16 Қаңтар, 2015

Бостандық аралы бас иген батыр

848 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Снимок1963 жылғы Мәскеуге келген сапарындағы сұхбатында: «Сіз үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың басты қаһарманы кім?» деген сауалға Фидель Кастро Рус: «Александр Бектің «Волоколам тасжолының» кейіпкері – қазақ Момышұлы» деп жауап қайтарған. Қанаттас бөлмеде креативті ойлау жүйесін тізбектеп, бес журналист, оның екеуі америкалық, интернет-ресурстағы жаңа жобаның тәуелсіз факторын айқындаймыз деп, ақ тер-көк терге түсіп жатқан... Араларында өзім ерекше сыйлайтын Гүлім Әмірханова есімді әріптес қарындасым бар. Сол Гүлім бір күні орындығының арқа тұсына көздің жауын алдырып, ұзындығы бір жарым, ені бір құлаш шымқай қызыл түсті жалауды жайып тұрып, жалпылдатып іліп қойды. Кәдімгі көзге таныс кеңестік жалау. Тек айырмашылығы – оның орта тұсында сақал-мұрты күзелген, мойнына түскен дудар шашын басып киген береті бар жанның таныс суреті тұрды. Коменданте Че! Кубаның болашағы мен тәуелсіздік идеалы үшін өмірін қиған төңкерісші Эрнесто Че Гевараның бейнесі осылайша біздің бөлмеден орын алды. Кезінде атағы аспандаған бұл есімнің де, қызыл матадағы суреттің де бүгінгі таңда жай ғана «китчке» айналғанына қарамастан, Че десе ішкен асын жерге қоятын кәрі-жас әлемнің әр бұрышында әлі де бар болып шықты! Шынын айтсам, Гүлімнің арқа тұсына осынау қызыл жалау ілінгелі менен маза кетіп жүрген... Әдеттегідей ілтипат жасап, «креатив-бөлмеге» кірдім. Жүрдек ойлы бұл жас­тармен оқта-текте бас түйістіргеннің өзі бір ғанибет! Жедел жүздесу мен суыт сұхбат жаныңды нұрландырып жібереді. Жасыратын несі бар, сондай сәт­терден кейін кәсіби тұрғыдан бойыңа жаңа бір күш-қуат алғандай болып, тынысың кеңіп, демалып қаласың. – О-о, Гүлім... – дедім күлімдеп, – мынадай тамаша туды қайдан тапқансың? Сондағы Гүлімнің риза сезімдегі бал-бұл жанған жүзін көрсеңіз! –Демек, сен коменданте Чені пір тұтады екенсің ғой!? –Иә, аға!.. Ол – менің пірім, табынамын... Мінезі ашық Гүлім мол дене­сімен селкілдей күліп, қара­то­ры жүзі алаулай түсті. Ойын бүкпеді. – Ал сен оның пірі... яғни, Эрнесто Че Гевараның өмірдегі пірі кім болғанын білесің бе? Пауза. Кең даланы дүбірлетіп шапқан аттай тасырлатқан компьютер пернетақтасындағы толассыз дыбыс бір сәтке үзілді. Жұрт тынши қалды. – Фидель Кастро Рус шығар?! – Жоқ, Гүлім! Коменданте Ченің пірі – өзіміздің Бауыржан Момышұлы болған... Эрнесто Че Гевара Баукеңе табынған. – Қойыңызшы!.. – Сен айтып тұрған Куба көсе­мі Фиделіңіздің өзі де Баукеңе құр­метпен қараған ғой, – деп және қосып қойдым. БауыржанЖан-жағыңнан тасқындап келіп, селдей құйылып жататын бүгінгідей ақпараттың өзіне ас ішкендегідей диета сақтауға тура келетін бұл заманда, жұртқа таңсық дүние бар ма өзі. Біз Гүлім екеуміз қызықты диалогымызды аяқтап үлгергенше, бұрышта бұйығы ғана отырған аркаталық (Калифорния, АҚШ) студент-тәжірибе алмасушы Джой Смет баршаға арнап өте қызықты ақпа­раттың құлағын қылтитты. Әлем­дік интернет-ресурстағы «гугл.