Денсаулық • 29 Мамыр, 2024

Гиподинамия – өзекті мәселе

273 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде әрбір бесінші оқушы қандай да бір аурумен ауырады, ал әрбір үшінші әскерге шақырылушы әскерде қызмет етуге жарамсыз. Бұл дерек Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде болған жиында айтылған еді. Жағаңды ұстайсың. Қазіргі ақпараттық-технологиялық, цифрлық технология дамыған кезде «Гиподинамия» термині өзекті мәселелердің біріне айналды.

Гиподинамия – өзекті мәселе

Фото: www.maxmassage.ru

Гиподинамия – аз қозғалу. Мектеп жасындағы балалардың бұған шалдығуы компьютер алдында көп отыру, гаджет, смартфонды ұзақ қолданудың кесірі. Оған қоса қазір балаларда  физикалық қозғалыс аз, ұйқыға да кеш жатады.  Аз қозғалу мен бір орында ұзақ отыру, тірек-қимыл аппаратының өзгеруіне, омыртқаның қисаюына, бүкірлікке, салмақ қосуға әкелетіні анық. Зерттеулерге сәйкес, егер қимыл-қозғалыс аз болса, бұлшықет әлсіреп, күш пен төзімділік төмендейді, ағзадағы зат алмасу үдерісі бұзылады. Ал гиподинамия жүрек-қантамырлары мен тыныс алу жүйесінің функциональдық қызметінің өзгеруіне әкеледі. Себебі тамырларда қанның қозғалысын реттейтін бұлшықет жеткілікті жұмыс істемей қалады. Гиподинамияның алдын алу жолы – дене шынықтыру. Таңертеңгілік жаттығу, өндірістік гимнастика, спортпен шұғылдану, физикалық еңбек жұмысы және таза ауада жүрудің көмегі көп.

«Біз бәріміз балаларымыздың дені сау, физикалық тұрғыдан жақсы дамығанын көргіміз келеді. Бірақ олар дене шынықтыру сабақтарынан босатылады, балалардың компьютерлік ойындарға деген қызығушылығын ата-аналық бақылау әлсірейді, мұның бәрі шамадан тыс оқу жүктемелерімен күшейеді. Нәтижесінде, бүгінде мектеп жасындағы балалардың кем дегенде 75% - ы гиподинамиядан зардап шегеді», деген еді бұрынғы Мәжіліс депутаты Гүлнара Иқсанова.

Дене шынықтыру сабағында спорт залда жүгіріп, жалпы дамыту жаттығуларын жасағанның өзі баланың денсаулығына өте пайдалы.Мұның  маңызын оқушы мен ата-ана түсіну керек. Мысалы, 5-сабаққа дейін партада отырған оқушы 6-сабақта спорттық форма әкелмей, сабаққа қатыспайды. Бұл жағдай кімге пайда, кімге зиян? Бұл – бақылауға алынатын мәселе. Дене шынықтыру пәніне «бағалауды» кері қайтару туралы Наталья Дрейттің көтеріп жүрген  ұсынысы қолдауға тұрарлық. Егер «бағалау» пәнге қайтарылып, баға қойылатын болса пәнінің пәндік мәртебесі де өседі. Оған қоса балалардың белсенді қатысуы жоғарылайды.

Осы мәселенің өзектілігін түсіну үшін, статистикаға назар аударайық. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, гиподинамия өлім-жітім себептері арасында төртінші орында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының(ДДҰ) мәліметтері бойынша, физикалық белсенділіктің болмауынан жыл сайын 3,2 миллион адам қайтыс болады екен. Бұл негізінен индустриалды дамыған елдердің халқына әбден қатысты. Ең қорқыныштысы, кейінгі 100 жылда адамдар 96 пайызға аз қозғала бастаған. Егер осылай жалғаса берсе, адамзат қозғалуды мүлдем тоқтатады деген сөз. Гиподинамия белгілері біртіндеп пайда болады. Оған тез шаршағыштық, өнімділіктің төмендеуі, ұйқының бұзылуы, себепсіз ашулану, бас аурулары, дене салмағының жоғарылауы, ентігу, арқа ауруы жатады. Гиподинамия тоқ ішек пен сүт безі қатерлі ісігі, екінші типті қант диабеті, жүректің ишемиялық ауруы, семіздік, гипертония, остеопороз, басқа аурулар сияқты жұқпалы емес созылмалы аурулардың дамуына әкеледі.

ДДҰ сарапшылары физикалық белсенділіктің азаюына «адамзаттың болашағына қауіп төндіретін жаңа эпидет» деген баға берген. Сол себепті де қозғалысты арттыруды мектеп жасынан бастап қолға алған маңызды. Физикалық белсенділікті арттыратын барлық амалды жасауымыз қажет. Бұл – елдің дамуы мен халықтың саулығына өте керек.

 

 

Талғат МҮСРЕПОВ,

№78 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының мұғалімі

 

Ақтөбе қаласы