Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Кәсіпкер жұмысы және бақылау
Денсаулық саласында дәрі-дәрмек сапасын, қауіпсіздігін бақылауға бейжай қарауға болмайды. Цифрлық технологиялар қолданысқа енгелі сатып алу тәртібінде ашықтық пайда болды. Мысалы, қазір елде дәрілік заттардың 7 мыңға жуық түрі тіркелген. Әрбір дәрі-дәрмектің министрлік бекіткен шекті бағасы бар. Мұны жақсы білетін кәсіпкерлер де бірлі-екілі дәрінің үстіне бес-он тиынын қосып сатудан қаймығады. Өйткені дәрі-дәрмекті жеткізумен және сатумен айналысатын ұйымдар бағаны шекті межеден асырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тіпті лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін түсінеді. Тағы бір ақпарды айтар болсақ, шілдеден бастап ветеринарияда қолданылатын дәрілік заттар мен вакциналарды қоспағанда, шетелден келген және ел аумағында өндірілген дәрілік заттарға қатысты міндетті таңбалау енгізіледі екен.
Ресми дерекке сүйенсек, елде 10 мыңға жуық дәріхана бар. Олардың жұмысы Кәсіпкерлік кодексінің аясында реттеледі. Сол ереже-талаптардың сақталуын Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, комитеттің өңірлердегі 20 департаменті бақылайды. Бақылағанда, бейжай тексермейді, арыз-шағымдарды басшылыққа алады, профилактикалық бақылау жүргізеді.
Интернет жүйелер арқылы қадағалайды. Сосын заң бұзған дәріханалардың тізімі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітіліп, Прокуратураға тіркеген соң ғана тексеру жүргізеді. Тексергенде де кәсіпкерге бір ай бұрын хабарлайды, ескертеді. Яғни Кәсіпкерлік кодекс шеңберінде комитет қызметкерлері дәріханаларды кез келген уақытта себепсізден себепсіз тексере алмайды. Демек дәріхана жұмысын тоқтатып, лицензиясынан айыру дегеніңіз – оңай шаруа емес. Дәріхана ашуға рұқсатты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері бергенімен, заңға сәйкес олардың лицензиясын тек сот арқылы қайтарып алуға болады. Комитеттің департаменттері ереже-талапқа сай жұмыс істемеген субъектілердің жұмысын тек уақытша, 6 ай мерзімге дейін тоқтата алады. Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті басқарма төрағасының орынбасары Алмагүл Кенжеханованың айтуынша, былтырдан бері лицензиядан қағылған дәріхана тіркелмеген.
– Былтырдан бері талапқа сай жұмыс істемеген бірнеше дәріхананың жұмысы 6 айға дейін уақытша тоқтады. Оларға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 464-бабына сәйкес, айыппұл салынды. Мұндай жағдайда 6 айдың шеңберінде әлгі дәріхана жұмысын реттеген соң аумақтық департаменттің мамандары барып жұмысын қайта тексереді. Дәріхана басшылығы кемшілікті реттесе, жұмысын қайта жалғастыруға рұқсат. Егер дәріхана басшылығы сыннан сабақ алмаса, аумақтық департамент мамандары лицензияны қайтарып алу бойынша сотқа ұсыныс жолдайды. Былтыр дәріханаларға қатысты жалпы 864 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылған. Оның құны шамамен 34,5 млн теңге шамасында болды. Мұнда дәріхана мамандары біліктілік талаптарына сәйкес келмеген. Дәрілік заттарды дұрыс сақтамаған, кейбір медициналық ұйымдардың дәрілік заттармен қамтылмаған фактілері тіркелді. Дәрілерді уақтылы жоймаған, лицензиясыз жұмыс істеген жағдайлар бар. Мерзімі өткен дәрілерді сату фактісі тіркелмесе де, медициналық ұйымның ішінде қолданған 2 жағдай бар. Оларға айыппұл салынып, дәрілік заттар тәркіленіп, жойылды. Байқасақ, әкімшілік айыппұл көбіне дәрі-дәрмекті дұрыс сақтамаған субъектілерге салынған. Сосын дәріні рецептсіз сату фактілері жиі кездескен, – дейді А.Кенжеханова.
Дәріхана ашу қиын ба?
