Аймақтар • 24 Мамыр, 2024

Технологияға табан тіреген өңірдің ұтары көп

149 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде Қазақстан Респуб­ли­касы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы төр­алқасының көшпелі отырысы өтті. «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақы­рыбында ұйымдастырылған отырыста өңірлік ғылымның болашағы туралы ұтымды ойлар айтылды.

Технологияға табан тіреген өңірдің ұтары көп

Отырыс барысында Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда ака­демия ұсынған «Қуатты өңірлік ғылым – қуат­ты өңір» бастамасын жүзеге асы­­ру мақса­тында өңірлік ғылымды дамы­ту­­дың алғы­шарттары талқыланды. Іс-шараға Ұлттық ғылым академиясының прези­­­денті Ақылбек Күрішбаев, өңір басшысы Ер­бол Қарашөкеев, бірқатар жауапты сала өкілдері, ғалымдар, сарапшылар қаты­­сып, көкейдегі ойларын ортаға салды.

Көшпелі отырыста сөз сөйлеген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қара­шөкеев әкімдік жанынан Ғылым және технологиялар кеңесі құрылатынын, оның құрамына ғалымдар, жергілікті мәслихат депутаттары, бизнес өкілдері енетінін атап өтті.

«Өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамытудың стратегиялық мәселелерін шешуге барлық мүмкіндік бар. Өсімдік шаруашылығы саладағы өндірілетін өнімнің 60 пайызын қамтамасыз етеді. Алайда жоғары өнім алу үшін сапалы тұ­қым керек. Тұқымды өсіруден бөлек оны өң­деп, сатылымға шығару мәселесін қолға ала­тын кез келді», деді Е. Қарашөкеев.

Басқосу барысында сөз сөйлеген А.Күрішбаев ғылыми зерттеулерді ұйым­дастырудың заманауи жүйесін құрудың маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, сонда ғана жұмыс белгілі бір жүйеге түседі. «Осы жерде дамыған мемлекеттердің тәжірибесіне тоқталған жөн. АҚШ-тың әрбір штатында ірі зерттеу универ­ситеттері, өңірлік ғылыми орталық бар, олар сол өңірдің экономикасын да­мы­­тудың инновациялық орталығына айнал­ған. Олардың жұмысын штат губернаторлары үйлестіреді. Өкінішке қарай, елімізде ғылыми қамтамасыз етудің мұндай өңірлік жүйесі жоқ», деді ол.

А.Күрішбаевтың айтуынша, жүйенің құрылмауына тосқауыл болып тұрған бірнеше себеп бар көрінеді. Біріншіден, өңірлердегі ғылымды дамыту мәселесінде теңгерімсіздік орын алған. Яғни зерттеу­ші мамандардың 35 пайызы ғана жұмыс істейді. Олардың дені Алматы мен Астана секілді мегаполистерде шоғырланған.

«Ұлытау облысында Алматы қала­сымен салыстырғанда 68 есеге, Алматы облысында — 28 есеге, Түркістан облысында — 27 есеге, Солтүстік Қазақстан облысында – 18 есеге, ал Жамбыл облысында 13 есеге төмен. Осы ретте Алматы қаласы зерттеушілер саны бойынша тіпті Канаданы басып озғанын айтуымыз керек.

Ғылымды қаржыландыру бойынша да Алматы мен Астана қалалары көш бас­тап тұр, олардың үлесіне барлық ішкі шығындардың 66%-ы, бағдарламалық-мақсатты және базалық қаржыландыру­дың 79%-ы, гранттық қаржыландыру­дың 75%-ы тиесілі. Жергілікті бюджет­тер­ден бөлінетін ғылымды қаржыландыру көлемі өте төмен. Мысалы, ол 2023 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалған жалпы шығындардың бар болғаны 0,4%-ын құрады. Ал 10 өңірде бұл мақсаттарға жергілікті бюджеттерден қаражат мүлдем бөлінбеді.

Екіншіден, дамыған елдерде техно­логиялық дамудың ажырамас элементі саналатын, ғылым мен бизнес ара­сындағы кері байланысты қамтамасыз ететін бизнес-құрылымдар үшін білімді таратудың тұрақты жұмыс істейтін жүйесі біздің өңірлерде жоқ. Сондықтан біздің ғалымдар жергілікті мәселелерді білмейді, ал бизнес ғалымдардың ғылыми әзірлемелерінен хабары жоқ.

Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдар өңірлердің экономикасын дамыту­ға функционалды жауапты болғандық­тан, зерттеу қызметінің нәтижелерін өндіріс­ке енгізуге, білімді таратуға, шетелдік технологияларды трансферттеуге қаты­сып қана қоймай, сонымен бірге өңірге тән өзекті мәселелерді шешу үшін ғылы­ми тақырыптарды орындауға арнал­ған мемлекеттік тапсырысты орналастыруға толық мүмкіндігі бар болса да, олар ғылым мен инновацияларды дамыту мәсе­­лелерінде іс жүзінде сырт қалып отыр», деген А. Күрішбаев саладағы өзекті мәсе­лелерді ашып айтты.

Көшпелі отырыста өңір басшысы Е.Қара­шөкеев облыста атқарылып жатқан жұ­мыстар туралы тілге тиек етті. Оның айтуын­ша, өткен жылы ғалымдардың же­тек­шілігімен шаруаларды жоғары репро­дукциялы тұқыммен қамтамасыз ету үшін 12 түрлі күздік бидай дақылына тәжі­рибе жасалған. Осы жылы тұқым ша­руашылығын дамытуды субсидиялауға қазынадан 857 милллион теңге бөлінген.

Әулиеата төрінде өңірлік ғылым­ды өркендету туралы түрлі ұсыныстар айтыл­­ған жиын қорытындысында прези­диумның барлық көшпелі отырыстары­ның қорытындысы негізінде Үкіметке өңір­лік ғылымды дамыту бойынша ұсыныс­тар жеткізілетіні айтылды.

 

Тараз