Оқиға • 27 Мамыр, 2024

Ұлтан құлдың ұрпақтары

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеңестік салт-сананың сеңі сірескен сексенінші жылдар. Студент кезіміз. Бірде біздің университетте атақты Асанәлі Әшімовпен кездесу өтті. Кеш қонағына қойылған көп сұрақтың кейбірі «Қыз Жібек» фильмінде ол ойнаған Бекежан рөліне байланысты болған еді. Сонда әртіс ағамыздың әзіл-шынын араластырып айтқан мына бір әңгімесі әлі күнге есімнен кетпейді.

Ұлтан құлдың ұрпақтары

Суретті салған – Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ

– Жалпы, Бекежан жаман жігіт емес, – деп жи­налған жұртты еріксіз елең еткізген Асекең оқшау ойын әрмен қарай жалғады. – Елінің еңіреген ері. Сырттан жау шапса, алдымен атқа қонатын сол. Онда да сұлуды сүйетін жүрек бар. Жаны қалаған Жібегін жар еткісі келсе, қымыз ішіп, қыз іздеген көлденең көк ат­тылар жолын кес-кестейді. Кеудесін кернеген еркектік намыс өне бойын өртеп бара жатса, қайрат қылмай қайтпек енді? Оның орнына өздеріңді қойып көріңдерші. Дискотекаға ертіп апарған бикештеріңді желіккен біреулер жетектеп әкетсе, не істер едіңдер? Одан зорғысын айтайын, тегінде Төлеген, Қозылардан ұрпақ қалмаған. Осы отырған бәріміз Бекежан мен Қодардың үрім-бұтағымыз...

Ал керек болса!

Социалистік реализмнің қасаң қағидасы бойынша жағымсыз кейіпкер жайындағы бұл «жағымды» пікір тыңдарманды сілтідей тындырған-тұғын.

Кейде айналамыздағы адамдардың астам қылық­тарын көргенде көңіліміз құлазып, бұдан қырық жыл бұрын естіген Асағаң сөзінің жаны бар ма деп қалам. Мәселен, өзі басқаратын мемлекеттік меке­мені жекеменшік қожалығындай билеп-төстеп, қарамағындағы қызметкерлерді қан қақсатып, болмашы себептерге бола жер жебірі, жекен суына жетіп жекіретін ашу шақырып айқайлағанда аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын әкіреңбай әкім-қара­лар­дың жаға ұстатар жаман әдеттері әркімнің-ақ жиір­ке­нішін тудырары талассыз. Білім-білігі төмен, бірақ өздерін биік тұлға санайтын мұндай ұрдажық бас­тық­сымақтарды амалсыз «Алпамыс батыр» жы­рын­дағы Ұлтан құлға ұқсатасың. Естеріңізге сала кет­сек, Алпа­мыс батыр бай әкесі Байбөрінің бар малын б­арымталаған қалмақтың Тайшық ханымен аты­сып-ша­бысуға аттанып, жеті жыл жорықта жүр­генде жуын­дыға секірген иттей әлгі Ұлтан әбден есіріп, артында аңы­рап қалған ел-жұрттың еңсесін езіп, азып-тозған ағайын­­дарының басына әңгіртаяқ ойнатпаушы ма еді?

Қожыраған қоғамның әлсіз тұстарын пайдаланып әлдекімдердің әлеуетті қолдауымен қоқаңдап, биліктің бишігін ұстаған бәзбіреулер тапқан-таянғандары тамағынан аспайтын бағыныштыларын басынып бітеді.

Әпербақандықтан әбден титықтаған көнтерілі әлеумет осының бәріне көнетінін қайтерсің. Көн­бегендері ауылдағы атқамінерлердің үстінен аудан, облыс, Астанаға арызданады. «Тұрымтайдан қорлық көрген бозторғайлар» борбай еті борша болып іздеген әлеуметтік әділетін тапса жақсы. Таппаса ше?

Қазір бізге «қолынан келсе, қонышынан басатын» тасыр мінезді талтаңбайларды тәртіпке салатын Алпамыс тәрізді асыл текті азаматтар қажет!