ком»-да Кубаның қоғамдық және саяси қайраткері, «Бостандық аралының» негізін қалаушы күрес­кер Фернанда Мартинес Эредиа: «Кубалықтардың көпшілігі марксизм-ленинизм ілімінен дәріс алу үшін, алдымен «Волоколам тасжолын» оқиды» деп тайға таңба басқандай етіп жазып кетіпті. Тағы-тағылар... «Волоколам тасжолының» бас кейіпкері Бауыржан Момышұлы! Дер кезінде, әрі дәл уақытында испан тілінен табан астында аударып ұсына қойған Джойға бұл жаңалығы мен тапқырлығы үшін алғысымды білдірдім. Студенттің әбжілдігі мені тіпті қанаттандырып жіберді. – 1963 жылғы Мәскеуге келген сапарындағы сұхбатында: «Сіз үшін Екінші дүниежүзілік соғыстың бас­ты қаһарманы кім?» деген сауалға Фидель Кастро Рус: «Александр Бектің «Волоколам тасжолының» кейіпкері – қазақ Момышұлы» деп жауап қайтарған, – деп әуелгі ойымды шегелеп қойдым. Бөлмедегілер жан-жақтан дауыс қосып, ортақ әңгімеге аралас­ты. Пікірталастың ең қызық жерін әріптестерімнің үлесіне қалдырып, қып-қызыл шоқтай матадағы коменданте Ченің Жер шарын жаулаған айбынды кескініне тағы бір сұқтана көз тастап, масаттанған көңілмен бөлмеме беттедім. Даңқты Бауыржан Момышұлы туралы азын-аулақ, көрген-білген, жиған-терген деректер санама сап етіп, сол бір сәт ұшқыр қиялдың жетегіне ілінгенімді өзім де сезбей қалған күйде едім!.. *  *  * Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің республикалық госпиталі.   «Журналиссіз ғой, сіздің бір қажетіңізге керек боп қалар... 24-бөлмеде соғысқа бастан-аяқ қатысқан Пепелев Александр Васильевич деген ардагер-полковник тұрады. Өткен аптада бір қызық оқиға болды...», – деген тіркеу бөліміндегі көзі қарақты медбикенің әңгімесінен ұққаным: осында емделіп жатқан бір ардагер кезінде Ирак президенті Саддам Хусейнмен дәмдес болып, оған, тіпті, қолұшын бергені туралы әңгімелейді. Жұрт оған күледі. Бәстеседі. Әлгі ардагер үйіне телефон шалып, қызына айтып бір сурет алдыртады... Кешкі астан кейін араға сүт пісірім уақыт салып, 24-бөлменің есігін қақтым... Жалғыз төсек-орындық кең бөл­менің бұрышындағы үстелде тор­шердің жарығымен ұзын бойлы, күмістей шашын әдемілеп артқа қайырған, бойын тік ұстаған, қалың көзілдірікті ақсары қарт «Доживем до понедельника» апталығын оқып отырды. КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті құпия барлау қызметінің ардагерімен тез тіл табыстық. Күтпеген едім. Сөзге келмей-ақ көлемі оқушы дәптерінің пара­ғындай үлкен суретті алдыма тастады. «Бұл рәсімді екінің біріне көрсете бермеймін. Осында қарттармен қатты дауластық. Алдырттым. Ұтылғандар 3 шөлмек коньяк қойды. Қаласаңыз, қалғаны бар... Суретті қызым қайта алып кетуі керек еді, немереме суық тиіп, үйден шыға алмай отыр. Жолыңыз болады екен...». Қарттың менің сауалыма ә дегеннен қамшы салдырмаған қылығына ішім жылып, алақанымды ысқылап, қуанып қалдым. Жасы 80-нің сеңгірінде. Өте сыпайы. Дереу суретке үңіл­дім... Әшекеймен көмкерілген үлкен үстелге екі шынтағын тіреп, президент Саддам Хусейн отыр. Ел басшысының ту сыртында ұзын бойлы төрт әскери адам түрегеп тұр. Шеткісі өз президентіне ұқсаған қалың мұртты араб екен. Мен төртеудің ортадағысын саусағыммен нұсқап: – Мына кісі маршал Язов емес пе? – дедім таңданысымды жасыра алмай. – Дәл өзі, танып тұрсыз... Мынау – мен. Ал мына жас генерал да біздің мемлекеттен барған әскери кеңесші, – деді қарт барлаушы. – Елді АҚШ әскері басып алмас­тан көп бұрын, осы тұрған бәріміз мемлекетіміздің тапсырмасы бойынша Ирак мемлекетінде әскери кеңесшілік қызмет атқардық. Хусейннің қолынан медаль да алғанбыз. Одан әрі әңгіме былай өрбіді. Менің көзімнің шырадай жанып, сөзіме шашалып, орнымнан сан тұрып, сан отырғаныма қарамастан, құпия қызметтің ардагер-барлаушысы көзіммен көріп, қолыммен ұстаған суреттің көшірмесін алуға, өз құлағыммен естіген, тіпті, бүкіл госпиталь куә болған оқиғаларды жіпке тізгендей етіп бейнекамераға, мейлі қалтамда жүрген диктофонға болсын, айтып беруден