Денсаулық • 28 Мамыр, 2024

Сүт безі обыры азаяр емес

94 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда өткен «ОнкоРенессанс 2024» I халықаралық ғылыми-тәжірибелік мектебінде Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс Бас онкологі Диляра Қайдарова елімізде ең көп тараған қатерлі ісіктің түрін атады. Маманның айтуын­ша, сүт безі обыры бірінші орында ғана тұрған жоқ, жыл өткен сайын осы дертке шалдыққан әйелдер саны да көбейіп келеді.

Сүт безі обыры азаяр емес

Мәселен, 2023 жылы Қазақ­­стан­­­­да жа­ңадан 5 500 адам­ның сүт безі обырына шалдық­қаны анық­талса, дәрі­герлерді науқас­тар­дың жа­сарып бара жат­қаны алаң­датады.

– Осы жуырда ғана жасы 23-ке толған науқаста сүт безі обыры өрши бастағанын білдік. Сон­дықтан қатерлі ісікті асқынбай тұрғанда анықтап, ем-домын ерте бастауға барынша назар аударып отырмыз. Өзде­рі­ңізге белгілі, 2023 жылы онкологиялық кеселдермен күресудің кешенді жос­пары қабылданды. Осы жоба арқылы әйелдер ара­сын­дағы қатерлі ісікті дер кезінде анықтау үшін жаңа цифрлық маммографтар орнатуды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда обыр бастапқы сатыларында 100 пайыз дер­лік ем-домға көнеді, – деді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ төрайымы Диляра Қайдарова.

Өкпе обыры, сүт безі обыры, онкоурология, меланомалар мен ісікке қарсы дәрілік терапия­ны басқару сияқты бес ба­­ғыт­ты қамтыған «Онко­­Ренессанс-2024» ха­лық­­аралық ғылыми-тә­жіри­бе­лік мектебіне отандық онко­логтермен бірге АҚШ, Ресей, Италия, Франция, Испания, Латвия, Түркия, Қытай, Грузия, Беларусь, Әзербайжан елдерінен келген спикерлер мен химиотерапевтер, онкохирургтер, рентгенологтер мен жас мамандар қатысты.

Кәсі­би жиынға қатысу­шы­­лар отан­дық және ше­телдік са­рап­шылардан сүт безі қатерлі ісігінің On­co­type DX диагностикасы, он­ко­логиядағы молеку­ла­лық-ге­нетикалық диагностика, сәулелік және таргетті терапияның заманауи әдіс­те­рі және онкологиядағы ғылы­ми жаңалықтар туралы ақпа­рат алмасты.

Қазақстанда онкология­лық көмек Денсаулық сақ­тау министр­лігінің стра­те­гия­лық жоспары мен 2023-2027 жылдарға ар­нал­ған онкологиялық аурулар­мен кү­рес жөніндегі кешенді жос­пар шеңберінде ілге­рі­леп жатқанына тоқтала кеткен жөн. 2023 жылы дина­ми­ка­лық бақылауда 218 213 онкологиялық пациент болса, олардың саны саны 5,7%-ға өскен. Бұған дейін жазылғандай, бірін­ші орында – сүт безі, екінші орында – тоқ ішек, үшінші орында – өкпенің қатерлі ісігі, төртінші орында – асқазан қатерлі ісігі, бесінші орында жатыр мойны обыры тұр. Статистика бойынша қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 2,8%-ға төмендеп, 2023 жылы қатерлі ісік түрлеріне 12 920 адам көз жұмған.  0-I сатыдағы онкологиялық ауру­лардың ерте диагнос­тикасы 2023 жылы 5,2%-ға ұл­ғайып, қатерлі ісіктердің жаңа жағдайларының жалпы құ­ры­лымында 30,5%-ды құрады.

– Бұл мәселе Мемлекет бас­шысының назарында тұрғаны белгілі, Президент тапсырмасын орындай отырып, онкологиялық қызметті жаңғырту мақсатында об­лыстық онкологиялық дис­пансерлерде сәулелік те­ра­пия­ға арналған жаңа ап­параттар, заманауи цифр­­лық маммографтар, за­ма­науи 128-кесінді ком­пьютерлік томографтар сатып алынды. «Қазақстан халқына» қайы­рымдылық қорынан да қо­мақты қаржы бөлініп жатыр. Биылдың өзінде жаңа КТ симуляторлары мен сәулелік терапияға арналған 6 сәулелік үдет­кіштер алдық. Бұл құрыл­ғы­лар Астана, Алматы, Семей және Петропавл қала­ларында орнатылады. Сондай-ақ «Қазақстан хал­қына» қоры балаларға да, ересектерге де қымбат тұ­ра­тын инновациялық тар­гетті препараттарды сатып алуға 15 млрд теңге­ден аса қаражат бөлді. «Қазақстан халқына» қоры мамандарымызды шетелде оқытуға да қаржы бөлді. Ха­лықаралық ынтымақ­тас­ты­ғымыздың нәти­­жесін­де отандық онкологтер ше­тел­дерде, Еуропада білім алып, тәжірибе байы­тып, Қа­зақстанға жаңа инно­вациялық емдеу және диаг­нос­тикалық әдістерді әкеліп отыр», дейді еліміздің бас онкологі.

Қазіргі уақытта елімізде  тегін онкоскри­нинг­тің 3 түрі бар болса, дер кезінде жасалған диагностикалау арқылы 2022 жылы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан науқастардың 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 71,6%-ға, жатыр мойны обыры бо­­­йынша 67,5%-ға, тоқ ішек обыры бойынша 52,9%-ға дейін ұлғайған.

Елімізде ересектерге ар­­налған онкологиялық кө­мекті «Қазақ он­кология және радиология ғы­­лыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазОжРҒЗИ), «Ұлттық ғы­лыми онкологиялық орта­лық» АҚ (ҰҒОО) сияқты республикалық ұйым­­дар, 15 онкологиялық диспансер, орталықтар, көпбейінді стационарлар жанындағы 5 онко­логиялық бөлімшелер атқарады.

 

АЛМАТЫ