Тұлға • 29 Мамыр, 2024

Сабырлы күйдің сардары

162 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәдениет үйінің алдында бұрын-соңды қаралы жиын өткен емес. Әбдімомын Желдібаевты ақтық сапарға шығарып салушылардың қарасы қалың. Алыстан, жақыннан арнайы ат ізін салып келген жамағаттың жүзі жабырқау, қабағы қатулы.

Сабырлы күйдің сардары

Қаралы жиында Жамбыл облы­сының әкімі Ербол Қара­шөкеев сөз алды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жел­ді­баевтар отбасына көңіл айту жеделхатын оқыды. Мем­лекет басшысы көрнекті күйші-композитордың мезгілсіз қаза бол­ғандығын күйзеліспен қа­былдағанын жеткізіпті. Бұдан кейін өңір басшысы, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері ұлт­тық өнерді ұлықтаған, күй әлемін күмбірлеткен талантты жанды еске алып, тебірене сөйледі.

Алпыс жылдан астам уақытын сах­­нада өткізіп, күйлерімен рухани кеңістігімізді байыта түскен дәулескер күйшінің мол мұрасы қалды. Әбекеңнің кіндік қаны тамған жер – Шу ауданындағы Көк­төбе ауылы. Әкесі Желдібай мен анасы Күлжәмилә қатар­дағы шаруа адамдары болатын. Екеуінен бір қыз бен төрт ұл тараған.

Әбекең бастауыш мектептің табалдырығын аттағаннан кейін домбыра тартуға құштарлығы арта түседі. Бір күні өзімен көр­шілес тұратын, соғыс ардагері Ыды­рыс есімді ақсақалдың домбыра тартып отырғанын көріп қалады. Бозбала қара талдың кө­лең­кесін саялап отырған қарияға жүгіріп барып, сәлем береді.

– Ата, менің де тартқым келеді...

– Тартам десең, қолыңнан қақпаймын.

– Сабақтан соң келіп тұрайын. Маған да үйретіңізші.

– Жарайды қарағым. Қазақ­тың қара домбырасын үйреніп алсаң, қатарыңнан қалмайсың...

Сол күні Әбдімомынның қуа­нышында шек болмады. Әкесіне де, анасына да Ыдырыс атадан домбыра үйренетінін айтып, жар салды.

Ол студент кезінің өзінде дом­быраны шебер тартуға қара­ған­да күй шығаруды армандай­тын. Қазақтың маңдайына біт­­кен Құр­манғазы, Тәттімбет, Қа­зан­ғап, Дина және тағы басқа да күй­шілерге ұқсап бағуға күш
салды.

Әбекең шертпе күйдің шебе­рі атанған Тәттімбет туралы күй шығарды. Оны өзінің курстас­тарына тыңдатқан. Көпшілігі мақтаған. Біразы күй авторы кім екенін сұрастырады. Жас күй­ші өз күйін жетесіне жет­кіз­бейінше құпия санап, тіс жармайды. Әбден пісірген соң ғана оның авторын жария еткен. Курс­тастарының көбісі Әбекең­нің ұстамдылығына тәнті бола­ды. Осылайша, «Тәттімбет» күйі­нің тұсауы кесіліп, тыңдарман­да­р­ға жол тартады.

Облыстық мәдениет басқар­масы басшысының бұйрығы­мен Әбекең 1964 жылы Шу аудан­дық Мәдениет үйінің директоры ­болып тағайындалды. Кәсіби ­мамандар жоқтың қасы. Музыкалық аспап та тапшы. Әбекең жарты жолдан қайтып көрген жан емес. Басшыларға шығып, қосымша қаржы бө­лін­бесе, Мәдениет саласының маң­дайы жарқырамайтындығы жөнінде дабыл қақты. Жоғары сынып оқушылары қатарынан өнерге бейімді деген жастарды іріктеді. Жар құлағы жастыққа тимей, мәдениет үйінің жұмысына жан бітірді. Алғашында жас домбырашылар үйірмесі құрылса, кейін «Шу еркесі» ансамблі өз алдына шаңырақ көтерді. Бертін келе, бұл ансамбльдің құрамы толықтырылып, қосымша ас­паптармен жабдықталып, «Шу еркесі» ұлт аспаптар оркестрі дең­гейіне жетті.

