Әдебиет • 23 Мамыр, 2024

Жан азасы

98 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейбір әнді тыңдағанда ойың онға бөлінеді. Ондағы драма жан әлеміңді бөлшектеп тастайтын секілді. Ұлттың жанына батқан трагедия музыка мәтініндегі драмалық тіркестермен үйлесім тапқанда аза бойың қаза болғандай күй кешесің. Бұл әннің сөзін ақын Жақсылық Сәтібеков жазған. Қазақтың қасіреті мен мұңын көз алдыңа әкелетін «Қара кемпірдің» құдіреті де бөлек.

Жан азасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әйгілі шығарма белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевтың үні арқы­лы құлағыңа жеткенде жанарың дым­қыл­дана түседі. Жылдар бойы ұлының қазасына сенбеген кейуананың бейнесі көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алады. Өн бойыңды билеп алған беймәлім сезім жетегінен арыла алмай қаласың.

«Сағындым Жексенқұлым, Қосшығұлым,

Өзекті жарып шыққан қос шыбығым.

Қырық жыл аңыраған сорлы ананың,

Зарына құлағыңды тосшы бүгін»,

деп басталатын әйгілі әндегі мұң мен зар жүрекке батады. Меркі даласынан беймәлім кеңістікке көз тігіп, күн ұзаққа ұлдарын сарыла, сағына тосқан ананың сенімі қалайша күйресін?

Боз жусан жамылған байтақ даланың төбесіне қара бұлт үйіріліп тұр ма дерсің. Ақша бұлт емес, шексіз зар мен мұңды, қайғыны жетектеген, көк төсінде жанына мұң толтырып жүзген қатпар бұлт па деп те топшылайсың. Әйтеуір, кейуана сеніміне қара дақ түсіргісі келетіндей.

Содан соң... Жексенқұлы мен Қосшығұлының өліміне сенбейтін, бойында әлдебір өшпес, өлмес үміттің жалыны сақталған, жүзіндегі тарамдалған әжімді үміт жарығына алмастырғысы келетін ана­ны елестетіп, өзің де қамығасың.

Кейіпкер қасіреті кімді бейжай қалдырсын? Әнді тыңдап отырып өзің де жүрегіңе жүк артқан­дай боласың. Жаның ауырады. Сұрапыл соғыс­қа аттанған қос құлыншағының жолына өлген­ше қараған шешейдің қасіреті бойыңа сіңіп кетеді. Ешбір ана баласын өлімге қимайды ғой...

«Екі ұлың майдан даласында ерлікпен мерт болды» деген қаралы хабарға сенбейді, иланғысы келмейді. Мұндай хабарды қабылдауға да зауқы жоқ. Жанының жарасын жасырғысы келген кейуананың мұңы кімді де болсын толғандыр­май қоймайтыны анық.

Дәл осы ән арқылы Қызылсай қазақ сахарасына танылды. Қызылсайға табаны тиген адам қара кемпірді, Қали ананың мұңын өзінше естігендей күй кешетіні даусыз. Драмалық ән шумақтары бойыңды өрттей шарпи түседі. Кейуананың зары көктен естіліп, қара жерде жаңғырып тұрғандай болады. Бір сөзбен айтқанда, Алтынбек Қоразбаев «Қара кемпір» әні арқылы әдебиетте жасалуға тиіс типтік образды жасағаны анық. Қысқасы, композитор кейуанаға әнмен ескерткіш қойды.

«Қызылсай қырат-қырат белесі көп,

Белесте қос боздақтың елесі көп.

Білемін өлім бар ғой, өле алмаймын,

Өйткені мал-мүлкімнің егесі жоқ.

 

Көңілім сонша неге қоңырлайды-ау,

Торлап бір алғаны ма өмір қайғы.

Ата су Аспараға сағындырған,

Қос қозым неге келіп шомылмайды»,

деп келетін ән жолдары – кейуананың жанайқайы. Жан ариясы секілді естілетін әннің бар табиғаты осы екі шумаққа сыйып тұрғандай көрінеді.

Сұрапыл соғысқа кеткен қаншама сарбаз оралмады. Оның ішінде Қызылсайдан қаншама қаракөз кетті десеңізші. Үміт еткен, көзінің нұры болған балаларының жолына қараған қаншама ананың қасіреті «Қара кемпір» әнінде тұр...

Құлақтан кіріп бойды алған туынды туралы қаншама қаламгер толғанды. Ғасыр қасіретін арқау еткен әнге арнайы қойылған ескерткіш те бар.

«Қайбір жылы ауыл маңына тікұшақ қоныпты. Сол кезде кейуана «Барыңдаршы, сұраңдаршы, қос құлыншағымды көрген болар», депті мұңа­йып. Ананың жан қайғысын түсінген жұрт сонда: «Расында ұлдарыңызды көріпті. Олар көк жүзінде ұшып жүр екен», деп ананы жұбатыпты. Ал кейуана болса олардың тірі екеніне сеніпті», деген Алтын­бек Қоразбавтың пікірі тіпті жүректегі өкініш отын ­маздатып жібереді...

Жүрекке салмағы зілмауыр жүк артатын ән есті ұрпақтың жадынан өшпесі анық. Өйткені мұнда тұтас бір ұлттың қайғысы тұр. Әйгілі шығарма­ны тыңдаған сайын Қызылсай көз алдыңа келеді. «Қара қағаз» Қызылсайға неге жетті екен деп әлдекімді айыптағандай боласың. Қасіретті хабар оның ес жоғалтуына әсер еткенімен, үміт отын өшіре алмап еді. Тек азалы жанның жүрегіне дақ түсірді... Өкініштісі де сол. Қысқасы, оның қасіреті – жазылмас қасірет. Өміршең ән де соны еске сала береді.