Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ
Ақжолтай хабарды облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Жыл аяғына дейін Талдықорғанда жаңбырлатып суаратын қондырғылар шығаратын өндіріс орны ашылады. Күз басында іске қосылатын кәсіпорынның қуаты жылына мыңға жуық жаңбырлатқыш машинаны құрауға жетеді. Бұл жыл сайын 30-40 мың гектарды ылғал үнемдейтін технологиялармен қамтуға мүмкіндік береді.
Кәсіпорын Талдықорғандағы индустриалды аймақ аумағында салынады. «Жетісу Агро кешені» ЖШС компаниясы іске асыратын жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Бөлінген жер учаскесінде тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Компания директорының орынбасары Қайрат Оспановтың айтуынша, зауыт жылына 960 бірлік жаңбырлатқыш машина құрастыруға қауқарлы.
Өндіріс барысында шикізат ретінде отандық металл, сол сияқты датчиктер, бүріккіштер секілді құрамдас бөліктердің америкалық түрлері пайдаланылады. Дәнекерлеу мен лазерлік жұмыстарды жүргізу үшін өндірістік цехта орнатылатын станоктар да америкалық болмақ. Сонымен қатар болашақта трактор құрастыру цехы ашылып, осы техникаға қызмет көрсететін сервистік орталық құрылады. Әзірге 40 жұмыс орнын ашу көзделген.
Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, жобаға қажетті қолдау көрсетіледі. Жалпы, бұл осы күзде іске қосылатын жалғыз кәсіпорын емес. Индустриалды аймақта өнеркәсіптік аккумуляторлар шығаратын зауыт салу жұмыстары жалғасып жатыр. «ASMA Industrial» ЖШС өкілдерінің айтуынша, құрылысты жаздың ортасында аяқтап, қыркүйек айында іске қосу жоспарланған. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 210 мың дана аккумулятор шығаруға жетеді, жобаға 3,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Компанияның тең құрылтайшысы Серікбай Әжмағанбетовтің сөзіне сүйенсек, кәсіпорында стационарлық индустриялық батареяларда, яғни күн және жел электр стансаларында, тепловоздарда, жүк тиеу электротехникасында пайдаланылатын өнеркәсіптік аккумуляторлар шығарылады.
Айта кетейік, мұндай өнімдер «Қазақтелеком», «KEGOC» сияқты компаниялар үшін керек. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік батареялар электр энергиясын үздіксіз берумен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдарда қолданылады, яғни олар резервтік электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуде пайдалы. Өндірісті ұйымдастыру үшін Оңтүстік Корея жабдықтары әкелінген. Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорында дайын өнімді өткізуде қиындық тумайды, өйткені қазір экспортты ұйымдастыру үшін БАӘ компаниясымен іскерлік байланыс орнату жөнінде ұсыныстар бар.
Кәсіпорын басшылығымен кездесу барысында облыс әкімі өңірдің «жасыл» энергетиканы одан әрі дамытуда әлеуеті зор екенін айта келе, Алакөл ауданында инвесторлар қуаты 1 ГВт болатын ең ірі ЖЭС салуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл да «ASMA Industrial» ЖШС өнімдерінің сұранысын арттыратынын еске салды. Мәселен, былтыр облыста электр энергиясының 75 пайызы жаңартылған энергия көздерінен өндірілді. Бүгінде өңірде белгіленген қуаттылығы 210,5 МВт болатын 15 ЖЭК нысаны жұмыс істейді.
Күнбағыс майын өндіретін «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС зауыты тоқтап қалғаннан кейінгі кезеңде қайта іске қосуға дайын. Директоры Сенан Мұстафаевтың айтуынша, зауыт техникалық тексеруден өткен. Сынақ режімі аясында күнбағыс тұқымынан 113 тонна май сығылған. Шикізатқа қатысты да проблема жоқ, оны Ресейден жеткізу үшін келісімдер жасалған. Тек теміржол инфрақұрылымының жағдайы, атап айтқанда, шпалдарды жөндеуді немесе ауыстыруды қажет ететін шағын учаскенің мәселесі ғана өзекті болып отыр. Бұл ретте өңір басшысы мәселенің барынша қысқа мерзімде шешілетін айтып, бұған қатысты жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
«Жуық арада зауытты іске қосудың маңызы үлкен. Оның үстіне техникалық, технологиялық жағынан дайын болғандықтан, бұл қиындық туғызбайды. Зауыт тұрақты жұмыс істесе, жергілікті фермерлердің күнбағыс өсірумен түбегейлі айналысуына мүмкіндік туады, өйткені өнімін нақты өткізетін орны болады. Содан кейін шикізатты кезең-кезеңімен сырттан әкелудің қажеті болмайды. Сонда дайын өнімнің құны да төмендейді деген сөз. Соның нәтижесінде болашақта зауыт өсімдік майын өндірудің маңызды кластерлік тізбегіне айналады», деді Б.Исабаев.
Бүгінде кәсіпорын жылына 50-60 мың тонна шикізат өңдейді, одан әрі 100 мың тоннаға дейін жеткізбек. Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, 100 мың тонна күнбағыс тұқымынан шамамен 40 мың тонна өсімдік майын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы құстарын азықтандыру үшін кеңінен қолданылатын жем алуға болады. Зауыт теміржол учаскесі қалпына келтірілген соң 1-2 айдан кейін өз жұмысын қайта бастайды деп межеленген.
Сапар соңында облыс басшысы Бейбіт Исабаев керамогранитті плиталар өндіретін «Алмаз-Керамикс» ЖШС кәсіпорнының жұмысымен танысты. Белгілі болғандай, кәсіпорында плиталардың 15 түрі шығарылады, 260 жұмыс орны құрылған. Өндірісте отандық шикізат пайдаланылады. Ал дайын өнімдері ел ішінде ғана емес, көрші Ресейде де саудаға шығады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 2 млн шаршы метр плитка шығаруға жетеді. Алдағы жылы одан да көбірек материал өндіруге ниетті.
Жетісу облысы