Мемлекет басшысы әлемдік іргелі ақпарат құралындағы мақаласында қазіргі алмағайып кезеңде қалыптасқан халықаралық жағдайға қатысты көзқарасын білдірді.
«Жоғары геосаяси турбуленттілік пен үздіксіз қақтығыстар белең алған бүгінгі әлемде көпжақты шешімдер аса сұранысқа ие.
Климаттың өзгеруі сияқты жаһандық сын-қатерлер салдарынан миллиондаған адам аштық зардабын тартып, қорғаусыз қалып, бас сауғалап кетуге мәжбүр болған уақытта Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Африкадағы қарулы қақтығыстар жүздеген мың адамның өмірін қиып жатыр. Бұл жанжалдардың түйіні тарқамастай көрініп, оларды еңсеруден үміт үзіле бастады.
Жаһандық қайшылықтар жағдайында ірі державалар – әлемдік экономикалық және саяси алпауыт елдер үндесе әрекет ету қабілетінен барған сайын айырылып барады.
Украинадағы жанжал дипломатиялық тығырыққа әкелді. Газадағы жағдай ауқымды гуманитарлық апатқа айналды, ал Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы шиеленіс сындарлы өзара қарым-қатынасқа нұқсан келтіріп, текетірес қаупін туғызып тұр.
Соған қарамастан Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық консенсусқа ықпал етуге тиіс құрылымдар іс жүзінде шарасыз күйге түсіп, іс-әрекеті тұйықталып қалды.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің вето қою құқын пайдалануы көбінесе жаһандық дағдарыстарға қарсы күресте шешуші әрекеттер жасауға кедергі келтіретін үмітсіз жағдайларға және ұжымдық әрекеттерге емес, біржақты әрекеттерге артықшылық беретін сценарийлердің қайталануына әкеліп соғып отыр. Мұның өзі көпжақтылық рухын және халықаралық институттарға деген сенімді тіпті шайқалта түсті», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Қазақстан сияқты орта державалар өз төңірегінде және одан тысқары жерлерде тұрақтылықты нығайту, бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз етудің мүмкіндіктеріне ие негізгі ойыншыларға айналып келеді деп санайды Мемлекет басшысы.
«Рас, біздің қатарлы мемлекеттердің әлемдік үстем державалар сияқты жаһандық ықпалы жоқ. Бірақ бізде азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздіктен, «жасыл» және ақпараттық технологияларға көшуден бастап жеткізу тізбегінің тұрақтылығына дейінгі әртүрлі мәселелер бойынша әлемдік аренада елеулі ықпал етуге қажетті экономикалық қуат, әскери әлеует және одан да маңыздысы – саяси ерік пен дипломатиялық қабілет бар.
Біздің үстем державалар саясатының проблемаларымен қиындатылмаған икемділігіміз күрделі дипломатиялық жағдайларда дұрыс бағдар ұстанып, компромисс пен келісімге жол табуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса орта державалар мультилатерализм жүйесін сақтауды нық жақтайды. Бұл институттар өз бағытын жүзеге асыруда шектеу болуы мүмкін үстем державалардан айырмашылығымыз – біздің елдер дауларды шешу, аумақтық тұтастықты қорғау және климаттың өзгеруінен бастап пандемияға дейінгі ұжымдық мәселелерді шешу үшін осы маңызды жаһандық тетіктерге сүйенеді», деді ол.
Осы орайда Президент Қазақстанның көпжақты тәсілді бұлжытпай ұстанатындығын және халықаралық диалог пен бірлескен іс-қимылдар үшін жаңа алаңдарды ұдайы іздестіріп келе жатқанын атап айтты.
«Ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы дәйекті жұмыстан басқа біз қызметі жаһандық ауқымдағы қолдан жасалған пандемиялар мен биологиялық терроризмнің жойқын салдарларын болдырмауға бағытталатын Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды белсенді түрде қолдап отырмыз.
Франциямен бірге биылғы «One Water Summit» ұлықтау саммитінің тең төрағасы болу – біз үшін зор мәртебе. Бұл форумның мақсаты – су тапшылығы мен шөлейттену проблемаларына тап болған елдер мен қоғамдастықтарды біріктіру. Бұдан бөлек, біз өз елімізде климат өзгеруінің салдарына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік күш-жігерді басқаруға арналған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі жаңа Өңірлік орталығын орналастыруды ұсындық.
Сондай-ақ біз ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу жолдарын іздестіруде көмегімізді ұсынып отырмыз. Бұған Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келіссөздер жүргізуге қосқан үлесіміз мысал бола алады. Осындай ұмтылыс орта державалар диалогті жолға қойып, бейбітшілікті ілгерілете алатынына сенімімізді нығайтады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келесі жылы Хельсинки қорытынды актісінің қабылданғанына 50 жыл толады. Бұл белес – Қырғиқабақ соғыстан кейінгі кезеңде әлемдік державалар арасындағы келіспеушіліктердің қайталану қаупі туралы ойлануға жақсы мүмкіндік деп санайды Қазақстан басшысы.
«Бірақ, ең алдымен, бұл дата жаһандық бірлікке апаратын жол – тың бағыт емес екенін еске салады. Демек одан сәтті өтуге болады. Әлем бұдан бұрын да келіспеушіліктерді еңсерген және мұны дипломатия мен диалог арқылы тағы да жасай алады.
Мультилатерализм жүйесі елеулі қысымға ұшырап отырған кезде оған барлық елдің ірі, орта және кіші елдердің ортақ күш-жігерімен ғана жаңа тыныс сыйлауға болады.
Алайда ірі державалар көпжақты үдеріске сенімсіздік танытып, ал шағын елдер қажетті ықпалға ие болмай отырған жағдайда бұл үдерісті орта державалар басқаруы керек.
Қазақстан сияқты елдер алға шешуші қадам жасап, тек қатысушының ғана емес, сонымен қатар жауапты әлемдік ойыншының рөлін қабылдауға тиіс», дей келіп, Президент осы шешуші кезеңде халықаралық серіктестердің барлығын көпжақтылық рухын нығайту – осы уақытқа дейін айтарлықтай ілгерілеуге мүмкіндік берген жаһандық жүйені қайта жандандыру және инвестициялау ісіне бірге атсалысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін: «Біздің ұжымдық іс-әрекеттеріміз баршамыздың бүгінгі біршама бейбіт күнді ғана емес, көркейген және үйлесімді болашақты жақтайтынымызды көрсетуге тиіс. Алдымызда орасан зор міндет тұр, бірақ шешімталдық, көшбасшылық және диалогті табанды жақтаудың арқасында біз бүгінгі сын-қатерлерді ертеңгі жетістіктерге айналдыра аламыз. Мультилатерализм қағидаттарымен жаңару дәуіріне дәл біз жол ашуға тиіспіз», деп түйіндеді.