Құқық • 31 Мамыр, 2024

Қылмысқа тұсау салатын жобалар

108 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қызылорда облыстық прокуратурасы қылмыстық құқықбұзушылық профилактикасына ерекше назар аударып, жергілікті құқық қорғау және атқарушы органдар жұмысын тиісті дәрежеде үйлестірудің нәтижесінде аймақта қоғамдық-саяси ахуал тұрақталып, қылмыс деңгейі төмендеп келеді.

Қылмысқа тұсау салатын жобалар

Сала бастамасымен қыл­­мыс­тың алдын алу ба­ғытында прокуратура, полиция және пробация қызметкерлерінен құралған арнайы топтар құрылып, қыл­мыс­қа бейім тұлғалардың тәуе­кел тобы анықталды, олармен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде денсау­лық­қа қасақана ауыр зиян келтіру 20, тонау 6, қарақшылық 100, ұрлық 25, мал ұрлығы 14, есірткі қылмыстары 7 пайыз төмендеді.

Облыс прокуроры Ризабек Ожаров мәлім еткендей, тиісті орган өкілдерінің қатысуы­мен азаптауды болдырмау бағы­тында кеңейтілген форум ұйым­дастырылды. Азаптауды болдыр­мау және азаматтардың кон­ституциялық құқын сақтау мақ­са­тында барлық қылмыстық қудалау орган­да­рына бейнебақылау камералары қо­йыл­ды. Сонымен қатар облыс орта­лы­ғында прокуратураның бастамасымен «Тергеушілер слеті» өткізіліп, оған тергеу және анықтау саласының жас мамандары, сот, адвокатура, кәсіби сарапшылар, күштік құрылым басшылары, сала ар­дагерлері мен ғалымдар қатысты.

«Жиында қылмыстық іс жүргізу мен сот тергеуі кезіндегі кейбір кемшілік сөз болды. Тергеу саласының мамандары мен ардагерлері озық тәжірибелері­мен бөлісті, жас буынға ақыл-кеңесте­рін айтты. Қызылорда облыстық полиция департаментінің арнайы жаттығу ала­ңында білікті тергеушілер жас маман­дарға кісі өлтіру, пәтер ұрлығы және жол көлік оқиғасы қылмыстары бойынша оқиға орнын қарап, тексеруден шебер­лік сабақтарын өткізді», дейді Ризабек Кәрімұлы.

Қылмыстық атқару жүйесі депар­та­ментіне қарасты 3 мекеме бейнебақы­лау камераларымен толық қамтылған. Жергілікті бюджеттен ұялы байланыс­ты бұғаттау құралдарына 200 млн теңге бөлініп, оған алынған құрылғы ақша қаражаттарының онлайн-транзакциясын бұғаттауда оң нәтиже көрсетті.

Биыл прокуратура 123 мың аза­мат­­тың құқын қорғап, 560 млн тең­ге­ден астам қаржының мемлекет пай­дасына өндірілуіне қол жеткізді. Об­лыс тұрғындарын ауызсумен қамта­ма­сыз ететін «Арал» салынып жатқан кәсіп­орындар бірлескен дирекциясы филиа­лының былтыр тарифтік сметаны 460 млн теңгеге орындамағаны бел­гілі болды. Енді мекеме осы соманы тұтынушыларға қайтару үшін тарифті түсіруі керек. Прокуратураның уәкі­летті органға енгізген ұсынысына орай филиалға 6 млн теңге айыппұл салынып, алдағы уақытта тариф 30 теңгеге төмендейтін болды.

«Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының да ұзақ жыл бойы қор­ша­ған ортаға эмиссия төлемақысын тө­ле­мей келгені анықталды.  Про­куратура енгізген қадағалау актісімен мекемеден бюджетке 357 млн теңге өндірілді. Жер саласындағы бұзу­шы­лықтарға байланысты 5 ұсыныс енгі­зіліп, 9 адам тәртіптік жауапкершілікке тар­тылды. Кадастр­лық құны 23 млн теңге болатын 21 жер учас­кесі мемлекетке қайтарылды.

