Туризм • 22 Мамыр, 2024

Көркіне көзайым бол Көкшетаудың!

61 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көрген жанның көзін сүйсінтіп, көңіліндегі қуаныш көбелегін көр­кемдік уызы қонақтаған қыр­ларында ұшырған ерке Көкшенің иен табысының бір саласы – туризм. Былтыр салық түсімінің көлемі 21 пайызға өсіп, 3,5 млрд теңгені құраған.

Көркіне көзайым бол Көкшетаудың!

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Үзіліп түскен моншақтай кө­гілдір көлдер мен қолдың сала­сындай аққайыңдар көмкер­ген, саф ауасы дертке дауа Көкшедегі ту­ристік әлеует жоғары. Әсіресе әр тө­бесі, әр белесі аңыз-жырға толы, сұ­лулық салтанат құрған Бурабай баурайы мен зерлі Зеренді, аң-құсы жырты­лып айырылатын, күміс тостағанға құй­ғандай мөлт-мөлт еткен көлдері көп Қор­ғалжынның биосфералық резерваты және елорда маңындағы түрленіп келе жатқан туризм аймағы несібесін осы саладан тауып отырғаны әмбеге аян. Бү­гінде облыста 600-ден аса туристік кәсіпорын жұмыс істейді. Жадырап жаз келгенде Көкше өңіріне ат басын бұратын туристер легі жыл са­йы­н өсе түсуде. Мәселен, өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында облысқа 15 838 турист келген. Бұл көрсеткіш – өт­кен жылмен салыстырғанда 3,2 мың адамға көп. Төрткүл дүниенің талайға таң­дай қақтырған тамашасын көзі көріп, қыр-сырын көкірегіне құйған кірпияз шетелдікті қиян шеттегі Көкшеге тартып тұрған құдірет не дейтін болсақ, ол ең алдымен тұмса табиғаты, есте жоқ ескі кезеңдегі ел тарихын екшеген, тыңдаған жанның бойындағы алпыс екі тамырын кернеген қанды қыздыратын ақиқаты мол аңыз, көмбедегі уақыт шымылдығы тұм­шалаған рухани қазына болуы да мүм­кін. Шөліркеген көңілдің шөлін басу үшін алты туристік оператормен 73 бағыт жаса­лыпты. Әр бағытты бойлап ел ішін ер­кін кезген турист Көкше даласының арғы-бергі тарихына қанығып, рухани нәр алмақ. Бурабай баурайындағы жаратылыстың өзі сомдаған, көркем сұлу­лықпен көмкерілген әр тастың өз та­рихы бар. Ол тарихтың сындарлы соқ­пағы тылсым сырдың сабасын күм­піл­детіп, самал желмен есіліп сыр шер­тер еді. Топырағын тұңғыш басқан жан аңыз қылып айтуы да мүмкін. «Ел құлағы елу» дегендей, ғажайып өлкенің көркіне қасиет үйлесіп, тәмам елдің төріне шым-шымдап тарай береді емес пе? Қазір баяғыдай емес, барар жерің, бағытың алақанға салғандай көрініп-ақ тұр. Өткен жылдың соңында «e-Qonaq» платформасына 182 орналастыру нысаны тіркелген. Бұл тараптағы өсім 126 пайызды құрайды. Туристік сапарлар көрсеткішінің жоғары екені мәлім. Жыл соңында өңірге келген демалушылардың саны 1,2 миллионнан асқан.

Табысты салаға қаржы құйып, жұмыс істегісі келетіндердің де қатары көбейіп келеді. Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 27,8 млрд теңгеге жеткен. 2022 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17,6 млрд-қа немесе 158 пайызға жоғары. Өткен жылдың соңында атап айтарлық бірқатар ірі жоба жүзеге асырылды. Мәселен, бұл орайда Бурабай ауданында «Aqbura Plaza» қонақүйін атай кетуге болады. Орталықтың құ­рыл­ысына 5 млрд теңге көлемінде қар­­жы бағытталыпты. Мемлекеттік ин­вес­т­ицияның үлес салмағы 10 млрд тең­гені құраған. Осы қаражатқа курорт­ты аймақтағы демалыс үйлерін, орталықтарды, спорттық сауықтыру кешендерін салу мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Бизнестің мем­лекеттік субсидияларды алудағы белсен­ділігі де жоғары. 2023 жылы 105,1 млн теңгеге 12 өтінім жасалып, қолдау тауып­ты. Салыстырмалы түр­де айтатын болсақ, 2022 жылы 5 өті­німге 14,6 млн теңге қаражат бөлінген.

