Тексеру барысында сазды лай көшкіні тау бөктерінің ойылып, «Мұзтау» шағын ауданында салынған заңсыз құрылыстардың салдарынан болғандығы анықталды. Оның үстіне меншік иесі шаруа қожалығын жүргізу үшін нысаналы жер телімінде рұқсат құжаттары жоқ құрылыс жұмыстарын бастаған. Ірі құрылыс нысаны сот шешімімен бұзылғанын білеміз. Дегенмен, дәл осы күндері мегаполисте заңсыз салынған ғимараттар кезегімен сүріліп жатыр.
Мұнан кейін Қала құрылысын бақылау басқармасына әл-Фараби даңғылы, 101 мекенжайындағы пентхаусқа іргелес ғимараттарды бұзуға тура келді. Бұл меншік иесі де заңсыз тұрғызылған құрылысты қалалық Әділет департаментінің сот орындаушыларымен бірге ерікті түрде бұзуға кіріскен еді. Сол сияқты Қыз Жібек көшесі, 25 мекенжайындағы таулы аймақта заңсыз салынған құрылыс сүрілсе, көлемі 544 шаршы метр болатын нысанды меншік иесі рұқсат беру құжаттамасынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз шаруашылық тәсілмен тұрғызған.
Заңсыз салынған құрылыс нысандарына байланысты қала әкімі Ерболат Досаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесімен бірге жиын өткізді. Өйткені 2022 жылдың маусым айында Алматы әкімдігі 15 градустан асатын тау беткейлерінде құрылысқа тыйым салып, Қала құрылысы және урбанистика басқармасы жыл басынан бері – 36, 2022 жылы – 89, 2023 жылы 40 нысанға жобалау алдындағы құжаттаманы беруден бас тартқан болатын.
Сол сияқты сот шешімімен биыл қоғамдық тамақтандыру нысандарымен қоса, тағы бір дүкен бұзылды. Қала құрылысын бақылау басқармасы Түркебаев көшесіндегі 88-үйдің қасындағы ғимаратты жоспардан тыс тексерген кезде іргелес нысанның рұқсат құжаттарынсыз салынғанын анықтады. Естеріңізге сала кетейік, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру субъектісіне жоспардан тыс тексеру тағайындау туралы актіні тапсырған кезде ғана басталуы мүмкін.
Кей жағдайларда заңсыздыққа жол берген меншік иелері апелляциялық шағым түсіріп, құрылысынан айырылмауға тырысып жатады. Алайда сот шешімі өзгере қоймайды, есесіне мұндай нысандар сот орындаушыларының қатысуымен сүріледі.
Талап қою қызметінің нәтижелеріне сәйкес, жыл басынан бері қалада 28 заңсыз нысан, оның ішінде бизнес-орталықтар, мейрамханалар, қосалқы нысандар мен автосервистер, сондай-ақ «Мечта», «Алма Гарден», «Khan», «Граф» сияқты ірі тұрғынүй кешендері бұзылды. Құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 2023 жылдан бастап биыл бірінші тоқсанға дейін сотқа 206 талап-арыз жолданса, оның 106-сы қанағаттандырылып, 28 нысан сүрілді.
Сонымен қатар тау бөктерінде заңсыз құрылыстың 54 фактісі анықталды: Бостандық ауданында – 22, Медеу ауданында – 24, Наурызбайда – 8. Бұдан өзге 45 факті бойынша сотқа талап арыз берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қала құрылысын бақылау басқармасы жыл басынан бері қаланың құрылыс нысандарында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жоюға 211 ұйғарым берді. Ал 2023 жылы 1074 тексеру жүргізіліп, 634 нұсқама берілген.
Құзырлы мекеме өткен жылдан бері сотқа құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 206 талап арыз жіберілгенін мәлімдесе, оның 100-і әлі күнге дейін қаралып жатыр. Бұдан өзге қала басшысының бастамасымен заңнамаға инспекциялау аясында құрылыс жұмысын тоқтата тұру мүмкіндігімен құрылыс кезінде заң бұзушылықтарды анықтауға, жолын кесуге мүмкіндік беретін «жедел ден қою шарасы» жаңа бақылау тетігі енгізіледі.
Қабылданған өзгерістер Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспарында және егжей-тегжей жоспарлаудың жаңа жобаларында көрініс тапты. Қоғамдық талқылау қорытындысы бойынша қала тұрғындары мен сарапшылардың бірқатар ұсынысы енгізілді. Соның бірі – тау бөктеріндегі 4 270 гектардан астам жерді рекреациялық аймаққа ауыстыру. Егер осы ұсыныс енгізілсе бұл жерде құрылысқа тыйым салынады.
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәліметінше, тау бөктеріндегі жерде нысандарды жобалауға азаматтардың өтініші негізінде сол аймақтағы топырақтың инженерлік-геологиялық дерегі беріледі. 2022 жылы 36 нысанның құрылысына, өткен жылы – 89, ал биыл 32 нысанға рұқсат берілмеген.
Биыл 29 наурызда өткен кеңесте қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қалалық жоспарлау және урбанистика, сондай-ақ қала құрылысын бақылау басқармаларының және аудан әкімдіктерінің мамандары тау бөктеріндегі аумақтарда өз бетінше құрылыс жүргізетіндерге тұрақты мониторинг жүргізуге тиіс. Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бөлігінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленетін құрылыс кодексіне қала құрылысын бақылау органдарының өкілеттіктерін күшейту жөнінде ұсыныстар енгізіледі. Бұл жерде жеке тұрғын үйлердің құрылысын тексеруге рұқсат беру туралы айтылып отыр. Өйткені кейбір құрылыс салушылар тау бөктерінде жеке тұрғын үй құрылысының орнына көпқабатты үй тұрғызады.
Алматыда құрылыс саласында тәртіп орнату мақсатында кешенді жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
Алматы