Университет • 25 Мамыр, 2024

Түлектер әлем елдерінде жұмыс істейді

123 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

NU Медицина мектебінің түлектері енді әлем­нің қай жерінде болсын жұмыс істей алады. Себебі Еура­зия­лық жо­ға­ры білім беру және денсаулық сақтау сапасын аккре­диттеу және кепіл­дендіру орталығынан «Медицина ғы­лым­дарының докторы» бағ­дар­ламасы бойынша толық халық­ара­лық аккредитация алды.

Түлектер әлем елдерінде жұмыс істейді

Еуразиялық жоғары білім беру және денсаулық сақтау сапасын аккредиттеу және кепілдендіру орталығы (ECAQA) Еуропалық жоғары білім сапасына кепілдік беру қауымдастығының құрамына кіреді. Оны Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясы да мойындайды. Бесжылдық аккредиттеу NU-дың «Медицина ғылымдарының докторы» бағдарламасы сапа мен озық медициналық білім берудің қатаң стандарттарына сәйкес келетінін растайды. Бұл ретте оқу бағдарламасы, оқытушылар­дың біліктілігі, зерттеу мүмкіндіктері, студенттерді қолдау қызметі және клиникалық база жан-жақты баға­ланбақ.

– Медицина ғылымдарының докторы» бағдарламасының ECAQA-ның толық аккредитациясын алуы – NU Медицина мектебінің маңызды қадамы. Бұл біздің оқытушыларымыз­дың, қызметкерлеріміздің және студент­тері­міздің еңбегі мен талпы­нысының куәсі, сондай-ақ жоғары деңгейдегі медициналық білім беру бойынша миссиямызды растайды. Болашақ медицина мамандарын сапалы даярлауға деген ұмтылысымыздың дәлелі. Олар біздің қоғамымыздың және одан тыс жерлердің денсаулық сақтау саласындағы түрлі мәселені шешіп, күн сайын артып келе жатқан міндеттерді орындай алуы керек, – деген еді NU вице-президенті және Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли.

ECAQA-ның толық аккредитациясы студенттерге көп мүмкіндік береді. Себебі ол – кепілдендірілген білім са­па­­­сы. Екі жыл ішінде ECAQA сарап­шы­­­­­­­лары бағдарламаны мұ­қият талдады. ­Ол халықаралық үз­дік тәжі­ри­бе­лерге­ (best practices) сәй­кес келді әрі сту­дент­тердің сапалы білім, озық кли­ни­калық базалар мен техноло­гия­ларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді деген қорытындыға келді. Сонымен қатар NU Медицина мектебінің түлектеріне бе­делді меди­циналық мекемелерге жұ­мыс­қа орна­ласуға және оқуын әрі­ қарай жал­ғастыруға мүмкіндік ашыл­мақ.

Төрт жылдық «Медицина ғылым­­дарының докторы» бағдар­ламасы АҚШ-тың білім беру моделіне негізделген. Бағдарламаға түсу үшін негізгі медицина немесе басқа да тиісті білім бойынша дип­лом қажет. Оқыту үдерісі науқасты емдеу арқылы жүргізіледі. Алғашқы екі жылда студенттер UMC ауруханаларында апта сайынғы сессиядан және соңғы жылдары клиникалық тәжірибеден өтеді. Одан кейін медицина ғылымының докторы дәрежесімен резидентура мен докторантурада оқуды жалғастыруға болады. Мектепте бакалавриаттан резидентураға дейін барлығы 22 білім беру бағдарламасы бар. Аталған бағ­дарламалар бойынша осы уақытқа дейін 500-ге жуық адам білім алған.

Халықаралық аккредиттеу­ уни­­вер­ситетті әлемдік аре­на­да беделді ете түседі. Талап­кер­­лер­дің, оның ішінде шетел­діктер­дің қызығушылығын арт­тырады. Тартымдылықтың арт­қанын біл­діреді. Аккредиттеу үдерісі мұнымен тоқ­тап қалмайды. NU Медицина мектебі Қазақстанда медициналық сала көшбасшылары қауымдастығын қалыптастыру мақсатында өзінің бағдарламалары мен зерттеулерін жетілдіруді жалғастыруға міндет­те­ме алып отыр. 2015 жылы құрылғаннан бері NU Медицина мектебі инновациялық денсаулық сақтау жүйесін құра алды, оның ішінде ғылыми зертханалар мен Университет медицина орталығы (UMC) бар. Тіпті медициналық клиникалар үшін «алтын стандарт» саналатын Халықаралық біріккен комиссияның (JCI) аккредитациясы бар. Студенттер UMC-тың академиялық кли­ни­калық кафедраларында тәжірибе жинап, оқуды бітіргеннен кейін резидентурадан өтеді. Осылайша, академиялық меди­ц­и­налық орталық Питтсбург уни­вер­ситетінің Медицина мектебі ретіндегі серіктесінің қолдауымен халықаралық медициналық хабқа айнала алады.