Алматыда 1 500-ге жуық дәріхана жұмыс істейді екен. Ал Астанада 1 200, Шымкентте 800-ге жуық дәріхана бар. Дәріхана ашуға рұқсатты Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті және комитеттің аумақтық департаменттері беретінін жоғарыда айттық. Дәріхана ашуды ойлаған субъектілер Денсаулық сақтау министрлігінің 148-бұйрығымен бекітілген талаптарға сәйкес келуі керек. Мысалы, ондағы мамандардың міндетті түрде фармацевтика мамандығынан білімі болуға тиіс. Жоғары, мейлі орта білімді болса да жарайды. Тек, орта білімді маманның 3 жыл еңбек тәжірибесі болуға тиіс деген ереже бар. Дәріхана ауданы 30 шаршы метрден кем болмауы керек. Дәріхананың өзінің жиһаздары, ауаны өлшейтін құралдары, тоңазытқышы болуы шарт. Осы секілді басқа да бірнеше қатаң ереже бар. Тағы бір мәселені қаперге алайық. Егер дәріхана ЖШС немесе АҚ болып құрылса, онда басшының фармацевтикадан білімі болмаса да жарайды. Тек дәріханаға жауапты немесе меңгерушінің білімі болуы шарт. Ал дәріхана ашуды көздеген жеке кәсіпкерлерге фармацевтикадан білімі болуы маңызды. Онсыз жұмыс істей алмайды.
Препараттардың құны нарықтық қатынастарға, өндірушінің бағасына, шетел валюталарының бағамына, өндіруші және сатып алушы елдің баға саясатына, логистикаға, шикізат құнына және басқа факторларға байланысты өзгереді. Былтыр және биыл үш айдағы сараптама бойынша дәрі-дәрмек бағасы шамамен 13 пайызға қымбаттаған. Бұл – ортақ, салыстырмалы есеп. Негізі кейбір дәрілік заттардың бағасы 13 пайыздан жоғарыласа, екіншіден, басқа дәрінің бағасы былтырғыдан 14-15 пайызға төмендегені байқалады. Мысалы, биыл жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған, микробқа қарсы, вирусқа қарсы препараттардың бағасы өскен. Сол секілді антикоагулянттар, стероидті емес қабынуға қарсы препараттар, витаминдердің бағасы төмендеген. Қош, былтыр елде бағаны негізсіз көтеріп сатқандарға қатысты 12 әкімшілік хаттама толтырылғанын ескерсек, баға бақылауда деп айтуға болады. Мұндай факті анықталған жағдайда тұрғындар медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне дәлелді құжаттармен (сатып алғаны туралы чек) немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.
Ішкі өнімнің бағаға әсері
Дәрілік заттарды шығаруға арналған өнімді, яғни негізгі шикізатты әлем елдері Қытай мен Үндістаннан алатын көрінеді. Елдегі өндірушілер де осыған иек артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фармацевтикада отандық өндірісті 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған еді. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Онда сатып алу үдерістерін, бағаны реттеу, цифрландыру, шетелдік инвестиция тарту сынды басқа да межелі міндеттер қамтылған еді. Мұны фармацевтикалық кәсіпорындардың дамуын жеделдетуге, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, озық технологияларды енгізуге жол ашады деп түсіндік.
Фармацевтикада ірі, белді компаниялар «Big Pharma» төңірегіне топтасқан. Қазір осы қатардағы ірі компанияларды шақырып, есесіне отандық өнімнің үлесін арттыруға көңіл бөлініп отыр.
– Елде өндірілетін дәрі-дәрмектің бағасы шетелден келетін тауардан әлдеқайда арзан болады. Әрі өз өнімдеріміздің сапасы да жақсы. Қазір елде 193 өндіруші бар. Оның 43-і дәрілік заттар шығарса, 150-і медициналық бұйымдар өндіреді. Медициналық бұйымдардың ішінде маскадан бастап, УЗИ аппараттарына дейін шығып жатыр. Шымкентте «Химфарм» деген зауыт бар. Алматыдағы «Abdi Ibrahim Global Pharm» компаниясының да өнімі сапалы. Олар тіпті, өнімін сыртқа экспорттайды. Жамбылда да фармацевтикалық өнімдер шығады. «Dosfarm»-ның спрей тамшылары бар. Негізі, отандық өндірушілердің әлеуеті шетелдік ірі компаниялардан кем емес. Жылдан-жылға өсіп, өркендеп, кеңейіп келеді. Иә, бүгінде елге «Big Pharma» компаниялары келіп жатыр. Олар 2026 жылға дейін бірнеше зауыт салып, МРТ, ангиограф сынды аппараттарға дейін шығарамыз дейді. Бұған қоса Roche, Pfizer-ден басқа да компаниялар бізге келуге ниет білдіріп отыр, – дейді А.Кенжеханова.
