Қазақстан • 23 Мамыр, 2024

Дархан Қыдырәлі мен Әлішер Сатвалдиев ТүркПА отырысына қатысты

165 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Дархан Қыдырәлі мен Әлішер Сатвалдиев Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы Ұлттық қорғаныс комитеттері төрағаларының алғашқы отырысына қатысты. Отырысқа қатысушылар ТүркПА-ға мүше мемлекеттер арасындағы қорғаныс және қауіпсіздік салаларындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дархан Қыдырәлі мен Әлішер Сатвалдиев ТүркПА отырысына қатысты

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенатор Дархан Қыдырәлі өз сөзінде геосаяси шиеленіс пен қарулы қақтығыстардың, сауда соғыстарының және терроризмнің күшейе түсуімен қатар бүгінгі әлем елеулі проблемаларға тап болып отырғанын атап өтті. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі жаһандық күн тәртібін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Аталған проблема бүкіл әлемге ортақ болғандықтан қауіп-қатерге қарсы тұруда бірлескен шешім іздестіру қажет.

«Қазақстан түркі әлемінің әр мемлекетімен тығыз қарым-қатынасқа ерекше назар аударып келеді. Бұл Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Парламентші ретінде біз ел ішіндегі реформаларды заңды түрде іске асыруды, сондай-ақ халықаралық бастамаларды ілгерілету мәселелерін қамтамасыз етеміз. ТүркПА – түркі ынтымақтастығында маңызды халықаралық алаң болып табылады. Бұл түркі тілдес елдердің мәдени, экономикалық және гуманитарлық салалардағы байланыстарын саралауға, дамытуға, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға жәрдемдеседі», деді Дархан Қыдырәлі.

Одан бөлек сенаторлар Анкара қаласындағы Қорғаныс өнеркәсібі басқармасында да болды.