Әбекең ұжым жұмысын ұтым­ды ұйымдастырумен бірге шы­ғармашылықты да дамытты. Соның жарқын бір дәлелі, өзіне домбыраны үйреткен Ыдырыс қарияға арнап, «Ыдырыстың шертпесі» атты күй шығарды. Бұл күйді де ой елегінен өткізіп, ке­йіннен күй атауын «Ыдырыс» деп өзгертті.

Әбекең туған інілеріндей бол­­ған Қарауылбек Қазиев пен Әлди­хан Қалдыбаевты жанындай жақ­сы көретін. Қолына қалам ұста­ған екі бауыры да мү­йізі қарағай­дай жазушы болып қалыптас­ты. Қарауылбек Шым­кентте, Әлди­хан Таразда тұрып жатса да, үшеуі ­жиі бас қосатын. Бір-біріне ба­уыр ­бас­қандығы соншалық, араларында айтылмайтын сыр жоқ. Үшеуінің достығын көргендер қызыға қа­райтын.

Ойда-жоқта қылшылдаған қы­рықтан асқанда, Қарауылбек қайтыс болды. Әбекең бауырын қатты жоқтады. Кеше жаздай жадырап жүрген ізетті іні­сінің жарқын бейнесі, ыстық ықы­ласы көз алдынан кеткен емес. Қарауылбек республика­лық әдеби байқауларға тұрақты қатысып жүретін. Өз-өзіне «Боз­жігіт» деп бүркеншік ат қойған. Күн-түн демей толғаныста жүр­ген Әбекең «Бозжігіт» күйін дү­ниеге әкелді. Осы күйдің сарыны мен мәніне риза болған Әлдихан: «Екі шектің бірі кенеттен үзіліп қалған еді. Мына күй сол шекті қайта жалғады» деп бір тәубеге келгенге ұқсайды.

Әбекеңнің күйлерінен бө­лек, әсем әндері де бар. Оның бә­ріне бірдей талдау жасауды мақсат тұтпадым. Дегенмен «Ер­ке сылқым» күйіне ерекше тоқ­талғым келеді. Бұл күй 1973 жылы өмірге келген. Содан бері жарты ғасыр­дан астам уақыт өтсе де, осы күй орындалғанда толғанбайтын адам кем. Аты аңыз­ға айналған «Ерке сылқым» күйі туралы толғанба­ған тұлға­лар аз шығар. Енді солар­дың біра­­зын оқып көрелік.

Жамбыл облысының құр­мет­ті азаматы Әлдихан Қалды­баев көзі тірісінде: «Әбекең «Ер­ке сылқым» күйі арқылы қазақ әйел­дерінің табиғи болмысы­мен тағылымды тұлғасын, көрікті кел­бетін, ажарлы айбатын бояусыз көрсете білген» деп бағалаған. Қазақстанның халық әртісі Қадір Жетпісбаев: «Әбдімомын аға­мыз жалғыз күймен ғана жарты әлемді рухани жаулап алды» деп ой тастаған.

«Ерке сылқым» күйінің кімге арналғандығын мен де білмек болдым. Күйші нағашым аз-кем ойланып тұрды да: «Жиен-ау, оны қайтесің? Атын айтқаныммен, танымайсың. Ол әйел басқа жақ­та тұрады. Қолаң шашы тір­се­гіне дейін төгілген, маңдайы жазық, жүзі жарқын, қызықты қылықтарымен кербез келіншек еді. Қолынан ұстап көрмесем де, сырттай ғашық болғанымды несіне жасырайын. Отбасылы болсам да, әлгі бойжеткенді ұмы­та алмадым. Шығармашылық­пен айналысқандықтан, түннің қай мезгілінде болсын оянып кететі­нім бар. Сондай сәттерде қолсо­зым жердегі Шу өзенін жағалауды ­жаным сү­йеді. Таң сәрідегі тұ­нық ауа ты­нысыңды ашады. Осын­дай кезде ауруханада танысқан әлгі ару маған қол бұлғап тұрған­дай елес­тейді. Аңсап жүрген арудың өзі мені іздеп келген бе деп қиял­даймын. Бірақ сағым бейне әп-сәтте көз алдымнан бұл-бұл ұш­қандай болады. Саған өтірік, маған шын «Ерке сылқым» күйін дүние­ге әкелуге табаны күректей 20 жылдай уақыт жұмсаппын...».