Фармацевтикадаға шетелдік ірі компаниялардың, инвесторлардың келуі екі жаққа да тиімді. Өйткені шетелдік компаниялар өнімін Орталық Азияға біз арқылы шығара алады. Шығындарды азайтып, табысын арттыруға, өнім көлемін ұлғайтуға кіріседі. Ал бізде бірінші кезекте жұмыс орындары ашылады. Өндіруші ел болып есептелеміз. Өнімнің құны шетелдегіден арзан түседі. Қазір бізге дәрілік заттар Германия, АҚШ, Үндістан, Ресей, Украина, Беларусь, басқа да елдерден келеді екен. Ал өзіміздегі дәрілік заттар шығаратын 43 зауыттың алтауы ғана өнімін сыртқа шығарады. Беларусь, Армения, Қырғыз Республикасы, Өзбекстанға жолдайды. Польшаға да шығатын дәрі-дәрмектер бар деседі. Осыған қарамастан 2022 жылы отандық өндірістің үлесі 20 пайыз болған. Ал былтыр осы көрсеткіш 14,4 пайызға бір-ақ түскен. Мұның себебі мынада, 2020 жылы пандемия тұсында өзімізде зауыт ашылды. Есесіне, ішкі өнімнің үлесі көбейді. Ал былтыр пандемия басылғанымен, қызылша ауруы күшіне мінді. Осы кезде қызылшаға қарсы салынатын екпелер әдеттегіден көп мөлшерде импортталды. Мұның құны 2022 жылы 1 млрд теңге төңірегінде болса, 2023 жылы 6 млрд-қа жеткен. Импорт пен экспорттың бағаға қалай әсер ететінін осыдан-ақ бағамдай берсек болады.
Халық мүддесі бәрінен биік
Кейінгі жылдары ауыл медицинасының әлеуетін арттыруға басымдық берілді. Осы тұста аудан орталығынан шалғайдағы елді мекендерде ауруханамен қатар дәріхана ашу жайы да пысықталған. Бірер жыл бұрын тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, ауылдағы шағын амбулаториялардың жанынан шағын дәріхана ашуға рұқсат берілді. Әрі ол дәріханада фармацевт маманның болуы міндеттелмеді. Бар болғаны ондағы фельдшер немесе медбике біліктілігін жоғарылатып, оқудан өтсе, жеткілікті. Олар дәріхана ауданы 30 шаршы метрден кем болмауға тиіс деген талапты сақтамаса да болады. Бар болғаны 4 шаршы метрлік нысан болса, жеткілікті. Қазір қалада бәсеке жоғары болған соң, дәріхана ашу оңайырақ. Жергілікті әкімдіктер, денсаулық сақтау басқармалары қай жерде халық көп шоғырланғанын, қай жерге дәріхана керегін біліп отыр. Яғни қаланың өзінде дәріханалар беталды емес, сұранысқа қарай салынады.
Қорыта келе, дәрі-дәрмекті мекемелерге дер кезінде жеткізуге жауапты «СҚ-Фармация» серіктестігінің жұмысы туралы да айта кеткеніміз жөн болар. «СҚ-Фармация» ТМККК және МӘМС шеңберінде дәрі-дәрмектерді сатып алу және сақтау жөніндегі бірыңғай оператор саналады. Бұл 2009 жылы Үкімет қаулысымен фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілетін арттыру, дәрілік заттарды мемлекеттік сатып алуды шоғырландыру жолымен фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мақсатында құрылды. Компанияның өңірлерде бөлімшелері, дәрі-дәрмек сақтайтын ірі қоймалары бар. Былтыр елде дәрілік заттардың айналымы 950 млрд-қа жуықтаса, соның шамамен 438 млрд-қа жуығы «СҚ-Фармация» арқылы айналымға енген. Халыққа тегін таратылатын 50 пайызға жуық дәрілік заттарды аталған компания жеткізеді. Егер елдегі дәріхана, қойма, аурухана, емхана бәрі-бәріне жеткізілетін дәрілік заттарды 1 трлн деп есептейтін болсақ, соның тең жартысы «СҚ-Фармация» арқылы қамтылып отыр. Қысқасы, осы компания импорт және отандық өндірушілердің дәрі-дәрмектерін қабылдап, шарт жасасып, тасымалдайды, сақтайды, таратады. Шетелдік, мейлі отандық өндірушілер болсын, барлығымен тікелей келісімшарт жасайды. Дәрі-дәрмек айналымын біліп отырады. Әрине, аталған компанияның жұмысын министрлік бақылайды, ақпарат алмасып, кейбір мәселелерде кеңесіп шешім қабылдайды. Қалай десек те, дәрі-дәрмек қауіпсіздігінде халықтың мүддесі жекелеген компаниялардан биік. Мұны жақсы білетін министрлік медициналық тауарлардың айналымын, бағасын бақылауды әлі де болса қатаңдата түсуі керек.