үзілді-кесілді бас тартты. «Мен КСРО МҚК құпия барлау қызметінің офицерімін, 18 жасымнан бастап қатысқан, яки араласқан барлық ықтимал соғыс аймағындағы бейбіт өмірдегі оқиғаны еңбек демалы­сына шыққаннан кейін тек 50 жылдан соң ғана жария етуге құқым бар. Солай ант бергенмін, құжатқа қол қойғанмын...». «Сіз еңбек демалысында жүрсіз ғой, Кеңес өкіметі жоқ, қазір заман өзгерді, демократия, жариялылық...», деп мен он сан мысалды тізіп, таяуда ғана «СМЕРШ» бөлімінде қызмет еткен құпия офицердің өмірбаяны туралы деректі фильмді көргенімізді де алға тарттым. Бірақ, қарт барлаушы илікпеді. Журналист үшін өзі тікелей куә болған оқиғаны айғақтап, ақиқатын оқырманына жеткізе алмаудан асқан ауыр азап та, жаза да жоқ шығар. Тілшілік тәжірибемде алғаш рет осындай оқиғаға тап келуім. Салым суға кетіп, жүнім жығылып қалды. Әккі агент, қарт барлаушы бәрін де ту сыртымен-ақ сезіп-біліп тұр. Атымды атап: «...тәртіп солай, сіз маған ренжімеңіз. Онан да кофе қайнағанша, 1945 жылғы мамырдың аяғында Геббельстің мүлкін қалай тәркілегенімізді айтып берейін», деп көңілімді аулай сөйлеп, орнынан тұрды. «Қызық емес, егер диктофонға айтсаңыз, тыңдауға болар еді», дедім бұр­тиған кейіппен. Пепелевтің отбасы 1941 жылғы соғыс басталардан екі жыл бұрын ғана Ресейдің Том аймағынан Семейге көшіп келген екен. Содан бері Қазақстанда. Түн жарымнан ауған кез. Кофеге қайта отырдық. Сонымен... өмірден көргені мен білгені бастан асатын бұ қартыңыз тыңдаушысын жалықтырмайтын тағы бір әңгіменің шетін шығарды. Оған құлақ түрмеу мүмкін емес еді... «Туған жерім Жамбыл дедіңіз бе, онда гвардия полковнигі Момышұлының жерлесі болдыңыз ғой». «Көрші ауылданбыз», дедім торсиып. «Сол ағаңыздың Кубаға барған сапарынан хабардар шығарсыз деп ойлаймын?». «Әрине, мектепте «Куба әсерлері» кітабын оқығанмын». «Е-е, сіздердің оқығандарыңыз оқиғаның бер жағы ғой...». Безимени-2 – Мен атқарып жүрген қызметіме орай Мәскеуден Га­ванаға аттанатын делегацияның құрамына енгізілдім, – деп бас­тады әңгімесін полковник. – Міндетім айқын... Бауыржан! Тәртіп солай. Оның үстіне сіздің ағаңыздың мінезді кісі екені екінің біріне мәлім. Кейін байқағаным, ол жайынан кубалықтар да хабардар болып шықты. «Сіздің ағаңыз» дегенінің менің жаныма жағып бара жатқанын жанарымның жарқылынан байқады ма, әйтеуір, майдангер-агент сөз арасында ол тіркесті арагідік қайталап отырудың жайын ұмытпады. – Бауыржанды кубалықтар тайлы-таяғы қалмай тік тұрып қарсы алды. Делегация құрамында Одақтың әр бұрышынан жиналған жазушы-ақын, өзге де мамандық иелері бар. Бірақ, Момышұлына деген жұрттың ықыласы бөлек. Елімізде Юрий Гагарин ғарыштан оралғанда осылай қошемет көрсетілген... Өзім де таң-тамаша жүрдім. Отанымыздың азаматына мұхиттың арғы жағындағы бүтін бір елдің бұлайша құрмет көрсетуі, құпия қызметте жүрміз десек те, біздің де кеудемізді мақтаныш сезіміне бөледі. Әсіресе, елдің Үкімет мүшелері мен барлық дәрежедегі әскерилерінің пейілінде шек жоқ. Не деген құдіретті жан еді?! Қонақ үйден бастап қай жерге бармасын, халық оның аяғын жерге тигізбеді. Газет-журналдар бірінші бетке суретін салып, бұрқыратып жазды. Тура осындай салтанатпен он күнді тәмамдап, елге қайтамыз дегенде ғой, қызықтың басталғаны. Кубалық әскерилер – елдің қорғаныс министрі Рауль Кастро Рус өзі бас болып, оның Фидельдің інісі деген аты бар ғой, Момышұлын өздерінің ұлттық батырындай қолпаштап, «Бостандық аралында» тағы да 20 күнге алып қалу туралы әңгіме көтерді. Жай