.

«Ұлттық патриотизмді тек тарих оятады. Тәуелсіздіктің тамыры терең тарих­тан бастау алады. Осыны Алаш алыптары айтып, қағазға түсірді. Біз де осын­дай тағылымға, өнегеге толы шығармалар көбейе берсін дейміз. Биыл 5 жыл­дық мерейтойын атап өткен Ұлттық киноны қолдау орталығы осы бағытта отандық кино­индустрияны дамыту үшін министр­лік­пен бірлесе жұмыс істейтін болады», деді Қ.Жұмағали.

Сонымен, «Соңғы үкім» 23 мамырдан бастап еліміздің барлық кинотеатр­ла­рында көрсетіледі.

Еске салсақ, бұған дейін де ұлт ұстазы туралы сериал түсірілген болатын. Бұл да ұлттың олжасы еді. Әрине, көркем дү­ние­нің бәрі дерлік көркемдік үде­ден шыға бермеуі мүмкін. Түрлі талғам, түрлі деңгей, түрлі шеберлік... Десек те қандай деңгейде болса да тарихи тұлғалар ту­ралы қазақтілді контенттің көбейе бер­гені дұрыс-ақ.