Үш қыздың басындағы оқиғаны үш сағатқа жоспарлап, зеріктірмей сахналау үшін көрерменді тапжылтпай ұстап отыратын режиссерден талант пен тапқырлық, актерден шеберлік, бастысы, пьесаның бүгінгі өмірмен байланысы болуы керек. Ұлттық театр дүниесіне өзгеше тыныс әкелген дарынды режиссер Фархад Молдағали көркемдік жетекші қызметіне келгелі әр қойылымы дүбірлеп өтетін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тұрақты көрерменіне талғам-таразы өлшемін биік етіп белгілеп берді. Жаңа премьераның көркемдік деңгейі өткен қойылымнан кем түссе, көрермен мұны бірден сезеді. «Апалы-сіңлілі үшеу» – көрермен талғамын тәрбиелеуге, өресін өсіруге бағытталған театр мақсатының кезекті бір қадамы.
Оқиға Прозоровтар отбасының төңірегінде өрбиді. Ата-анасынан жақсы тәрбие алған сұлу да сымбатты Ольга, Маша, Ирина Прозоровалардың бүкіл арманы, есіл-дерті – Мәскеу, Мәскеу, Мәскеу! «Мәскеуге кетсек» дейді. Қанаты болса, қазір ұшып кетердей, ал Мәскеуге жетсе, бақытты болып кетердей, өмір де өзгеріп сала берердей қиырдағы қалаға соншама ынтық. Олардың өміріндегі барлық оқиға тек Мәскеумен байланыстырылады. Себебі олар Мәскеуде туған, әкелерінің тірі кезінде, балалық шағы Мәскеуде өткен, ұмытылмастай болып жадында сақталған. Мәскеу туралы айтқанда екі көздері шоқтай жанып, ерекше махаббатпен еске алады, елжіреп сағынады. Мәскеуге жетсе, көңіл түкпірінде жасырулы бар арманы орындалатындай елегізиді. Бірақ Мәскеу туралы айтқан сайын қала бұлардан қашықтап, арадағы оқиғалар арманды құр сағымға айналдырып, ауыр өкінішке қарай бастап бара жатқаны аңдала түседі.
Сахна шымылдығы ашылған бетте апалы-сіңлілі үш қыздың қонақжай шаңырағында басталған думанды кештің сауығы мен жайылған дастарқаны спектакльдің соңына дейін жиылған жоқ. Үш қыз тұратын қалаға көшіп-қонып жүретін әлдебір әскери полк уақытша келіп жайғасқан. Әкелері әскери қызмет атқарған қыздар полкте борышын өтеп жүрген әскерилерді жатсынбай, үйіне жиі қонақ етеді. Бірақ қонақ жігіттердің көзі қыздарда болғанымен, қыздардың көңілі далада. Үш қыздың үлкені Ольга – Толқын Нұрбекова отырып қалған кәрі қыз, сөйте тұра өзіне ғашық болып жүрген барон Тузенбахты көзге ілмей, сіңлісі Иринаны икемдеп, күйеуге шығуға үгіттеп әлек. Мәскеуде тек жақсы адамдардың ғана тұратынына жан-тәнімен сенетін Ирина – Мадина Өсербаева әпкесінің ақылын алғысы келеді-ақ, бірақ аңсаған нағыз махаббатын, қиялымен сомдап алған сүйіктісін Мәскеуде жолықтыратындай көңілі алысты көздеп, алып ұшып тұр. Екеуіне қарағанда салмақтырақ Маша – гимназия оқытушысы Кулыгиннің әйелі, Кулыгин – Нұржан Асылхан Машаны ессіз сүйеді, бүкіл әлемді табанына тастағысы келеді, ал Машаның – Гүлбаһрам Байбосынованың көңілі сірескен мұз сияқты күйеуіне бір жібімейді. Күйеуі иілген сайын жүрегіндегі тоң қалыңдай түсетіндей, сүймеген әйелдің өмірі сұрықсыз тарта түседі. Әйелінің немқұрайдылығы Кулыгинді күйеу емес, иесіне еркелеген күшік тәрізді аянышты, қорғансыз кейіпке түсірген. Әйелінің алдында төмендей беретініне, мұз жүрегін жібіте алмағанына арланбайды, қорланбайды, керісінше, құлына айналғанын қуаныш, бақыт көреді. Күйеуі үшін Маша қорланады, жаны азапталады.
