Полицейлер де кез келген көлікті тоқтата бермейді ғой, мынаның жолдың бойында қатты жылдамдықпен бұралаңдап келе жатқанын көрген соң, тоқтатпақ болған. Есер жүргізуші тоқтаудың орнына жылдамдығын одан әрі үдетіп, қалаға қарай зымырай береді. Патрульдік экипаждағылар оның қылығын қала маңындағы әріптестеріне хабарлап, қуғынға бірнеше машинаның қатысуына тура келеді. Қалаға кіріп алған соң, қашқын жылдамдығын ірікпей, бұрылыстардың біріне кіріп, жасырынып қалуға тырысқан. Алайда дабылдарын сарнатқан полицейлер оны Партизан мен Жұмабаев көшелерінің қиылысында екі жақтан келіп тоқтатып, біреуді соғып немесе өзінің арандап қалуынан құтқарды. Күткендегідей ол ішімдік татып алған болып шықты. Енді ол жылдамдықты асырғанына және ішімдік татып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
«Осындайлардың кесірінен осы жылдың 4 айында екі рет жол-көлік оқиғасы орын алды. Соның салдарынан 8 адам зардап шекті», дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Александр Розбах.
Жас емес, жасамыс адамдардың өзі де мас болып, өзіне де, өзгеге де қауіпті екенін біле тұра рөлге отыратын фактілер де кездеседі. Мысалы, Қызылжар ауданының 62 жастағы тұрғыны өзінің «ВАЗ-2106» автокөлігімен «Челябі – Новосібір» тасжолының бойында келе жатқанда жол тәртібі сақшыларының көзіне түседі. «Тоқта» деген белгіні бұл да елемей, жылдамдығын үдетіп, алға тарта береді. Соңына түскен патрульдік экипажды адастырмақ болып, бір кезде трассаға қосылатын жай жолға бұрылып кетеді. Ол жолдың бойын жуырда су жырып, арық болып қалған екен. Алайда жүргізуші тақтай тасталған тар жолақтан аман өтіп кетеді. Жай жолға түскен соң, мені қумайды десе керек, жүрісін әрі қарай үдетіп, жақын ауылдардың біріне тартады. Алайда жол сақшылары оған жетіп алып, күшпен тоқтатуға мәжбүр болады. Сөйтсе... жүргізуші удай мас болып шығады. Тіпті көліктен де өз аяғымен түсе алмайды. Мұндай адамның қылмыскер екені сөзсіз: ол не өзін, не біреуді арандатады.
Аудандық ПБ бастығы, полиция полковнигі Петр Климовтың айтуына қарағанда, қазір ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Өзі бұрын жүргізуші куәлігінен де айырылған екен, қазір көліктің руліне отыруға құқы жоқ. Бірақ соған қарамай даңғыл жолдың бойында емін-еркін жүре берген.
Жүргізуші жол ережесін бұзбай, ешқандай көлікке де, жүргіншіге де қауіп төндірмей жүре берсе, ондайды полиция ұстамайды. Мысалы, «Volkswagen» көлігі бар 37 жастағы Петропавл тұрғыны бірнеше жылдан бері жүргізуші куәлігінсіз жүріп келген. Алайда «шөлмек күнде сынбайды, бір-ақ сынады» дегендей, ол бірде бағдаршамның қызыл жарығына жүріп кеткенде тоқтатылып, куәлігі талап етілгенде, өзі осылай мақтаныпты. Осындай да пәруайсыз жүргізушілер қала көшелерінде болып тұрады. Оның көлігі автотұраққа қойылып, өзі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Биыл 10 мамырдан бастап өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Әзірге жылдамдықты асырудың 184, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 12 фактісі анықталды, сондай-ақ 18 мас жүргізуші ұсталды. Бұдан бөлек, электрлі самокаттарды жүргізушілер де басты назарда. Олар жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтерде самокаттан түспейді, артына біреуді мінгізіп те алады. Ал тәртіп бойынша өткелдерден өткенде электрлі самокаттарды рульден ұстап, жаяу өту қажет, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды. Тротуарлармен жүргенде жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей, жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмай жүруге ғана рұқсат етіледі. Бірақ ондайды елеп жатқандар сирек. Жалпы, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының алғашқы күндерінде облыс полицейлері 1400-ден аса түрлі бұзушылықты анықтады.
Солтүстік Қазақстан облысы