Ұлттық спорт • 23 Мамыр, 2024

Жорық мәресіне жақындады

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәт­баевтың 125 жыл­дығына арналған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәй­гесінің бірінші кезеңі аяқталды. Тебінгісіне тер қатқан салт аттылар 14 команда болып кеше таң­ғы 7.00-де Павлодар облысындағы Төртқұдық елді мекенінен Ақмола облысының аумағындағы Торғай елді мекеніне аттанып кетті.

Жорық мәресіне жақындады

Бәйге Павлодарда бас­талып, Ақмола облысында жалғасады.

23 ма­мырда марафон Астана қа­ла­сында аяқталады. Алғашқы кезеңде бірден Алматы, Қызыл­орда облыстары мен Шымкент қа­ласынан келген командалар жа­рыстан түрлі себеппен шығып қалды.

«Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгү­ліктерін қинамай, дер кезінде жа­рысты тоқтатқандары жақсы шешім болды», деді бас төреші Надежда Купцова.

Үшінші күннің қорытындысы бойынша марафонда 14 команда қалды. 21 мамырда марафон-бәй­генің екінші кезеңі аяқталды. Үшінші кезең бойынша Жетісу облысының командасы жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Алматы қаласының командасы үштікке ілікті. Ал Шығыс Қазақстан облысының командасы жарыс­тан шығып қалды. Үшінші ке­зеңде Түркістан, Солтүстік Қа­зақстан, Қостанай, Абай, Пав­лодар, Ақмола, Ұлытау облыс­тарынан екі аттан, Жетісу, Қа­рағанды, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласынан бір-бір аттан жарысқа жарамсыз деп танылды. Алматы қаласы мен Жамбыл облысы бес атпен жа­рысқа шығады.

Алғашқы үш жеңімпаз Дү­ние­жүзілік көшпелілер ойын­дары алдында 3-7 қыр­күйек ара­лығында өтетін ха­лық­ара­лық марафон-бәйгеге қаты­суға лицензия алады. Халық­ара­лық кезеңге шет мемлекет­тер­ден (Түркия, Сауд Ара­бия­сы, Моңғолия, Мажарстан, Түрік­менстан, Иран, Өзбекстан, т.б.) кемінде 15 команда қа­тысады деп жоспарланып отыр.

Ал марафон жұмысына 2 ха­лықаралық және 3 ел төрешісі, сондай-ақ 2 халықаралық және 3 жергілікті мал дәрігері қатысып жатыр. Олар жоғары стандарттарды сақтау мен жылқылардың саулығын бақылайды. Айта кетейік, өткен екі жыл қатарынан елімізге есімі белгілі әуесқой велошабандоз Раббим Борашов ат­тылы шабандоздармен бірге Астанадан Түркістанға дейінгі 1 200 және 1 300 шақырымды бағындырған еді. Спортшы бұл жолы да 5 күндік аламанға қа­­тысып, 500 шақырымды ба­ғындыруды межелеп отыр.

500 шақырымдық бәйге-ма­рафонын Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Amanat» пар­тиясы, Павлодар облыстық әкім­дігі, Туризм және спорт министр­лігі бірлесіп өткізіп жатыр. «Amanat» партиясының ат­қару­шы хатшысы Дәулет Кә­рі­бек партия ұлттық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ мәде­ни және тарихи мұраны наси­хаттауға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдайтынын айтады.

– Ұлттық спортты дамыту мәселесі – әркез Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Ұлттық құрылтайда Президент Қа­зақстан Ұлы дала көшпелі өр­ке­ниетінің тікелей мұрагері саналатынын, біз өзіміздің мәдени мұрамызды қорғап, ілге­рілетуіміз керек екенін атап өтті. «Ұлы дала жорығы» бәй­­гесі партия қолдауымен үшін­­ші жыл қатарынан өтке­лі отыр. Марафон-бәйге халқымызды біріктіретін, ұлт­тық рухты ны­ғай­­татын жобаға айналды, – деді Д.Кәрібек.

Командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтуге тиіс. Әр 50 шақырым са­йы­н командалар мен олардың аттарына демалуға мүмкіндік беріледі. Жылқылардың жағ­дайын тәжірибелі ветеринарлар ба­қылайды. Айта кету керек, әр команданың жолға шығу уа­қыты әртүрлі. Бірінші команда сағат 07.00-де, келесілер екі минут аралықпен жолға шы­ғады. Нәтижесінде, соңғы коман­даның сапары 07.36-да басталады. Командалардың қандай нөмірмен жарысатыны жеребе тарту барысында анықталды.

– «Ұлы дала жорығы» мара­фон-бәйгесін үшінші рет өт­кізіп отырмыз. Бұл – азаматтар мен арғымақтардың төзімі мен ерік-жігері сынға түсетін дода. Барлық спортшымыз осы күрделі сынақтан сүрінбей өтіп, жорытқанда жолдары бол­сын! – деді Ұлттық спорт қа­уым­дастығының президенті И.Салжанов.

Командалар бір-бірімен жарыспайды, өйткені әрқайсысы­ның қоз­ғалыс уақыты әртүрлі. Бар­лық қашықтықты ең қысқа уа­қытта еңсерген команда же­ңім­­паз атанады.