Машаның өмірі Вершинин келген күннен бастап өзгеріп сала берді. Түр-тұрпаты келісті, білімді, ішкі мәдениеті биік Вершинин – отбасылы, әйелі, екі қызы бар. «Полковник» деген лауазымының өзі оның кім, қандай екенін меңзеп тұр. Ең қызығы, Вершинин – Ерлан Кәрібаев келгеннен кейін Машаның өмірінде ғана емес, Мүсірепов театрының сахнасында да қозғалыс пайда болды. Вершинин – пьесаның беломыртқа бейнесі. Чеховтың сырын ішіне бүккен бейкүнә кейіпкерлерінің мінезі осы тұста бірте-бірте ашыла береді. Мына жүрген кейіпкерлердің бәрі де мәдениетті, ел қорғау сапындағы зиялы азаматтар, бірақ адам да, қоғам да азып-тозған. Сырттай сыпайы адамдардың айлакерлігін, екіжүзділігін жайып салатын сахнаны режиссер Фархад Молдағали адамның бет-жүзін бес есе үлкейтіп көрсететін айнаның алдына әкеп көрсеткендей, ішкі әлемінің қоясын аямай ақтарады. Ішімдікті суша сіміретін, мақтаншақ, сөзі басқа, ойы бөлек, алдамшы адамдар әлден уақытта жирендіре бастайды. Мысалы, Вершинин әйелінен отбасындағы ахуалды баяндаған хат алып тұрады.
Алыста болса да, полковниктің табысымен қиналмай өмір сүріп жүрген әйелі – жан дүниесінің арпалысын жеңе алмай үнемі күйзеліс үстінде жүретін бейбақ адам. Оның себебі де белгілі, ана ретінде дүние есебі түгел болғанымен, күйеуінің махаббатын сезінбеген, жалғыздықтан жаны жараланған әйел. Ерлан Кәрібаев осы сахнаның бәрінде өзіне өзі көңілі толатын, пәлсапа соққан оптимист Вершининнің мінезін шынайы жеткізді. Бір жағы, бұл кейіпкерлердің бәрі жақын адамың сияқты аяйсың, адасып жүргенін ақтап алғың келеді, түсінгің келеді, ал кейде қарекеті жоқ, құр қиялдың жетегінде жүрген жатыпішер жалқаулардан түңілесің. Бәрі де өмірдегідей, әрқайсының сыры мен мұңы тым жақын, тым таныс болғаннан кейін өмірдің мәнін кейіпкерлермен бірге қосыла іздегің келеді...
Қарсылықсыз қозғалыс жоқ. Өмірдің мағынасын, махаббаттың мәнін толғаған спектакль зұлымдық пен әділеттілік, қаһар мен мейірім сияқты драманың дәстүрлі шиеленісін емес, сезімдердің тайталасын, қырым қатпарлы адам жанының иірімін, бірде от, бірде мұз көңілін, оның түсініп болмайтын жұмбақ сырын көрсетеді. Андрей Прозоровтан бастап Қызметші, Вершининнің кішкентай екі қызына дейінгі актерлердің мол ансамблін жасақтаған спектакль персонаждарының көптігімен ерекше. Кейіпкері көп, кең тынысты қойылымдағы әр кейіпкердің арқалаған өз жүгі бар. Зиялы қонақтарға бәліш пісіріп, дастарқан жасап, екі аяғына алма-кезек салмақ салып, көлден шығып, күркесіне беттеп, мамырлай жүрген үйрек секілді томпандап жүрген Анфисаның рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Райхан Қалиолдина ойнап жүргенін көрермен алғашында тіпті де сезген жоқ. Ас-судың қамын ғана білетін орыстың қонақжай маржасын дәл осылай айна-қатесіз кейіптеу – шын шеберлік.
Барон Тузенбах – Дархан Сүлейменов пен дөрекі, дойыр Соленый – Жомарт Зейнәбіл жекпе-жек дуэльге шыққанда, өзін зиялы санап жүрген адамдардың бірі де арашалауға ұмтылмайды. Бірі өліп, бірі қалсын. Өзі аман болса, болды. Түгел өзімшіл. Қызметіне байланысты Ғ.Мүсірепов театрында көптен көрінбей кеткен белгілі актер Рахман Омаров осы жолы Иван Чебутыкиннің рөлінде жарқ етті. Бұл да үш қыздың анасына ғашық болған махаббаттың құлы. Отбасын құрмаған, жалғызбасты еркек Прозоровтардың үйін ғана пана тұтады. Масаң тартқанда келіп мұң шағатын жері осы үй. Р.Омаров үйленбеген, кәсібінде де жетістікке жетпеген, бар өмірі босқа өткен мақсатсыз жанның әлсіздігін сенімді сипаттай алды.
«Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасындағы көңіл аударатын сахнаның бірі – үш қыздың жалғыз бауыры Андрей Прозоров пен оның қалыңдығы Наташаның қарым-қатынасына құрылған. Екінші пландағы жарқын бейнелердің бірі Наташаны кейіптеген Динара Нұрболат Андрей мен оның әпкелерінің алдында ғана сыпайы сөйлейтін сүйкімді жан, ал шын бейнесі Анфиса сияқты үй қызметшісімен бетпе-бет қалғанда айқын көрінеді. Өктем, адуынды. Андрейге күйеуге шыға сала, Прозоровтарды билеп-төстегісі келетінін ашық байқатып, ол аз болса, күйеуінің бастығы Протоповтың жақын адамына айналып, жеңілтектігімен бүкіл қалаға аты шығады. Демнің арасында өзгеріп шыға келген Наташа онысына еш қысылмайды да. Динараның сахнада өзін еркін ұстай алатыны, ашық, зор дауысы спектакль ырғағының бәсеңдеп кетпей, әрекет-қозғалыс белсенділігін үстемелеп отырады. Ал Ұлан Болатбек бейнелеген Андрей – әйелжанды, жақсы мен жаманды ажырата алмайтын ынжықтың өзі. Қала тұрғындарының мазағына айналып, сүйреңдеген сөз жүрегіне оқ болып қадалса да, бастығымен әуейі болған әйелінің алдында дәрменсіз.
Спектакльдің шарықтау тұсы – Маша мен Вершининнің қоштасатын сәті. Әскерилер қаладан кетіп жатты. Вершинин де кетуі керек. Машаның құр сүлдері. Вершининмен қол ұстасып, бірге кетпек болып соңынан жүгіріп еді, салқынқанды полковник оны иығына артып алып, үйінің алдына қайта әкеліп тастады. Маша кеудесінде жаны жоқ өліп қалған адам сияқты. Танымал актриса Гүлбаһрам Байбосынованың өртеніп сүйе тұрып, жауапсыз махаббатың құрбаны болып, қайғысын ішіне жұтып, қатып қалған осы сәттегі бейнесі көрермен есінде мәңгілік сақталып қалатыны сөзсіз. Ал көрерменнің өз кеудесіндегі жүрек соқты ма, соқпады ма, әлде бір сәтке тоқтап қалды ма, белгісіз, қараңғы залда тас болып қатып қалғаны рас. Оқиғаның дәл осылай шарықтағанын ешкім күтпеді. Тек егілген көз жасының үні болатынын, өксік аралас ол үн жанның дауысы екенін әр көрермен өзі естіді. Катарсис деген осы. Бойды буып тұрған жаман нәрсенің түгін қалдырмай жуып-шайып, тазалап кетті. Бір шаңырақты шырмауық секілді кеңірдегінен шырмап алған шырғалаң осылай аяқталды. Ал шырмауық қалай шешіледі – әр режиссердің шеберлігі біледі. Осы сезімді сыйлаған Антон Чеховтың да, шым-шытырықтың ішінен шындықты суырып алып, жүректі шымырлатып, жанды шырылдатқан Фархад Молдағалидың да ұлы миссия жолындағы қызметінің адалдығын атап өтпеске болмайды.