Осылай деген нағашым те­ме­кісін құмарлана тартып: «Ерке сылқымның» кейіпкері көп­ші­лік үшін жұмбақ жан болды. Со­лай бола береді де. Осымен бұл тақырыпқа нүкте қояйық», деп әңгіме ауанын басқа жаққа бұр­ды. Бұдан соң бұл әңгіме арамыз­да айтылған жоқ.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қар­­саңында Шу ауданының құ­рыл­ғанына 80, Шу шаһарының қала атанғанына 50 жыл то­луы­на байланысты үлкен мә­де­ни іс-шара өткізілді. Атқамінер­лер­дің бастамасымен дала музейі атанған бірнеше еңсе­лі ескерткіш бой көтерді. Әбді­мо­мын Желдібаевтың «Ерке сыл­қым» күйінің құрметіне Шу шаһарындағы автобекет алдын­да арнайы ескерткіш тұрғызыл­ды. Бұл ескерткішті тамашала­ған жұртшылық таңданбай қал­ған жоқ. Ақжаулықты аналар ескерткіштің ашылу салтана­тын­да шашу шашты. Арқалы ақындар мен термешілер «Ерке сылқым» туралы толғады. «Ер­ке сылқым» күйінің құрметіне автор­дың тапсырысы бойынша Шу аудандық мәдениет үйіндегі би үйірмесінің жетекшісі Ажар Ержанова «Ерке сылқым» биін дүниеге әкелді.

Туған халқына 70-тен аса ән мен күй тарту еткен Әбдімомын Желдібаевтың рухани мұрасын өскелең ұрпақ өнеге тұтып жатса, нұр үстіне нұр. Ол кісінің 20-дан астам күйі Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің репертуарына қабылданған. Ал әндерін Нұрғали Нүсіпжанов, Күлімхан Оңтаева, Асылхан Шүңіреков, Сәуле Желдібаева, Жанат Досжанова сынды күміс көмей әншілер шырқады.

«Ерке сылқым» күйі кең та­рал­ғаннан кейін Әбекең ұлт мақтанышына айналған тұлға­лармен терезесі теңесті. КСРО халық әртісі Нұр­ғиса Тлендиев «Отырар сазы» оркестрімен Мәс­кеуге барып, өнер көрсеткені ел есінде. Ол қайтар жолда Шуға ат басын бұрған. Сол кезде ағалы-інілі екі тұлғаның бір-біріне деген шынайы сыйластығын көріп, тәнті болдық. Әбекең Алматыға жолы түсе қалса, Нұрғисаны іздей­тін. Өзара шүйіркелесіп, өнер тура­лы әңгімелер өрбіткені құлағым­да қалып қойды.

Әбекең мемлекет тарапынан берілген жоғары наградаларға да қол жеткізді. «Құрмет», «Парасат» «Достық» ордендерімен марапатталып, «Қазақстан Рес­пуб­ликасының еңбек сіңірген қай­­раткері», «Ұлттық өнер уни­вер­ситетінің құрметті профессоры» атанды. Қандай жоғары атақ алып жатса да, қан­дай құрметке бө­ленсе де, сабыр­лық сақтады. Әбекең дәм-тұзы таусыларда да осы сабырлы күйінен айнымады. Күйші мұрасы ұлтымен бірге ­жасай беретініне сенімдіміз.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Жамбыл облысы,

Шу ауданы