Бұған дейін айтқанымыздай, Солнечный-2 шағын ауданында 500 үйдің құрылысы басталып кетті. Алғашқы 100 үйдің ішкі жұмыстары ғана қалды деп айтуға болады. Мамырдың 21-іне дейін 6 мың отбасы бір реттік 100 АЕК көлеміндегі өтемақыны алды. Бұған 2,2 млрд теңге қаражат жұмсалды.
Кейбір шыдамсыз тұрғындар қолына сараптама құжаттары неге берілмей жатыр деп мазасызданып отыр. Бұл сұрақтарға Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев: «Құжаттарды беруді кешіктіріп жатқан себебіміз мамандардың кесірінен болып тұр. Біз оларға алдымен үйлерді сараптап шығыңыздар, құжаттарды сосын толтырасыздар деген тапсырма берген едік. Соны орындамақ болған мамандар актілерді жасауға енді ғана кірісіп жатыр. Мамырдың 23-іне дейін барлығыңызға құжаттарды тапсырамыз», деп өзінің Instagram-дағы парақшасында жауап берді.
Су астында қалған шағын аудандардың бірі – Заречный кенті. Бұл негізінен бас еркінен айырылған қамаудағы жандардың ерлер мен әйелдер зоналарына арналған кент еді. Тасқын су кезінде қамаудағы жандар да толық эвакуацияланған. Мұндағы тұрғындардың көбі – осы орында күзетші, бақылаушы, тәрбиеші қызметіндегі адамдар. Олардың біразы барақтарда тұратын. Заречный-2-дегі сондай барақтың бірі 1962 жылы салынған екен. Әбден тозығы жеткен осы үйдің тұрғындары қазір жақсы үйлерге қолымыз жетіп қалар ма екен деп алаң көңілде жүр.
«Біздің үйді сараптаушылар сүру керек деген шешім қабылдар деген үміттеміз. Өзі де әбден ескіріп, қабырғалары шіріп, көгере бастаған еді. Қазір қалада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Мәселеміз тезірек шешілер деген ойдамыз», дейді тұрғын Жұлдыз Сәпиева.
Қазір мұнда мехбригадалар жұмыс істеп, қоқыстан тазарту, сыртқа шығару жұмыстарымен айналысып жатыр. Өздері облыстың Мамлют ауданынан жасақталған 5 бригададан тұратын 35 жігіт екен. Қарамағындағы 8 техникамен әлі де кеппеген, тұрып қалған қақ суларды сорып жатыр.
«Әрбір бортты есептейтін болсақ, бүгінге дейін 110 тоннаның қоқысын шығардық. Бірақ әлі де бітетін емес. Бізге 79 үйді тазалау тапсырылған, солардың 78-інің маңын тазарттық. Біреуі әлі суда тұр. Маңайы тазартылған үйлерді сараптау аяқталуға жақын. Тек 5 үй қалды», дейді Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Темірлан Мамашарипов.
Қала әкімі үйін су басқан тұрғындарға тікелей эфир арқылы шығып та көптеген сұраққа жауап берді. Соның ішінде үйді қалпына келтіруге кететін шығындарды анықтайтын смета қалай жасалатыны сұралды.
«Бұл үшін ақаулық акт жасалады, онда демонтаж және монтаждау жұмыстары көрсетіледі. Бірақ біз керемет паркет төсеп береді деп ойламаңыздар. Шығын сметасының көлемі әртүрлі. Бүгінге дейін 50 үйдің тұрғындары жөндеу жұмыстарын жасатуға келісті. Олардың шығындары 3 млн-нан 14 млн теңге аралығында белгіленді. Мұндай айырмашылық бұзылған үйлердің қандай материалдардан тұрғызылғанына, құрылыс сапасына байланысты», деді С.Мұхамедиев.
Жиі қойылған сұрақтардың арасында шығын сметасы жасалған соң, өтемақы қашан төлейтіні туралы болды. Бұған жауап берген әкім осы аптаның ішінде комиссияға алғашқы құжаттар өткізілетінін айтты. Комиссияның құрамына қоғамдық ұйымдардан өкілдер енгізілген. Олар сметаны қолдаса, ақша төлеу үшін қорға жолданады екен.
Әзірге 500-ден аса үй қалпына келтірілмейтінін жоғарыда айттық. Сонша жаңа үйлер Солнечный-2 шағын ауданында салынып жатыр. Оның үстіне көпқабатты ескі үйлерден пәтерлер сатып әперілмек. Сөйтіп, үйінен айырылғандардың бәрі де баспанамен қамтамасыз етілмек. Құрылысы биыл бітетін жаңа үйлердің барлығы пайдалануға таза күйінде беріледі. Қазір Солнечный-2 шағын ауданының өзі де жөнделіп, екі-үш көшеге асфальт төселіп жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы