Спорт • 28 Мамыр, 2024

Паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты басталды

66 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төраға­сы, Қазақстан бочча федерация­­сы­ның президенті Мәулен Әшім­баев паралимпиадалық боччадан жыл сайынғы республика чем­пионатының ашылу рәсіміне қатысты. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарыста жекелей сыннан бөлек, алғаш рет командалық және жұптық сайыс­тарда жеңімпаздар анықталады.

Паралимпиадалық боччадан ел чемпионаты басталды

Суретті түсірген – Н.Байбулин

Чемпионатқа қатысушыларға сәтті­лік тілеген Мәулен Әшімбаев боччадан ұлттық құрама мүшелерін таяуда Финляндияда өткен беделді халықаралық жарыста жеңіп алған жүлделерімен құттықтады. Федерация президенті бұл үлкен жеңістердің басы екенін атап өтті. Ол үшін, ең бастысы, табандылық пен төзімділік, ерік-жігер мен сенім және жаттықтырушылар мен спортшылардың үйлесімді жұмысы қажет.

«Жақында Финляндияда өткен жарыс­та ұлттық құрамамыздың мүше­лері Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шың­ғысханова және Александр Құр­мантаев алғаш рет қола медаль жеңіп алды. Бұл жыл өткен сайын спортшыларымыздың кәсіби деңгейі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Шеберліктері шыңдалып, өздеріне деген сенімділіктері және ірі жеңістерге деген құлшынысы артып келеді. Аз уақыттың ішінде бұл спорттан жарық жұлдыздарымыздың шыққанына және әр жарыс сайын қатысушылардың қатары көбейіп келе жатқанына қуаныштымын. Біз баршаңызды мақтан тұтамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанда инклюзияны дамытуға үнемі баса мән беріп келеді. Біздің жетістіктеріміз – осындай қолдаудың және үлкен команданың бірлескен жұмысының нәтижесі», деген М. Әшімбаев спортшыларға, олардың ата-аналары мен жаттықтырушыларға алғыс білдірді.

Айта кетейік, Финляндияның Лахти қаласында өткен сайыста Қуаныш Асқарбеков жекелей сында қола медаль олжалады. Сондай-ақ командалық жарыста да Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Александр Құрмантаев үздік үштіктен көрінді. Одан бөлек, жекелей сында Итиана Шыңғысханова – төртінші, Меруерт Тілебалды – бесінші, Балжан Бөлекпаева – алтыншы және Темірлан Алтынсары сегізінші орын алғанын атап өткен жөн.

«Кейінгі жылдарда елімізде бочча қар­қынды дамып келеді. Аз уақыттың ішінде атал­ған паралимпиадалық спортпен тұрақ­ты айналысатындар қатары шамамен 20 пайызға артып отыр. Бұл ерекше қа­жеттілігі бар мыңдаған азаматқа спорт­пен шұғылдануға, жаңа достар табу­ға және халықаралық ареналарда үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады. Еліміз­де боччаның осылай кеңінен таны­л­ып, жаңа қозғалысқа айналып келе жат­қа­нына қуаныштымын. Бұл ретте сіздер үлкен үлгі көрсетіп келесіздер», деді федерация президенті.

Биылғы чемпионатқа қатысушылар санының көп болуы бұл спорт түріне деген қызығушылықтың арта түскенін дәлелдейді. Былтыр ел чемпионатына 10 өңірден 50-ге жуық спортшы келсе, биыл 12 өңірден 89 спортшы қатысуға өтінім берді. Қазіргі таңда 10 облыста Қазақстан бочча федерациясының филиалдары жұмыс істейді. Ал 12 өңірде бочча үйірмелері бар.

Сонымен қатар бүгін Федерация конференциясының кезектен тыс отырысы өтті. Онда қатысушылар инклюзивті спорт түрлерін одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін, оның ішінде жаттығу базасын дамыту, қаржыландыру, спортшылар арасында бәсекелестікті арттыру, тәжірибе жинақтау және тағы басқа басымдықтарды талқылады.