Кәсіпкерлікті қорғау саласында да прокуратураның «Атамекен» кәсіпкер­лер палатасы, бизнес саласы өкілдері­мен диалог орнатуы көптеген заңсыздық­ты болдырмауға сеп болып отыр. Осы­ның арқасында жалпы құны 725 млрд тең­ге болатын 10 инвестжоба бойынша кедер­гі мен бұзушылық жойылды. Өңірдегі ­2300-ден астам кәсіпкердің құқы қорғалып, 17 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

Тексеру кезінде тиісті органдардың «Сырдария ауданындағы сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыт» жобасы аясында 3 гектар жер учаскесін табыстаудың мерзімін кемітіп белгілеп, инвестордың құқығын шектегені анықталды. Облыс орталығында жылу орталығын салып жатқан «Акса энерджи» компаниясы да тиісті жер аумағын ала алмаған. «Шалқия цинк» кәсіпорнына профилактикалық бақылау жасағандар Кәсіпкерлік кодексі талаптарына қарама-қайшы келетін әрекетке барып, кәсіпкерге 112 млн теңге айыппұл арқалататын 19 хаттаманы негізсіз толтырған. Жаңақорған ауданындағы «Томат пастасы өндірісі» жобасы бойынша жер учаскесін табыстауда жердің санаты көрсетілмей, инвесторға негізсіз шығындар төлеу міндеттелген. Прокуратура ұсынысымен инвесторларға қатысты барлық шешім заңға сәйкестендірілді.

«Мемлекет басшысы аймақтарда инвестжобаларды іске асыруға ниетті кәсіпкерлер алдында кедергі көп болатынын баса айтты. Сондықтан да бизнесті қорғау, оның жүйелі проблемаларын анықтауға арналған жұмысымыз жалғаса береді. Бұл ретте аудандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесулер өткіздік. Осы бағыттағы мобильдік топ ұдайы жұмыс істейді», дейді облыс прокуроры.

Жуырда облыс әкімдігі мен прокуратура бірлесіп өткізген кеңейтілген отырыста кәмелетке толмағандар ара­сын­дағы құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың жазғы демалыс ке­зіндегі қауіпсіздігі қаралды. Облыста бала­лардың қатысуымен жасалған ауыр қылмыстар, топтық төбелестер, басқа да құқықбұзушылықтар тыйылмай тұрға­ны рас. Жиында осындай олқылықты болдырмас үшін ата-ана жауапкерші­лі­гін күшейтуге аса мән беру қажеттігі айтылды. Бұл бағытта полиция инс­пекторлары да жұмысын ширатқан жөн. Олардың есепке алынған балалармен тиісті профилактикалық жұмыстарды өз дәрежесінде жүргізбеуі былай тұр­сын, тәрбиелеу міндеттерін орындама­ған ата-аналарды профилактикалық есеп­ке алмағаны да анықталған. Оның соңы басқа да қылмыстарға, отбасындағы тұр­­мыстық зорлық-зомбылықтарға соқ­тырып отыр. Жақында ғана Шиелі ауданында болған балалар арасындағы қақтығыстан бір жасөспірім қайтыс бол­ды. Қазір осы іс бойынша сараптама та­ға­йындалып, тергеу басталып кетті. Облыс про­курорының айтуынша, мұндай істер оның жеке бақылауында
болады.

Прокурорлардың ұйымдастыруы­мен ақсақалдардың, жергілікті атқарушы орган, қоғамдық бірлестіктер, үкі­мет­тік емес ұйымдар өкілдерінің қа­ты­­суымен өткен кеңейтілген отырыс­та Ардагерлер және Әйелдер кеңе­сі­мен өзара ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойылды. Оның аясында отбасында жүйелі түрде жанжал шығаратын 336 адамның тізімі жа­салып, әрқайсысымен жеке-жеке про­фи­лактикалық жұмыс жүргізіліп, құ­қық­тық, психологиялық, әлеуметтік, меди­циналық көмектер көрсетіліп жатыр.

Аймақта берекесін сақтап, өзгелерге үлгі болып отырған елді мекендер де аз емес. Мысалы, кейінгі 2 жылда өңірдегі 144 ауылдық округтің 49-ында ешқандай қылмыс тіркелмеген. Осылардың арасын­дағы 18 ауылдың дүкендері арақ-шарап сатудан бас тартыпты. Бұл да оқыс іске ойланбай барып, опық жеп қалатындардың қатары азаюына сеп.

Осы себептен де прокуратура «Қы­лмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі» қа­натқақты жобасын іске қосып, бастама жергілікті  ақсақалдар, әкім­дік, полиция, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер тарапынан қолдау тапты.

 

ҚЫЗЫЛОРДА