Қоғам • 23 Мамыр, 2024

Қоныс аударушыларға жасалған қолдау

131 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Қоныс аударушыларға жасалған қолдау

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Заңның мақсаты – халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы, халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін жетілдіру, төтенше жағдай кезінде азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнамада құқықтық олқылықтарды жою. Мұнда кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге елімізге кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу, экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу, көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау мәселелері қамтылған. Мәселен, аумақтық ішкі істер органдары жүзеге асыратын шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын заңды, жеке тұлғаларды тексеру тәртібі заңнамалық деңгейде бекітілмек.

Егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды тө­тен­ше жағдайларда пайдалану мәселесі рет­те­­леді. Мұндай құжаттар қолданылу мерзі­­мі­не қарамастан жарамды деп танылады.

Қос азаматтықты болғызбау мақсатын­да Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізіліп отыр. Айта кетсек, қолданыстағы заңнамада шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығын жоғалтуды тіркеу көзделген.

Сонымен бірге заңда Үкімет айқын­даған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер ұсынылды. Заңға сәйкес қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқамерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі.

Егер қоныс аударушы осы өңірлер­ден тұ­рақты тұрғылықты жерін бастапқы 5 жыл мерзім ішінде ауыстыратын бол­са, онда жер пайдалану құқығы тоқта­ты­ла­­ды. Со­ны­мен бірге қоныстану өңір­лерін­де 5 жыл­дан астам уақыт тұратын қоныс ауда­ру­­­шы­ларға жаңа мерзімге ұзақмерзім­ді жер пай­далану шартын жасау­ға құқық беріледі.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүше­леріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы не­сие­лік міндеттемелері бойынша өндіріп алу­дан қорғауға бағытталған нормалар бекі­тіледі. Атап айтсақ, аталған мате­риал­дық көмекті пайдалануда тыйым салынбайды және өзге де шектеулер қойылмайды.

Заңмен қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда, оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзету­лер ұсынылды. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­лігіне ұлты қазақ екенін айқын­­дау ережесін әзірлеу және бекіту жөнін­дегі өкілеттігі бекітіледі. Осы мәселе бойын­ша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия құру арқылы қабылдайтын болады.

Заңда ғылыми дәрежесі бар қандас­тарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы енгізіліп отыр. Сондай-ақ қандастарды қабылдаудың аумақтық квотасына олардың жесірлері мен ортақ балаларын да енгізу мүмкіндігі көзделеді.

Бұдан басқа, заңмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бейнеба­қылау жүйесін, сол сияқты оның компонентін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Бұл заң ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге, көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, тиімді көші-қон бақылауын қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған.

 

Советбек МЕДЕБАЕВ,

Сенат депутаты