Жаңа премьераны тамашалауға жайғасып жатқанда М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының бір шоғыр әртістері де қаздай тізіліп келіп сахнаға көз тіккенін көргенбіз. Осыдан он жыл бұрын бұл пьесаны М.Лермонтов театрының директоры, режиссер Рубен Андриасян арнайы әкемтеатр үшін сахналаған болатын. Сол спектакльде ойнаған әртістердің барлығы да жастар театрындағы әріптестеріне құшақ-құшақ гүл шоқтарын алып, құрмет көрсете келген беті екен. Арасында Данагүл Темірсұлтанова көзге оттай басылды. Қара шаңырақ қойған спектакльде Ольганы ойнағаны еске түсіп, антракт кезінде дереу актрисаны сөзге тартып, алғашқы әсерін сұрадық. «Иә, Р.Андриасян қойған спектакльде мен де Ольганы ойнағанмын. Театрішілік «Қара шаңырақ» фестивалінде «Апалы-сіңлілі үшеу» «Үздік спектакль», ал Ольга рөлі үшін мен «Үздік актриса» атанған едік. Ал бүгінгі премьераның режиссері Фархад Молдағали – еліміздің театр әлемінде ерекше қолтаңбасымен дара шауып келе жатқан бірегей режиссер. Ол қойған спектакльдер республикалық, халықаралық театр фестивальдарынан жүлдесіз оралған емес. Бүгінгі таңдағы режиссерлердің көпшілігі қазақ, орыс, әлем классикасын сахналаса да, заманауи пьесаларды қойса да, неге екенін білмеймін, қуалап әкеп форманың ішіне салып тастайды. Спецэффектімен, музыкамен, жарқ-жұрқ еткен мизансценалармен, декорациямен көңіліңді аударып, арасынан актердің жұмысын көре алмай қалып жатамыз. Ол қойылымдарды тамашалап отырып 3D, 4D кино көргендей боласың. Түсінемін, бұл да керек. Бірақ бұл спектакльдегі ұнаған дүние – театр басшылығы актерлердің биік сатыға көтерілуіне мүмкіндік сыйлағаны. Мұндай спектакльде образ жасау екі актердің біріне беріле бермейтін мүмкіндік. Ең алдымен, спектакль актерлердің дұрыс таңдалуымен ұтып тұр. Актерлердің өскенін, пауза ұстаудың психологиялық қырын меңгергенін, кейіпкерінің мұңына ортақтаса алатынын көрдім. Бұл үлкен жауапкершілікті, шығармашылықпен зер сала қарауды, терең тебіреністі қажет ететін спектакль. Актерлердің көп жұмыс істегені көрініп тұр. Тағы бір байқағаным, Фархад актерлерге толықтай еркіндік берген. Әр актер өз кейіпкерін қалауынша белгілі бір биікке дейін көтерген. «Аһ» дегізген әдемі тұстары да бар, кей детальдарға көңіл толмай, «әттеген-ай» деп қамықтырып қойған жері де бар, актердің көңіл күйіне байланысты кейде шарықтап, кейде жеткізбей қалған олқы тұсының бәрі уақытпен бірге орнына келеді деп ойлаймын. Өзім де осы оқиғаның ортасында өмір сүріп, басымнан өткізгеннен кейін оның бәрін түсініп отырдым. «Қанша ғасыр өтсе де, құндылығын жоғалтпайтын орыс классикасының маржанын қазақ көрерменіне жарқыратып көрсетіп, жаманынан жирендіре алғаны үшін, сырын ішіне бүккен адамның жұмбақ жанын, шындығын, шырылын алақанға салып көрсеткені үшін Ғ.Мүсірепов театрына рахметімді айтамын», дейді белгілі сахна шебері ағынан жарылып.
Спектакль абстракция, символика деген сәнді штрихтардан ада, классикаға адалдық таныта отырып, кейіпкерлердің жанды қарым-қатынасын көрсетуге бағытталған табиғи, таза дүние болып шыққан. Түпнұсқа мәтінді сақтай отырып, сахнаға сай сәтті жүйеленген, көрермен аудиожазба тыңдағандай, пьесаны өзі оқып отырғандай әсер алады. Бұл – пьсаны қазақ тіліне аударған белгілі қаламгер, театр сыншысы Әлия Бөпежанованың қажырлы һәм кәсіби еңбегінің нәтижесі.
Спектакльдің басында «Мәскеу! Мәскеу!» деп алып ұшқан апалы-сіңлілі үшеудің арман жетегіндегі алқынған жүрегінің соғысы пьесаның ақыр соңына қарай өрекпіген екпіні басылып, баяу ырғақ табады. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңған, алданған, суынған, өмірдің асау толқыны әрі-бері сабалап, сабасына түсіріп, жағалауға итеріп шығарған жаңқа секілді қалтылдаған құнсыз көңіл «жай ғана өмір сүруге» көндігіп, тағдырдың жазғанына бойсұнады. Қазақша қисындағанда, «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран», осының арасында «адам қайтсе қалады адам болып», темірқазық түйін осыған тірелді. Өмір адаммен осылай ойнайды. Ал адам, адамға қысқа болса да, ойлануға кең мүмкіндік берілген. Ойланбаса, өз соры...
АЛМАТЫ