Медицина • 27 Мамыр, 2024

Есірткінің жүктілік кезіндегі ана мен бала денсаулығына зияны

281 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

2024 жылғы 15 наурызда Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырау қаласында  өткен  «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты  үшінші отырысында : «... бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады»  деп  ерекше алаңдаушылық білдірді.

Есірткінің жүктілік кезіндегі ана мен бала денсаулығына зияны

Фото:akipress.org

2022 жылғы 1 қыркүйектегі  «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам»  атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде», деп баяндап еді Жолдауда Мемлекетіміздің  басшысы.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 508 қаулысымен «Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілді. Осыған орай, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы  есірткі тұтынуды болдырмау мақсатындағы  профилактикалық   жұмыстар жүргізу  қажеттілігі кешенді жоспардың  құрамына енгізілді (кешенді жоспардың 54-пунктінде көрсетілген). Осыған орай, есірткінің  құрсақ  ішіндегі дамып келе жатқан ұрыққа  зиянын қысқаша болса да, айтып өткенді дұрыс деп санаймын. Себебі ана мен бала денсаулығы – әрқашан да  мемлекетіміздің  басты назарында, ана мен бала денсаулығын қорғау мемлекетіміздің әлеуметтік міндетіне кіреді.

Есірткінің құрсақ ішіндегі  дамып келе жатқан  ұрыққа зияны ұрықтың  эмбриональды даму деңгейіне тікелей байланысты болады. Үш триместрге бөлінетін жүктіліктің барлық кезеңінде құрсақ ішіндегі ұрық зиянды факторларға, әсіресе есірткілік заттарға өте жоғары  сезімтал болып келеді.

Есірткінің  құрсақ  ішіндегі дамып келе жатқан ұрыққа  бірінші триместрдегі зиянды әсері

Есірткіні, сонымен қатар, алкогольдік сусындарды, темекіні, вейптерді, кальян өнімдерін алғашқы триместрде  қолдану  ауыр  салдарларға, адамның жалпы дамуының тежелуіне, адамда  туа біткен ақаулардың пайда болуына, болашақ сәбидің психикалық дамуының тежеліне,  өздігінен болатын түсіктің орын алуына әкеліп соғады. 

Есірткінің  жүктіліктің екінші және үшінші  триместрдегі зияны

Бірінші триместрде ұрықтың дене мүшелері пайда болғаннан кейін, жүктіліктің екінші және үшінші триместрінде есірткі қолдану эмбрионның функциональді дефектілерінің дамуына, құрсақ ішіндегі ұрық өсуінің тежелуіне, уақытынан бұрын босанудың пайда болуына алып келуі мүмкін.

Жүктілік кезінде есірткі  қолдану салдарынан болатын  өзгерістер

Зиянды салдарлары

Болашақ  ананың  ағзасында  болатын өзгерістер

Акушерлік  қан кету

 

Жыныс жолдары арқылы  инфекция жұқтыру

 

Анемия

 

Жүрек соғысының  ақаулары (жүрек пароксизмдері)

 

Веноздық  қан  ұю

 

Жүректің қан тамырларының қабырғасына  бактериялардың жинақталуы салдарынан болған  қантамырлардың  венозды бітелуі

 

Эмбрионда болатын өзгерістер

Құрсақ ішілік дамудың  тежелуі

Нәресте дүниеге келген кезде  салмағының  аз болуы

Эмбрионның жүрек соғысының жиілеуі

Ұрықтың қозғалуының  аз болуы немесе шамадан тыс көп болуы

Босану кезінде нәрестенің  босану жолына бөксе жағымен  келуі

Құрсақ ішіндегі ұрықтың өлімі

Жүктілік  дамуына  және плацентада (бала жолдасында ) болатын өзгерістер

Плацентаның (бала жолдасының )  үзілуі

Плацентаның (бала жолдасының )  жеткіліксіздігі

 

Уақытынан бұрын босану

 

Өздігінен түсіктің дамуы

 

 

Жүктілік кезінде болашақ ананың ағзасында  метаболизм, ағзаға сіңірілу процесстері күндегіден  ерекшелінеді. Жүктілік кезінде өкпенің көмірқышқыл газын сіңіруі, асқазан-ішек жолдарындағы сіңірілу процесттеріндегі өзгерістер есірткілік заттардың сіңірілуіне де әсер етеді. Жүктілік кезінде қантамырлар бойымен қанның айналымы қалыпты күндегіден салыстырғанда жоғарылайды, ағзада майлардың жинақталуы байқалады, есірткілік заттардың  қан сары суының майларымен  байланысы  азаяды, сонымен қатар венозды  қысым ұлғаяды, бір сөзбен айтқанда, қанның құрамында есірткілік заттардың  мөлшеріне әсер етеді, анасының қан айналымы арқылы түскен есірткі кедергісіз ұрыққа барады. Жүкті әйелдің ағзасы арқылы түскен есірткі болашақ нәрестенің бауыр ағзасынан сүзгі  арқылы өтпей, бірден баланың ағзасының  жоғарғы бөлігіне есірткілік зат өтіп кетеді. Яғни, болашақ нәрестенің жүйке жүйесін зақымдайды.

Жүктілік  кезіндегі әйел ағзасында  альбумин деңгейі азаяды, соның салдарынан есірткілік заттар ұрыққа,  плацентаға (бала жолдасына) кедергісіз өтеді, кедергісіз өткен есірткінің  концентрациясының ана ағзасынан шығарылуы баяу жүреді, яғни, болашақ нәрестенің жалпы дамуына, психикалық денсаулығына зияны тиеді, неврологиялық аурулар шақырады, тіпті, туа біткен ақауларға әкеледі.

Сол себепті, құрметті болашақ аналар, сіздерді есірткіден аулақ болуға шақырамын, қазіргі уақытта есірткіні бірден қолдану өмір бойы есірткі қолдану салдарынан болатын тәуелділікке әкеліп жатыр. Есірткіден болған тәуелділік – мемлекетіміздің адам ресурстарына төнген үлкен  қауіп болып тұр.

Дені сау ұлт боламыз десек, есірткіден мүлдем аулақ болайық. Әр адамның денсаулығының мықты болуы – мемлекетіміздің таптырмас байлығы екенін естен шығармайық.

 

Еркебұлан МОЛДАХАНОВ,

Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ                    

«Облыстық психикалық денсаулық орталығы» МКК дәрігер наркологы