Өткеннің өрелі істерін сәл ғана сабақ­тай кетсек, туристік өңірдегі қайнаған қызу шаруаның деңгейі көрінер еді. Турис­тік бағытты дамыту мақсатында ат­қарылған шаруа аз емес. Алдымен, келімді-кетімді кісінің аяқ ізі үзілмейтін демалыс аймағындағы тазалық мәселесін құнттап, санитарлық жағдайды жақсарту. Бұл орайда санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша жедел штаб құрылып, атқарылатын іс-шаралардың нақты жоспары бекітіліп, облыстық бюджеттен 30 млн теңге қаражат бөлініп отыр. Бурабай баурайындағы төрткүл дүниеден туристер құйылып көп келетін жерлерге 27 санитарлық-гигиеналық қондырғылар орнатылған. 27 қоқыс орны ұйымдастырылыпты. 110 металл контейнерлер жеткізілген. Ит тұмсығы өтпейтін қалың орманды жиектей 50 ағаш контейнерлер мен 220 санитарлық қоқыс жәшіктері орнатылған. Жанға жайлы самал есіп тұратын алаңқайларды жиек­тей орналастырған 80 жаңа орындық пайда болған. Жазғы уақытта тазалау және қоқыс шығару кестесі бекітілген. Өткен жылдарда есе жіберген кейбір мәселелер ескеріліп, қоқыс жәшіктерін та­залау жиілігі алты ретке дейін өсі­ріл­ген. Осы арада айта кететін тағы бір мәселе – заңсыз орнатылған 27 ком­­мерциялық павильонның бөлшек­телгені. Бұл орай­дағы бар жұмыс тәр­тіп­ке келтіріліп, турис­терге кәде­сый, балмұздақ, сусын сататын 20 орын заң­дастырылып, бөлінген.

Ендігі бір шаруа – абаттандыру мәселесі. Көркем дүниенің көкжиегін мұнтаздай тазалықпен ұштастырып тұруы керек емес пе? Бурабай кентіндегі Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагер­леріне арналған ескерткіш жөнделді. Көпшіліктің көзі түсетін орталық алаң қайта жаңғыртылды. Шағын сәулет нысандарына дейін назардан тыс қалмай, қалпына келтірілді.

Бурабай кентінің 700 гектар болатын аумағында бас жоспар түзілді. Келешекте бас жоспарға сәйкес 4 автотұрақтың құ­рылысы жүзеге асырылады. Бір айта кетер­лігі, көліктің көптігінен туристердің авто­көліктерін қайда қоярын білмей, қина­латын кездері де болатын. Жаңа жоба жүзеге асырылғаннан кейін бұл мәселе түпкілікті шешілмек.

Тағы бір сүйінішті жайт, жалпы құны 5,4 млрд теңге болатын төрт көлік ин­фра­құрылым жобасын қаржыландыру қолдау тапты. Атап айтқанда, Бурабай кентінің Жамбыл көшесінің жолы қайта жаң­ғыртылмақ. Бурабай-Қатаркөл тасжо­лының 20 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілмек. Текекөл көлінің айна­ласында Шабақты көлінің солтүстік ай­налма жолына дейінгі автомобиль жо­лының құрылысы 178,1 млн теңгеге жаң­ғыртылмақ. Щучье-Николаевка тасжолына күрделі жөндеу жасау үшін 4 млрд теңге қаражат бөлініп отыр.

Былтыр облыс әкімінің қаулысымен Зеренді курорттық аймағын дамытудың 2025 жылға дейінгі жоспары бекітілді. Туристік әлеуетті арттыруға бағытталған 31 инфрақұрылымдық жоба жүзеге ас­пақ. Осылайша, 6 241,1 млн теңге кезең-кезеңімен игілікке жұмсалады. Зер­лі Зеренді өңірі жазғы маусымға мық­тап да­йындалып жатыр. Бүкіл дема­лыс айм­ағындағы тасжолды жа­рық­тан­дырып, бейнебақылау камера­лары орнатылды. Өткен жылдың соңын­да қатты тұрмыстық қалдықтарға ар­нал­ған контейнерлер, жағажай шатырлары, киім ауыстыратын кабиналар, дәрет­ханаларды сатып алуға 4,7 млн теңге қаражат бөлінді. «Көкшетау» мем­ле­кеттік ұлттық табиғи паркінің аума­ғында демалуға арналған орындар, жаяу жүргінші жолының бойына оңтайлы орындықтар, қоқыс тастайтын контейнерлер орнатылды. Туристік нысандар өз қаражаты есебінен бұрын орнатылған талшықты-оптикалық желілерге интернет сигналын қабылдау күшейткіштерін орнатып жатыр.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын жү­зеге асыру шеңберінде кәсіпкерлік субъек­тілерінің жалпы сомасы 105,1 млн теңге болатын шығындарының бір бө­лігін субсидиялауға түскен 12 өтінім қаралып, қолдау тапты.

Осылайша, көрікті өңірдегі туристік нысандар жазғы маусымға мұқият қам­данып жатыр. Демалысын құйқалы өңір­дің сыбаға-сыйына арнағысы келген әлеумет Көкшеге келіп, көркіне көзайым болса, өкінбесі анық.

 

Ақмола облысы