айтылған сөз болар, дипломатиялық хаттама бұзылмауы тиіс деп оған алғашында мән бермегенбіз. Мәс­кеуді қорғаған батырдың Жо­ғары әскери академияда осы күнге дейін өткізілетін әйгілі екі сабағы бар емес пе, білетін шығарсыз? Қарт полковник менің жүзіме барлай қарап, жауабымды күтпес­тен әңгімесін ары қарай созды. – Ұмытпасам, біріншісі, жау қоршауында қалғанда – шығынсыз сытылып шығу, екіншісі – түнгі шабуылдың төтенше тактикасы... Иә, иә, ұмытпасам солай болу керек. Кубалық әскерилердің даңқты командир Бауыржан Момышұлынан сол тұрғыда дәріс алуға құштарлығын бір ауыз сөзбен жеткізе де алмаспын, сірә! Содан не керек, ақыр соңында әлгі дүмпу сөз ақиқатқа айналды. Сіздің ағаңызды кубалықтар кеңестік мемлекеттік ресми делегацияның құрамынан бөле-жарып алды да қалды. КСРО мен АҚШ арасындағы Кубаға байланысты 1962 жылғы қазандағы «Кариб дағдарысына» сол мезетте бір жыл толған. Әлемдегі сая­си жағдай орнықпай, ушығып тұрғанда «тікелей бақылауымдағы» адамды шет елде қалдырып мен делегациямен елге қайттым. Мәскеудегі комитеттегілер: «Бұл қалай?» деп ал қиғылық салсын. Басшылық маған сөгіс жариялады... Менің қолымнан не келеді?! Кубалықтардың Момышұлына деген сүйіспеншілігі солай болса, амал қанша? Александр Бектің Бауыржан Момышұлы туралы жазған «Волоколам тасжолын» Фидельдің өзі қалтасына салып жүріп оқиды дегенді сан рет естігенбіз. Онысы рас болды! Оның үстіне, кубалық көсемнің Хрущевпен атақты «дағдарыстан» кейін өте жақсы байланыста жүрген кезі. Демек, жоғары жақтағылар бұл оқиғадан хабардар болса керек еді. Кейін естігеніміз – Момышұлы: «Бәрібір 20 күн қала алмаймын, тағы он күн қоссаңыздар да жетеді, дәрісімді оқып та, тәжірибемді бөлісіп те үлгеремін», деп табандап тұрып алыпты, кубалықтар көніпті. Момышұлының өз басы еліміздің сыртқы құпия барлау қызметін қандай абыр-сабырға түсіргенінен хабарсыз еді. Сіздің батыр ағаңыздың сондай қызықтарына куә болғанмын... Бұл жолы құпия барлау қызметінің ардагерінен еш­қандай куәлікке жүретін деректеме сұрамадым. Өйткені, басқын­шылыққа қарсы қан кешкен Отан солдатының даңқты майдандасы – халық батыры Момышұлы туралы айтқан бұл әңгімесінде ақиқаттан аттамағанына имандай сендім. *  *  * Бауыржан Момышұлы 1963 жылы «Бостандық аралына» аяқ басқанда 53-те, Фидель – 37-де, Че Гевара – 35-те, Рауль 33 жаста екен... Дәріс тыңдап, соғыс тактикасына қанып, қанағаттанған кубалық әскерилер сол жолы Момышұлын Куба Революциялық Қарулы Күштерінің 53-ші дивизиясына құрметті командир етіп сайлайды. Өте зор құрмет! ...Тоқсанның төріне шыққан құпия қызметтің ерекше офицері, Ұлы Отан соғысының ардагері Пепелевтің үйіне телефон соқтым. Қызының мәлімдеуінше, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында ақсақал денсаулығын түзеп алу қамымен Мәскеуде жүр екен. ...Қазір Гүлім Әмірханова елі­міздегі беделді ақпарат агенттігінде қызмет істейді. Бүгінгі менің әңгімеме ілік болған қызыл жалаудағы коменданте Ченің суретін ол жерде де орындығының арқасына іліп қойыпты. Хабар­лассам, сөзге келмей: «Аға, менің пірім – Че, Ченің пірі – Момышұлы!..», дейді әдеттегіше ашық-жарқын мінезіне басып жайраңдап! Тәуелсіз жас ұрпақтың ұлттың рухын қайыспай көтерген аға буынға деген қалтқысыз құрметі мен қылаусыз адалдығы дегеніміздің өзі осы шығар!.. Талғат СҮЙІНБАЙ, журналист. АЛМАТЫ. Суреттер «Қаһарман Бауыржан Момышұлы» фотоальбомынан алынды.

Куба жеріндегі керемет күндердің көріністері

Безимени-3

Безимени-4

Безимени-6

Безимени-7